Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2023

Тәртіп сақшыларына – жаңа көлік

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарлық тәртіп сақшыларына облыс әкімі жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін тапсырды.

Тәртіп сақшыларына – жаңа көлік

Павлодар қаласында «П­о­ли­цияның қазақстандық сер­вистік моделі» қанатқақты жобасы іске қосылған. Жоба аясында полиция жұмысына проблемалық-бағдарлау тәсілі енгізіліп, халыққа сервистік қызмет көрсетуді жақсарту бо­йын­ша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар басқа мемлекеттік органдармен, үкі­меттік емес ұйымдармен әріп­тестікті нығайту жолға қойылуда.

Осы бағытта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сапалы сервистік қызмет көрсету үшін облыс әкімі Асайын Бай­ханов полицейлерге Chevrolet «Nexia» маркалы 20 қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті. Бұл көліктер учаскелік полиция инспекторларына және патрульдік полиция батальоны мен ротасының инспекторларына берілетін болады. Өйткені учаскелік полиция инспекторы көбіне халықпен тығыз қарым-қатынас жасайды. Өз әкімшілік учаскесі аумағында бір өзі көп­теген істі атқарады, мәселен, отбасылық қиыншылықтарды, көршілер арасындағы жанжал­дарды шешеді, сенімсіз азамат­тардың есебін жүргізеді, көше абаттандырылуын бұзылу фак­тілерінің жолын кеседі.

Ал батальон инспекторлары тәулік бойы аулалар мен кө­шелерді патрульдеуді қамтамасыз етеді, «102» опе­раторының пультіне келіп түсетін шақыртуларға шығады. Бұл қызметтерді автокөлікпен жабдықтау азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға септігін тигізбек.

– Кез келген қиын сәтте халық сіздерге жүгінеді, өйткені олар сіздерді әділеттіліктің тірегі ретінде көреді. Алдағы уақытта да Павлодар полициясы облыс тұрғындарының құқықтарын лайықты қорғайтынына, ал жаңа қызметтік автокөліктер қоғамдық тәртіпті одан әрі нығайтуға және қылмысқа қарсы күресті кү­шей­туге қызмет ететініне сенім­дімін, – дейді өңір басшысы.

Полиция департаменті бас­тығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров облыс басшылығына ішкі істер органдарының мәселелеріне үнемі назар аударып, жәрдем беріп отыратыны үшін ал­ғысын білдірді. «Бүгінгі таңда полицияның барлық учас­келік пункті «Полицияның қазақ­стандық сервистік моделі» қа­натқақты жобасы аясында жаңа форматта жұмыс істеп жа­тыр. Қазір олар күшейтілген, учаскелік инспекторлар жеке мекенжайларға бекітілмеген, бірақ әкімшілік учаскенің бүкіл аумағына қызмет көрсетеді. Қызметкерлеріміздің жаңа көліктермен қамтамасыз етілуі құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамта­масыз етуге өз ықпалы тигізеді деп сенемін», деді ол.