Ал енді балалықтың бау-бақшасынан даналықтың дариясы деңгейіне көтерілген Көпейдің Жүсібі 1858 жылы Семей облысы Баянауыл сыртқы округі аумағындағы Баянауыл мен Қызылтау тауларының арасында орналасқан Ашамай тасы деген жерде дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Адамжүсіп. Қаршадайынан (9 жас) қисса-дастандарды жатқа айтып, ел көзіне түскен баланы бірде аға сұлтан Мұса Шорманов шақырады. Алқалы жиында тарихтың тамырынан тартып, талай жыр-дастанды төгілте орындаған балаға риза болған ел ағасы: «Өз заманында халқына мәшһүр болатын бала екен», деп есіміне «Мәшһүр» атын қосыпты. Асылында, «мәшһүр» сөзі араб тілінде «танымал» дегенді білдіреді. Айтқанындай-ақ, жақын жұртынан төрткүл дүниеге дейін танылады.
1861 жылдың қысы қатты болыпты. Жұт жеті ағайынды демекші, аштық та бала Жүсіптің отбасын айналып өтпейді. Жертөледегі жемінен қорадағы малына дейін айырылады. Сонда жеткіншек Жүсіптің көреген әкесі: «Адамға мал жолдас болмас, ғылым жолдас» деген шешімге келіп, баласын оқытуға бел буады. Содан бес жылдай (1863-1868) Баянауыл медресесінде өңірге танымал Нәжімеддин (Қамаратдин) молдадан білім алады. Болашағынан зор үміт күттіретін бала өте ыждағаттылықпен оқып, көп ұзамай ерекше табиғи ақыл-ойының, табандылығының, тәртіптілігінің арқасында медреседегі барлық молданың назарын өзіне аударады. Зейіні мықты, зерек Жүсіп өзінен үлкен балаларды да басып озады.
Жылдар жылжып, бала Жүсіп дана Жүсіптің алғашқы баспалдағын аттайды. Мәшһүр-Жүсіп 1872–1874 жылдар аралығында Бұхарадағы Көкілташ медресесінде оқып, араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп шығады. Ол Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули және басқа да Шығыс әдебиеті өкілдерінің шығармаларын түпнұсқадан еркін оқи алатын деңгейге көтеріледі.
Мәшһүр-Жүсіп жас кезінен-ақ халық ағарту ісі мен ғылым саласына ден қоя бастайды. Туған жері Қызылтауда жерлестерінің балаларына арабша тіл сындыртып, дәріс беріп, олардың білім мен ғылымға деген құштарлығын арттырып, қолөнер, егіншілік, сауда, мал шаруашылығымен білек түре шұғылдануға шақырды. Заманының заңғары Мәшһүр-Жүсіп «Білім алып, өмірлік қажетті іскерлік пен дағдыларды меңгеру – ұлттық ояну мен өркендеудің бірден-бір жолы» деп білді.
Рухани қайраткер Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы Алаштың озық ойлы зиялыларымен тығыз байланыста болды. Қазақтың қара нары, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлымен де дәм-тұздас болған.
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының басым көпшілігі адалдық пен адамдық туралы толғамды ойға толы. Жазбалары жақсылықтың жаршысындай еді. Жастарды білімді әрі саусағынан бал тамған өнерпаз болуға да үндеді. Оның мысалдары мен өлеңдерінде халқына деген терең сүйіспеншілігі, оқу-ағарту ісін дамытып, әлеуметтік әл-ауқатқа жетуге деген уайымы аңғарылады. Мәшһүр-Жүсіп философия, медицина, астрономия, геология, география, этнография, фольклор, тіл білімі, педагогика, дінтану саласында зерттеулер жүргізіп, дала мәдениеті туралы терең дәлелді пікірлерін ұрпағына мұра етіп қалдырды.
Ғалым әрі ақын туған елінің тарихы мен мәдени мұрасын түгендеуді өзінің өмірлік мұраты деп білді. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтауды жастайынан бастады. 1865 жылы «Ер Олжабай батыр» дастанын жазып алды, бұған ұстазы Қамар хазіреттің ықпалы мен көмегі зор еді. Ол жасөспірім кезінен Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай батыр және басқа да көптеген атақты тарихи тұлға туралы деректерді қағазға түсірген.
Саналы ғұмыры білім мен ғылым кеңістігіндегі өзіндей сайыпқырандармен аралас-құралас, ой пікірлес болып өтті. Соның бірі – белгілі шығыстанушы-түрколог В.В.Радлов еді. Орыс ғалымы қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы ретінде Көпейұлының өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етті. В.В.Радлов ауыл-ауылды аралап, XVIII-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларын, айтыстар мен жыр-дастандарды, аңыз-әңгімелерді қағаз бетіне түсірді.
Мәшһүр-Жүсіп сонау Омбыдан Павлодар, Семей, Петропавл, Атбасар, Ақмола жерінде орналасқан көптеген ауылды, Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағындағы елді мекендерді аралады. Ол осындай сапарларында атақты тұлғалар: хан Кененің ұрпақтарымен, Мейрам қажы Жанайдарұлымен, сондай-ақ Ақан сері, Саққұлақ бимен де кездесті. Ақынның шығармалары кейінгі ғалым-фольклортанушылар, тарихшылар мен әдебиеттанушылардың зерттеуіне жол ашты.
1889-1891 жылдар аралығында Кіші жүздің жерін аралап, Жәңгір сұлтанмен, батыр Науша Қаржауұлының шөбересі Қадырмен де кездеседі. Сол сапарында Жәңгір хан, Исатай, Шернияз, тама руынан шыққан Сарыбас мерген туралы деректерді жазып алады. Кіші жүздің таңба, ұран, әпсаналары туралы мәліметтерді жинап, талдайды.
Мәшһүр-Жүсіптің көне ауыз әдебиеті жырларын шашау шығармай жинағанының арқасында кейінгі ұрпаққа баға жетпес тарихи аңыздар, этнографиялық материалдар мен хан-сұлтандар, жыраулар мен билердің, батырлар мен қожалардың егжей-тегжей шежіресі жетті. Шығармаларының барлығында дерлік адам мен табиғаттың өзара байланысы және үйлесімділігін сипаттап, «қайырымды іс сауапқа кенелтеді» деген тұжырыммен тәмамдайды.
Көрнекті ағартушы ортағасырлық тарихи деректердің түпнұсқаларын терең зерттеп, Қазақ хандығының құрылу уақыты мен хан, сұлтандар шежірелерінің бірнеше нұсқасын жазып кеткен. Мысалы, Мәшһүр жинастырған әдеби-тарихи мұраларда есімі жиі айтылатын тұлға – Абылай хан. Мәшһүр-Жүсіп Абылай ханның ата тегі, өскен ортасы, биліктегі саяси қызметі, оның хандық құрған кезеңі туралы деректер арқылы өз заманының ең көрнекті де беделді билеушісі болғанын жазады.
Мәшһүр-Жүсіп жазба мұрасының ерекшелігі – тарихи деректерге, сондай-ақ көптеген билеушінің (Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, т.б.) өміріндегі оқиғаларды егжей-тегжей сипаттап баяндауы. Мысалы, оның жазуынша Тәукенің шешесі – қалмақтың хошоут тайпасының билеушісі Күнделең тайшының қызы. Жәңгір өлгеннен кейін Тәуке жас болғандықтан қазақ хандығын сұлтандар биледі. Мәшһүр-Жүсіп Тәукенің кемеңгер, зерделі билеуші болғанын жазады. Ол, әсіресе, Абылай хан мен Кенесары хан сынды тұлғаларға терең тоқталған. Сондай-ақ ол жинаған шығармалардың едәуір бөлігі Қазыбек би, Байдалы би, Едіге би, Бөлтірік би, Тайкелтір би, т.б. билер мен жырауларға арналған.
Фольклоршы Шыңғыс хан, Жошы хан, Шейбани хан, Хулагу, т.б. тұлғаларды да терең зерттеген десек те болады. Мысалы, қазақ халқының үш жүзге бөліну уақытына қатысты көзқарастары ерекше қызығушылық тудырады. Оның пайда болуын Майқы бидің дәуірімен байланыстырады.
Бұқар жырау, Көтеш Райымбекұлы, Жанақ Сағындықұлы, Шернияз Жарылқасұлы, Орынбай Бертағылұлы, Мәделі Жүсіпқожаұлы, Шортанбай Қанайұлы, Күдеріқожа Көшекұлы, Ақмолла Мұхамедиярұлы, Біржан Қожағұлұлы, Базар Оңдасұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Абай Құнанбайұлы, т.б. қоғам қаймақтарының туындылары Мәшһүр-Жүсіптің хатқа түсіруінің арқасында бүгінге жетті.
Жоғарыда аталған ерекшеліктерімен қоса, Мәшһүр-Жүсіп тамаша өлкетанушы болған. Атап айтқанда, хан Абылайдың жақын серігі, кеңесшісі Бұқар Қалқаманұлының жерленген орнын анықтаған да осы – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.
Ол шығармаларында, атап айтқанда, «Сарыарқаның кімдікі екендігі» деген туындысында Сарыарқа жерінің жоңғарларға қарсы қан төккен қазақ халқына тиесілі екендігіне тоқталып:
«...Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп ие болған жоқ. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаумен алысып, жатпен соғысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сарбаздарды жау жолында оққа ұшырып алынған жер еді. Мен олардың не үшін құрбан болғандарын мәңгі есте сақтау үшін осы қиын жылдарды ұмытпаймын. Олар осы жер-суды болашақ ұрпаққа қалдыру үшін жан пида болды», деп түйіндейді.
Ұлы ойшыл Наурыз мерекесін тойлауға ерекше тоқталып, қазақ халқы бұл мерекені 2500 жылға жуық, айта кетсек, ислам діні тарағанға дейін де тойлағанын атап өтті.
Ақын әрі философ Мәшһүр-Жүсіп мақалалары 1880–1895 жылдары «Дала уәлаяты» газетінің» беттерінде, 1887 жылы Ташкент басылымдарында жариялана бастады. 1911–1912 жылы жеке фольклорлық шығармалары да «Айқап» журналына шықты. Ол тек әлеуметтік, экономикалық мәселелерді ғана емес, ұлттық тарих мәселелерін де қозғады.
Шығыс тілдерін жетік меңгерген Мәшһүр-Жүсіп араб, парсы поэзиясына терең үңіледі. Шығыстық сарынға сүйене отырып, «Гүлшат-Шеризат», «Ғибратнама», т.б. дастандарын жазды. «Исабек ишан», «Мұса Шорманұлы» атты жоқтау өлеңдері де белгілі.
Данышпан ақын поэзиясының көп бөлігін діни тақырыптарға арнады. Мысалы: «Сүлеймен мен Ібіліс», «Ықылас сүресі», «Мешіт зары», «Жеті тозақ баяны», «Пайғамбардың хадис сөзі», т.б. өшпес мұраларын қалдырды.
1919 жылы «Трудовая Сибирь» журналында Алаш зиялыларының жас буыны, көрнекті қайраткер С.Сәдуақасұлы «Киргизская литература» атты мақала жариялап, Мәшһүрдің қазақ жазба әдебиетін құрудағы маңызды рөлін атап көрсетеді. 1930-1940 жылдары оның мұрасын зерттеу басталды. Бірақ тоталитарлық жүйе бұл жұмысқа тыйым салды.
Ақынның әйгілі «Шайтанның саудасы» дастаны 1946 жылға дейін республиканың жалпы білім беретін орта мектептерінің 8-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының хрестоматиясына 4 рет өңделіп енгізілген болатын.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті қоғамдық-саяси қызметке белсене араласты, патша үкіметінің отарлау саясатына қарсылығын да ашық білдірді. 1893 жылы өлкеде патша режіміне қарсы бағытталған өлеңдері мен мақалаларын жариялады. Сөйтіп, 1905 жылы 9 қаңтарда Ресейде болған қанды жексенбі оқиғасы дала қайраткерін бейжай қалдырған жоқ. Патша үкіметінің озбырлығы мен шектен шығуына қарсы қара халық күресін жақтаушы болды. Ақын Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударған шаруалардың пайдасына ең құнарлы жерлерді жаппай басып алу үдерісі басталғанда жайбарақат отыра алмады. 1907 жылы Қазан қаласында «Тіршілікте көп жасағаннан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал» атты үш кітабы жарық көрді. «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабында автор тарихи деректерді пайдалана отырып, даланың, шын мәнінде, оның нағыз автохтонды иелері – қазақтар екенін дәлелдеген. Осыдан соң билік кітаптың таралымын түгел тәркілеп, ақынның өзін саяси сенімсіз адамдар қатарына қосады. Оның басқа да еңбектерінде жалпы білімге, сөз бостандығына қол жеткізу мәселелері көтерілді. Патшалық цензура оның шығармаларын «қауіпті» деп танып, автор саяси қуғын-сүргінге ұшырады да, шұрайлы Баянауыл жерін тастап, туған өлкесінен тысқары кетті. Мәшһүр-Жүсіп 1916 жылғы патша жарлығын қолдамады. Ол жазалаушы жасақтардың қолынан қыруар адам шығыны болатынын күні бұрын білген еді. Ақынның баласы Әмен тыл жұмысына кетеді. Қазан төңкерісі мен кеңес өкіметінің орнауына да көңілі тола қоймады. Алашорда үкіметі озбырлықпен талқандалып, кеңес өкіметінің ашық қылмысынан кейін большевиктерге сенімі жоғалды.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы діндар адам болған. Дегенмен шығармаларында жартылай сауатты молдалардың екіжүзділігін ымырасыз әшкереледі. Халық оны әулие, көріпкел санады. Ол өзінің өлімін болжап, көзі тірісінде-ақ асын бергізіп, болашақ жерленетін орнына өзіне арнап шағын кесене тұрғызған.
Ол бірқатар өлеңдерін Мекке мен Мединеге қажылыққа барған белгілі абыздарға арнаған («Шонтыбай қажы», «Жантемір қажы»). Шығармасында адал қызмет етіп жүрген дін қайраткерлеріне құрмет көрсетеді. Діни тақырыптарда да әулиелердің өмірі, тарихи тұлғалар («Асан қайғы»), пайғамбарлар («Сүлеймен мен құмырсқа», «Нұх пайғамбар мен кемпір»), т.б. туралы көп дерек жинады.
Көптеген зиярат етушілер мен жерлестері ғұлама әулиемен сөйлесуге тырысып қана қоймай, балаларына азан шақырып ат қоюды да жиі өтініп сұрайтын. Мәселен, атақты академик Шапық Шөкинге есім берген – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Оның жарлы-жақыбайларға мал үлестіріп берген кездері де жетерлік.
Ұлы ақын Абай Мәшһүр-Жүсіпті қадірлеген. Бірде Тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр-Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табалдырықты аттап үйге кіре бергенде Абай тосын сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң айтшы кәне: «Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?» депті. Сонда Мәшһүр-Жүсіп кідірместен: «Абайдың Құдайының қайда екенін білмедім. Менің Құдайым жүрегімде!» деген екен. Абай есті сөзді естігеніне риза болған шырай танытып: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» деп, қолын алып, төрін ұсыныпты. Абайдың ұлы Әбдірахман Мәшһүр-Жүсіптің терең біліміне тәнті болып: «Білмейтіні жоқ!» деп жігерлене айтқан екен.
Ұзақ уақыт бойы ғұламаның бай мұрасы, оның ішінде поэзиясы мүлдем ұмыт болды. Коммунистердің пікірінше, «оның еңбектері атеистік идеологияға қайшы».
Сонау 1920 жылдың күзінде Мәшһүр Сарыбұлақ аймағына келіп, балаларымен бірге қыстақ салуға кіріседі. Ғұламаның өзі бұл аймаққа «Иесі келді» деген жаңа атау берді. Кейін бұл аймақ Ескелді деп атала бастады. 1927 жылдан 1931 жылға дейін, яғни қайтыс болғанға дейін осы қыстақта тұрады. М-Ж. Көпейұлы 1931 жылы 27 қарашада дүниеден өтті. Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ескелді ауылында жерленген. Артында үш ұл, бір қызы қалды. Үлкен ұлы Шәрәпи де дарынды ақын болған. Әмен парсы, араб, орыс тілдерін білген. Кенже ұлы Фазыл өз ауылында шағын мектеп ашып, мұғалім болды.
Мәшһүр-Жүсіпті ұрпақтары да, жерлестері де ұмытқан жоқ. Туған ауылында республикадағы жалғыз мұражай ашылып, оның жеке заттары, кітаптары, тұрмыстық бұйымдары жинақталған. Павлодарда «Мәшһүр Жүсіп оқулары» атты республикалық конференция тұрақты өткізіліп тұрады. Павлодар қаласында салынған Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт Мәшһүр-Жүсіп атында.
Діндар ақынның туған жері Ескелді ауылында зиярат ететін орынға айналған зәулім кесене бой көтерді. 2016 жылы жалпы білім беретін мектептердің 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында М.Ж. Көпейұлының өмірі мен қызметіне жеке параграф арналған.
Бүгінгі таңда ұлы ойшыл, әулие атанған Мәшһүр-Жүсіптің мұрасы 20 том болып жарық көрді. Олар Қазақстан Республикасының Ғылым академиясында, Алматы қаласының Орталық кітапханасында, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында және ұрпақтарының қолында сақтаулы. Қолжазбалардың бір бөлігі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы атындағы мұражайда тұр. Оның қолжазбаларының көбі күшәла қосылған сиямен жазылғандықтан, жақсы сақталған.
Қазақтың ойшылы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мол мұрасы – нағыз парасаттылықтың, инабаттылықтың, киеліліктің, ар-намыс пен тектіліктің жарқын үлгісі. Бұл мұра – қазақтың тарихын түгендеуде, әдебиетін жүйелеуде таптырмас алтын қазына. Сол қазынаны ұлтымызға және әлемге жеткізу – бүгінгі ғалымдардың, аудармашылардың абыройлы міндеті.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі