Спорт • 31 Тамыз, 2023

Гимназиада чемпионы

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайдағы Абай мектебінің 10-сынып оқушысы, жас боксшы Айдос Үсенов Рио-де-Жанейро қаласында өткен дүниежүзілік жазғы гимназиада ойындарының чемпионы атанды. Жеңімпазды әуежайдан ата-анасы, өңірдің спорт ардагерлері, ұстаздары мен сыныптастары күтіп алды.

Гимназиада чемпионы

Айдос Қостанайға былтыр ата-анасымен бірге Солтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген. Алғаш Петропавлдағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде оқыған жас дарын содан бері талай халықаралық жарысты жеңіп алды. Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының чемпионы болды. А.Мирошниченко атындағы халықаралық турнирдің бас жүлдесін ұтып алды. Енді, міне, Бразилия төрінде өткен халықаралық бокс бәсекесінде 46 килода жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асырып отыр. 

Айдосты алғаш спорт мектебіне әкесі Серікбай Үсенов жетектеп апарыпты. «Одан әрі қарай ағаларына қарап өсті. Екі ағасы да бокспен шұ­ғылданады, екеуі де спорт шеберлігіне үмікер. Ба­ламды бүгінде ұстазы Жанат Батырұлы жаттық­тырып жүр», дейді Серікбай.

Абай мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан  Бекентаев пен жас чемпионның сынып жетекшісі Айнұр Оразханқызының айтуынша,  Айдос Үсенов мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсенді атсалысатын, сабақ үлгерімі жоғары, үлгілі шәкірт.


Қостанай облысы