Суретте: курсанттардың ант қабылдау сәттері
Шекарашы болуды армандап, академияға оқуға түскен 300-ге жуық курсант Шекара академиясына қарасты далалық оқуды қамтамасыз ету басқармасының саптық алаңында сап түзеп, әскери ант қабылдады. Салтанатты іс-шараға ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Қалқабаев пен академия бастығы, полковник Павел Поливанов, жергілікті басқару органдарының өкілдерімен қатар, еліміздің әр аймағынан келген курсанттардың ата-аналары қатысты.
Шекара шебінде қалтқысыз қызмет етуді мақсат еткен курсанттардың көңіл толқытар іс-шарасы академияның тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық басқармасының бастығы, полковник А.Әлиевтің академия бастығына баяндауымен басталды. Әскери тәртіпке сай командир курсанттармен сәлемдесіп, еліміздің Мемлекеттік туының көтерілуіне және ту ұстаушы топтың сап ортасына адым басуына пәрмен берді. Бұдан соң белгіленген тәртіп бойынша екі қатарға сап түзеген курсанттар Отан алдында адал қызмет етуге ант қабылдау рәсімін бастап кетті.
Осы күні әскери ант қабылдаған шекарашы курсанттармен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясына оқуға түскен 50 курсант та қолдарына қару алып, Отанға қалтқысыз қызмет етуге ант қабылдады.
Осыдан екі ай бұрын Шекара қызметі академиясына қабылданған жас сарбаздар академияның медициналық және психологиялық тексеруінен, дене шынықтыру дайындығынан нормативтер тапсырып, кешенді тестілеуден тұратын конкурстық іріктеуден өткен. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында шекара қызметінде қолданылатын қару-жарақ және техника түрлерімен танысқан. Қысқа мерзім ішінде шекара қызметінің қыр-сырынан хабардар болған жас сарбаздар алдағы оқу жылына тастүйін дайын екендіктерін айқын аңғартты.
Курсанттар өміріндегі маңызды іс-шарада алғаш боп сөз алған ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Қалқабаев ант қабылдаудың үлкен жауапкершілік екеніне тоқтала келіп, әскери шен таққан әрбір азамат адами қасиеті, жалындаған намыс-жігері, кәсібилігі, білімділігімен ерекшеленіп тұратынын атап айтты.
Академияға оқуға түскен болашақ офицерлердің ата-аналары мен жақындары да тарихи сәттің куәсі болып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Запастағы генерал-майор Сейтжан Мелдебекұлы сарбаздарға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
«Шекарашы болу – менің ең үлкен арманым еді. Арманым орындалды. Енді оқуды жақсы оқып, Отаныма адал қызмет етуге, ел іргесін берік күзетуге серт беремін», деп курсанттар атынан сөз алған Еламан Нәрікбай қаруластарын антына адал болуға шақырды.
Алматы облысы