Аталған елдің бокс федерациясының атқарушы директоры Марко Лайненің айтуынша, Финляндия жаңадан құрылған World Boxing ұйымына қосылады.
– Халықаралық бокс қауымдастығы 2019 жылдан бері Олимпиялық ойындарға іріктеу турнирін өткізу құқығынан айырылған. Ал биылдан бастап Халықаралық олимпиялық комитет IBA-ны мүлдем мойындамайтынын мәлімдеді. Олимпиадаға боксшыларды іріктеумен енді ХОК-тың өзі айналысады. Ал біз Олимпиадаға қатысқымыз келеді. Сондықтан World Boxing ұйымы арқылы төртжылдықтың басты жарысына қатысуды мақсат етіп отырмыз, – деді ол.
Биыл World Boxing ұйымы құрылған. Әзірше оны ХОК-тың өзі мойындаған жоқ. ХОК World Boxing ұйымына қатысты шешімді Халықаралық бокс қауымдастығының ісін тексергеннен кейін қабылдайды.
Қазір жаңадан құрылған бокс ұйымына АҚШ, Аустралия, Англия, Ұлыбритания, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Канада, Бразилия, Аргентина, Германия, Гондурас және Швеция елдерінің бокс федерациялары мүше. Ал Қазақстан бокс федерациясы Халықаралық бокс қауымдастығының құрамында.