Сайлау • 04 Қыркүйек, 2023

Әкімдерді сайлау заңға сай өтеді

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрғанын, сапалы мамандар даярлауды қолға алу керек екенін айтты.

Әкімдерді сайлау заңға сай өтеді

«Аймақ­­та­ғы атқарушы билік­тің ше­шім қабыл­дау ісіне аза­мат­тардың тіке­лей қатысу мүм­­кіндігін бір­тін­деп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауыл­дық округ әкімдерін тұр­ғын­­дар өздері сайлай баста­ғанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров журналистермен өткізген брифингте аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауға қатысты пі­кірін білдірді.

«Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссия­ларымен бірігіп, аудан және облыстық деңгейдегі қала әкім­де­рін сайлауға тиісті дайын­дық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сайлауды өткізуге толық да­йынбыз. Қай облыстарда, аудандарда сайлау өткізетінін жер­гі­лікті облыстық мәслихаттар ше­шеді. Орталық сайлау комиссия­сы бұл сайлаудың қатаң түрде заңға сай өтуіне бар күшін салады», деген комиссия төрағасы журна­лис­тердің сұрақтарына жа­уап берді. «Сайлау әр өңірде әртүрлі мерзімде өте ме?» деген сауалға Нұрлан Әбдіров: «Әрине, сайлауды ұйымдастырушы орган ретінде бізге сайлаудың бір уақытта өткені қолайлы бо­лар еді. Әйтсе де, об­лыс­тық мәс­ли­хат­тар­дың ше­ші­мін күтеміз. Заң бойын­ша сай­лауға дайын­дық және оны өт­кізу мерзімі 50 күннен кем болмауы керек. Сайлауды кемінде екі ай ішінде өткізуіміз керек», деп жауап берді.

Ал «Сайлау осы жылдың соңына дейін өте ме?» деген сұ­рақ­қа: «Біз де жылдың соңына дейін өтеді деп болжап отырмыз», деп жауап берген Нұрлан Әбдіров қалай болғанда да бәрі облыстық мәслихаттардың шешімдеріне байланысты екенін еске салды.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының пікірінше, «Қа­зақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес елімізде тіркелген саяси партия­лар аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдері сайлауында өздерінің өкілдерін ұсынуға құқылы. Бірақ әрбір округ бір ғана канди­дат ұсына алады. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров елімізде тәуелсіз бай­қау­шылар институты жақсы дамып келе жатқанын, жылдан-жылға олардың қатары да, қызмет сапасы да артқанын атап өтті.

«Тәуелсіз байқаушылар өз қыз­­метін жоғары деңгейде заңға сай өткізуі керек. Сол себепті, қо­ғамдық бірлестіктер оларды са­палы дайындап жатыр», деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.