Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2023

Сүт өнімдері молаяды

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде мал өнімдерін молайту бағытында жағымды жаңалық жеткілікті. Мәншүк Мәметова атындағы елді мекенде тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сүт өнімдері молаяды

Кешен 1 600 бас сауын сиырға лайықталып салынып жатыр. Бұл жоба аудан­дағы бұрын-соңды қолға алын­ған ең ірі жоба екен­дігін сүйін­ші­леп атап айта кетуіміз керек. Аста­наны азық-түлік­пен қамтамасыз ету бел­де­уін­де­гі тауарлы-сүт фермасы өз жұ­мысын бастаған кезде қала тұрғындарының ақ дастарқанын сүт өнімдерінің әлденеше түрімен ба­йытып, нарықтағы өнім баға­сын бір­ша­ма тұрақтандыруға оң әсер етуі әбден мүмкін.

– Сүт өнімдерін өңдейтін кешен салу идеясы осыдан екі жыл бұ­рын туындап еді, – дейді «Мән­шүк-АЭ» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің басшысы Тимур Пі­ше­нов. – Біз энергия қуа­тын үнем­дей­тін, эконо­ми­калық жағы­нан тиімді жаңа технологиялық құрыл­ғы­ларды пайдаланбақпыз. Бұл іс алдымен ферма жұмысшыларына жайлы болады. Осындай үнемдеудің арқасында тауарлы-сүт фермасы өнімдерінің өзіндік құны төмендейді. Тәулігіне 45-48 тонна сүт өңдеуге мүмкіндік бар.

Бүгінгі күні ферма құрылысы алдын ала межеленген жоспар бойынша жүргізіліп отыр. 2 сиыр, 5 бұзау қорасы, сауын блоктары, мал азы­ғын дайындайтын цех, әкімшілік-тұрмыстық кешен салынды. Кешен өз жұмысын бастаған кезде Астана қаласымен бірге өзге де елді мекен­дер­ді сапалы сүт өнімдерімен қамта­ма­сыз ететін болады. Оның үс­тіне жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр. Қазір мұнда 35 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта серіктестік басшылары өздеріне қажетті мамандарды оқытып алмақ. Мал мамандарын да оқытып, дайындау көзделіп отыр. Серіктестік басшылары бола­шақ мамандар үшін алты тұрғын үй салды. Алдағы уақытта тағы да төрт пәтер салмақшы. Тауарлы сүт фермасы таяу арада іске қосылады.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы