Қоғам • 04 Қыркүйек, 2023

Пандус – қоғам жауапкершілігіне сын

330 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мүгедектігі бар адамдарға қоғам бар мүмкіндікті туғызуға тиіс. Олардың еркін жүріп-тұруы үшін және өзін қоғамның тең дәрежелі мүшесі екенін сезінуге кедергісіз орта қажет. Өйткені бұл – ең бірінші кезекте адам теңдігінің кепілі. Екінші, әлемдік қоғамдастықтың қойып отырған талабы да – осы.

Пандус – қоғам жауапкершілігіне сын

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Пандус сейфтің ішінде»

Бүгінгі тақырыбымыздың өзегі – «сырғанақ саты», яғни пандус жөнінде болып отыр. Мәселені көтеруге түрткі болған мына бір жағдай еді. Өткенде іс-сапармен Қорғалжын ауданы Қараегін ауылында болып қайтқанбыз. Сол Қараегін ауылында тұратын Сембек Дәулетбеков деген мұғалім ауылдағы біраз қордаланып тұрған мәселенің шетін шығарды. Әңгімені бипаздап, байыппен айтатын ағамыз проблеманы қағытпа әзілмен жеткізеді екен.

– Бірде қаладан ауылға тексеріс келді, деп бастады әңгімесін ауыл тұрғыны. – Тексеруді бірінші мектептен бастады. Директорымыз бір шұғыл жиналысым бар деп, ауданға кеткен болатын. Сөйтіп, жүрісі суыт, түсі суық қонақтарды ди­рек­тордың орынбасары қарсы алды. Тексерушілер білім ошағына бас сұқпас бұрын, кіреберістегі баспалдаққа қарап, біраз тұрды. «Баспалдақтан бит қараған біреулер екен» дедік сыбырласып. Содан орынбасардан сұрады: «Мына мектептің пандусы қайда?» деп. Орынбасар шаруашылық меңгерушісіне сұраулы жүзбен қарады. «Ол... оны директор сейфіне тығып қойған» деді меңгеруші міңгірлеп. Қолтығына папкасын қысқан тексеруші әйелдің көзілдірігі шытынап: «Как так?» деді. Алғашқы оқуым құрылыс маманы болғандықтан, мән-жайды түсіне қойдым. Бірақ орынбасар мен меңгеруші пандустың не екенін білмей, дағдарып тұрғанын олар да түсінді де, күліп жіберді.

Бұл жерде Қараегін ауылын ғана қаралаудан аулақпыз. Мұндай жағдай қазір шалғайдағы ауылдардың көбінде бар. Тіпті бұл аз десеңіз, дәл осы кеше болған бір кейсті ұсынудың реті келіп тұр. Жалпы, ұқсас жағдайлардың көбіне мысал үшін... Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы  мен «IT-services & Education» жастар қоғамдық бірлестігі қала бойынша рейд жүргізіпті. Комиссия мүшелері әуелі Талдықорғандағы Ушинский мектебіне бас сұққан. Кемшілік білім ордасының кіреберісінен басталыпты. Тексеру барысында арбадағы ғаріп жандар жауапты мамандарға кемшіліктерді түзету керегін айтқан.

– Мектептегі пандус талапқа сай емес. Баспалдақтағы зағип жандарға арналған жолақтар да дұрыс қойыл­мапты. Табал­дырықтың алды 50 сантиметрдей бос болу керек. Ал мұн­да жабысып тұр. Содан соң жүру жо­лағындағы бұрылыстармен жүру өте қиын. Көру мүмкіндігі нашар жандарға арналған жол резеңке болғандықтан бұрылу үшін қиып салуға тиіс. Бірақ көбі көзбояу­шылық істеп кетеді, – дейді «IT-services & Education» жас­тар қоғамдық бірлестігінің басшысы Қуаныш Қапанов.

Тексеру кезінде аталған білім орда­сы­ның қызметкерлері кемшіліктер түзе­тіліп, бұзылған жерлер жуық арада жөнделетінін айтқан.

 

«Сізде қандай да бір мүгедектік бар ма?»

Әрине, мұның бәрі адам теңдігі мен құқығына қатысты мәселе екені белгілі. Адам құқығы демекші, өркениетті ел­дер­де әр адамның ұлты, діні, жыныс ерекшелігі ескерілумен қатар, мүге­дектігі бар адамдар өздерін қоғамның тең мүшесі сезінуіне бар жағдай жасап бағады. Мәселен, Тұманды Альбион аралында екі жыл тұрып, білім алып келген бір замандасымыз алғаш Ұлыбританияға барған кезде «бұл елдегі жұрттың көбі мүгедек пе?» деп, таңғалғанын айтып еді. «Біздің елмен салыстырғанда, онда жарымжан кісілер көп көрінеді. Уақыт өте келе оның сыры түсінікті болды. Ол жақта мүгедек арбаға таңылған адамдар төрт қабырғаға қамалып үйде отырмайды, емін-еркін қала аралап, оқу оқып, қызық көріп, жұртпен бірдей қоғамдық өмірге араласады. Мысалы, университеттік кез келген сауалдаманың алғашқы және бәріне міндетті сұрағының бірі: «Сізде қандай да бір мүгедектік бар ма?» деп сұрайды. Бұл – кемсіту емес, керісінше, қандай да бір жәрдем қажет болса, соны ертерек анықтап, қажетті жағдай жасауға ұмтылады. Озған жұртта әрбір адамның қандай да ерекшелігіне қарамастан, барлығына бірдей қарау әдеті қалыптасқан», дейді ол.

Әрине, бұл көргенінен танбайтын адам­ның сөзі емес. Рас, Еуропа жұрты бұл мәселеге ерте ден қойды десе де бола­ды. Пандус ұғымының өзі Еуропа жұр­тынан қалыптасқаны белгілі. Pente douce – еңіс, жұмсақ деген екі сөзі француздың. Бізше айтқанда, «сырғыма саты». Алайда бұл пандустардың қандай қызмет атқаратынын білесіз бе?

Сонымен бұл сырғыма саты тек мүгедек­тігі бар, арбада отырған адамдар­ға ғана қажетті құрал деп түсінетін болсақ, қателесеміз. Біз мұны көшедегі 10 шақты адамнан сұрап көрдік. Әрине, бір-екі жүре сөйлесіп, жөнді жауап қатпағандарды қоспағанда, алты рес­пондент «пандустар – арбаға таңылған мүгедектігі бар адамдарға арналған» деп біледі екен. Алайда оның кішкентай бөбектерге арналған арбаны әрі-бері алып жүргенде және дөңгелегі бар чемодандарды да  сол сырғыма сатымен алып жүретінімізді ескермей жатамыз. Бұл да оның толық қызметі емес. Сондықтан пандус мүгедектігі бар адамның ғана құралы емес, басқа да функциясы бар екенін түсінсек, оның қажеттілігі артпаса, кемімес еді.

Жуырда әлеуметтік желіде Түркістан облысында тұратын өнертапқыш Ма­хамбет есімді азаматтың бейнежазбасы тарады. Ол жігіт лифтісі жоқ үйдің бас­палдағына құрастырмалы пандус жа­сапты. Оны тағы да жетілдіріп, ескі құ­рылыстарға енгізсе, қоғамға зор пайдасы тиері сөзсіз. Мәселен, 1956 жылдары салына бастаған кеңестік «хрущевка» деп аталатын үйлерге қатысты бұл мәселе көптен айтылып, шешімін таппай келеді. Өйткені ол қазіргі заманауи талаптарға мүлде сай емес.

 

Жағдайды реттеуге 7 млрд бөлінді

Қазір елімізде 705 мыңнан аса ерек­ше қажеттілігі бар адам тұрады. Олар­дың 421,5 мыңы немесе 59,8 пайызы – еңбекке қабілетті, 181,9 мыңы немесе 25,8 пайызы – зейнеткерлер, 101,6 мыңы  немесе 14,4 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар екен. Ал оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау, дербес өмір салтын сақтауына жағдай жасау, кедергісіз орта қалыптастыру – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі.  Бұл ретте, қандай алға ілгерілеу бар дегенді бағамдап көрдік. Сонымен ресми мәліметтерге сенсек, мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдету үшін елдегі 22 мың нысан жаңғыртылмақ. Бұл – алдағы 3 жылға арналған жоспар. Оған республикалық бюджеттен 7 млрд тең­ге бөлініпті. Арнайы жол картасына сәйкес жыл сайын 54 мың нысан инфра­құрылымы жаңартылуға тиіс. Пандус, лифт және қолайлы әжетхана салып, тактильді тақталар мен бағыт-бағдар белгілерін орнату қажет екен. Қазір бұл жоспардың 40%-ы орындалды деп отыр. Шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау үшін қоғамдық орындарда мемлекеттік инс­пекторлар жұмыс істейді.

«Егер мүгедектігі бар адам бір мекемеге кіре алмаса, кіргеннің өзінде әжетханасы, қызмет көрсететін орындары стандартқа сай келмесе, шағымдана алады. Оған қарап, қадағалайтын 20 жерде мемлекеттік департаменттеріміз бар», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

Алайда «Еlaman» қоғамдық қорының төрағасы, қоғам белсендісі Алмас Ер­жан­ның айтуынша, мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына кедергі көп көрінеді.

«Кедергісіз орта құру және бұл пандус мәселесі – өте өзекті тақырып. Үлкен қалаларды дамыту осыдан басталады. Яғни мұның бір ұшы урбанизацияға келіп тіреледі. Өркениетті қоғам кедергісіз орта арқылы құрылады. Бұл, жалпы, «әмбебап дизайн» деп те аталады. Өкінішке қарай, біздің елде бұл жағы әлі кемшін. Мысалы, биыл «Аmanat» партиясына бұл мәселені жақсартуға 1 млрд теңге бөлді. Қаржы жыл сайын бөлінеді. Бірақ оның бәрі қайда, қалай жұмсалып жатқаны белгісіз. Соған қарағанда, бұл жерде де шикілік бар шығар. Депутаттар да аса бір көңіл бөліп жатқан жоқ. Егер мұны нақты шешу керек болса, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенуге болады. Ол үшін мемлекеттік бағдарлама және заң қажет. Халықаралық Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвен­цияға сүйене отырып, отандық заң­дар­ды дұрыстау керек.  Жасыратын несі бар, қазір біз әлі күнге дейін кейбір орын­дарға арбамен кіре алмаймыз, ке­дер­гі көп. Салынып жатқан үйлер де ың­­ғайсыз. Ең бергісі әкімшіліктен бері­ле­тін әлеуметтік баспаналар да сол. Бұған экс­перттік көзқарас керек және мұн­дай іске мүгедектігі бар адамның өзі де ара­ла­суға тиіс. Өйткені мәселелерді кейбір «сау» адамдар түсінбеуі мүмкін», дейді ол.

Қорыта айтқанда, бұл баспалдақ – тек мүгедек жандардың жаутаңдап қарайтын заты емес, өркениетке бастайтын саты екенін ұққанда ғана жағдайдың оңалар түрі бар.