Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Ғабдуллиннің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасымен Индербор кентіндегі «Көктем» шағын ауданында 4 тұрғын үй бой көтерген. Оның әрқайсысында 48 пәтер бар. Төрт қабатты тұрғын үйлердің құрылысын «Еврострой» ЖШС, абаттандыру жұмыстарын «Агроспецмонтаж» ЖШС жүргізген. Жаңа тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу қазандығына қосылған.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиевтің дерегіне сүйенсек, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйден 192 отбасына жаңа пәтер беріліп отыр. Оның ішінде көпбалалы – 106, әлеуметтік тұрмысы төмен 69 отбасы бар. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығын көрмей өскен 17 жасөспірім де жаңа баспанаға ие болды.
Мәселен, Райгүл Ботаеваның отбасы асыраушысынан айырылғандар санатына кіреді. Бұған дейін басыбайлы баспанасы болмаған. Сол себептен, 20 жылға жуық пәтер жалдап келген.
«Бұл – біздің көп жыл армандаған баспанамыз. Өйткені табысымыздан қаржы жинап, үй алуға мүмкіндігіміз болмады. Енді, міне, мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйден жаңа пәтердің кілтін алдық. Қуанышқа кенеліп тұрмыз. Әсіресе балаларымыздың қуанғанын көруден асқан бақыт болмайтынына көзім жетті», дейді Райгүл Ботаева.
Бір күнде 192 отбасы бір-бірінің көл-көсір қуанышын бөлісіп, баспаналы болу бақытына бөленді. Оның ішінде бір-бірінің қуанышын бөліскен бірінші топтағы қызын тәрбиелеп отырған Н.Өтегенова, көпбалалы Б.Ибраева, М.Қайыржанқызы, Г.Қабдолова сынды аналар да бар.
Атырау облысы