Жиынды ашқан партия төрағасы Жолдау Мемлекет басшысының елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформаларының жалғасы екенін және оны тарихи құжат деп атауға болатынын атап өтті.
«Жолдауда экономикалық дамуымыздың таяу жылдардағы эволюциясы айқындалды. Өте ауқымды, нақты әрі кешенді іс-шаралар жоспарланып отыр. Сонымен қатар Жолдауда жұртшылықты алаңдатып, толғантып отырған басқа да өзекті мәселелер толыққанды қамтылды. Сондықтан партиямыз үшін бұл Жолдау – стратегиялық маңызды құжат. Ендігі кезекте алдымызда Мемлекет басшысының жаңа экономикалық саясатына қолдау көрсетіп, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсаты тұр. «Amanat» партиясы осы мақсатты жүзеге асырудың алғы шебінде болуға тиіс», деді ол.
Ерлан Қошанов партиялықтарды Жолдауды жүзеге асыру үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін жұмылдыруға шақырды. Ол Жолдауда Мемлекет басшысы су мен газ тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы, отандық кәсіпорындарға қолдаудың жеткіліксіздігі, өндірісті дамыту үшін ұзақмерзімді қаржылай қолдаудың болмауы, агроөнеркәсіп секторының проблемалары сияқты еліміздегі бірқатар өзекті мәселені қамтығанын баса айтты.
«Осы мәселелердің барлығы да жұртшылық тарапынан талай рет көтерілді. Біз партияның барлық деңгейдегі депутаттары арқылы да, партиялық жобаларымыз арқылы да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Айталық, өткен жылы «Жер аманаты» жобасы аясында 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, шаруаларға қайта бөлінді. «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылып, оның аясында өз ісін ашуға 2,5 пайыз жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Президент бұл жобаның қажет екенін атап өтіп, жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясын ынталандыруды тапсырды», деді Ерлан Қошанов. Сондай-ақ партия төрағасы Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын қолдағанын ерекше атап өтті. Енді «Amanat» осы жобаны Үкіметпен бірге бүкіл ел аумағында кеңейтіп, сапалы іске асырумен айналысады.
Ерлан Қошанов партияға қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталған жаңа реттеуші құралдарды құру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға атсалысуды тапсырды. «Өнеркәсіптік саясат, сауда, кәсіпкерлік саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бүгінгі таңда салық және бюджет заңнамасы партия алаңдарында қызу талқыланып жатыр. Ғылым мен инновация, цифрландыру және ақпараттық технологияларды дамыту саласында қосымша реттеуші құралдарды әзірлеу қажет. Президенттің бастамаларын заңнамалық тұрғыда қолдау – Мәжілістегі біздің фракцияның міндеті», деді партия төрағасы.
Іс-шара барысында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Мақсат Толықбай, партияның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова мен Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров сөз сөйледі.
Жиын соңында Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына бірқатар нақты міндет қойды. Атап айтқанда, Жолдаудың негізгі бағыттары орталық және облыстық деңгейлердегі «Talqylau» және «Bir Tolqynda» диалог алаңдары аясында талқыланады. Партия кеңестері өз ұсыныстарын дайындауы қажет. Сондай-ақ ол Жолдауда жүктелген міндеттердің орындалуына барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясы мүшелерінің бір кісідей жұмылып, қатысуын тапсырды.