Пікір • 04 Қыркүйек, 2023

Қорғаныс өнеркәсібін нығайту мүмкіндігі

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Геосаяси ахуал құбылып тұрғанда Мемлекет басшысының қорғаныс өнеркәсібіне назар аударғаны жақсы болды. Жолдауда бұл мәселенің айтылуы бірден назарымды аударды. Қысқаша айтсақ, Президент қорғаныс өнеркәсібі кешенін жан-жақты нығайтуды тапсырды. Импортқа тәуелділікті азайтуға септігі тиетіндей етіп өнеркәсіпті локолизация­лау да айтылды.

Қорғаныс өнеркәсібін нығайту мүмкіндігі

ФОТО: inbusiness.kz

«Біздің армия жоғары техно­логиялы қару-жарақпен және әске­ри техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз ұшатын аппараттармен, заманауи атыс қару­ларымен қамтамасыз етілуге тиіс», деді Президент. Тех­никаны жөндеу бағытын дамытуды да тапсырды.

Негізі қорғаныс өнеркәсібі кешені – ауқымды сала. Көп елде қор­ғаныс және азаматтық мақсатта өнім шығаратын компаниялар елдің индустриялануына әсер етеді. Тек жұмысты жүйелі ұйымдастыру керек. Менің білуімше елімізде әскери және азаматтық салаға қажет өнім шығаратын 40-тан аса кәсіпорын бар. Олардың 31-і тікелей қорғаныс саласына керек дүниелерді жасайды. Жуырда тағы да бірнеше кәсіпорын құрылуы мүмкін. Мәселен, әскерилер сынақтан өткізіп жатқан «AnkaS» дронын құрастыратын өнеркәсіп ашылуға тиіс. Дрондарды армия келесі жылдың көктеміне дейін сынайды. Зауыт содан соң салынатын шығар.

Петропавлда израильдіктердің технологиясы бойынша «Тарлан» дейтін дүркіндетіп ататын қон­дыр­ғы жасалып жатыр. «Қа­зақ­стан инжи­нирингтің» өзіме ұнай­тын біраз кәсіпорыны бар. Мәсе­лен, «Kazakhstan Aselsan Engineering» дрондарға қарсы қолданатын «Ан­тидрон» радиоэлек­тронды күрес техникасын құрастырады. Біз­дің «Зенит» Орал зауыты» мен Түр­кияның «Asfat» компаниясы әс­кери кемелерді бірлесе жа­сауға ке­­ліскен. Француздармен бір­ле­сіп радар құрастырып жүрміз. Қы­тайлармен де байланыс орнатудамыз. Әскери техникаларды жетілдіруде теріскейге ғана қарап отырған жоқпыз. Қыс­қасы, бүгінге дейін қорғаныс өнер­кәсібінде азды-көпті табысымыз бар. Енді сол табысты ұл­ғайту қажет. Президент тапсырды, Үкі­мет орындауға тиіс.

Негізі қорғаныс өнеркәсібі ке­ше­ніне қатысты түрлі ұсыныс айтуға болады. Өз басым Үкімет ең алдымен бронды техника жа­сауға ниеттенген кәсіпорындарға «STANAG 4568» стандарттарына сай болу талабын қойғаны жөн деген пікірдемін. «Бронды көлік жасадың ба, «STANAG 4568» стандар­тына сай екенін дәлелдейтін сертификат ұсынатын орталықтарда сынақтан өткізуге міндеттісің, содан соң біздің әскерилер сынайды», дейтін талап болса деген тілек бар. Бұл – ха­лық­аралық стандарт. НАТО-ның стандарты. Өнеркәсіпті локализациялау кезінде нақты талап та қойылғаны жөн. Құрастыру жұмыстарынан бастап, екінші, үшінші деңгейлі локализация талабы орындалса, Президент берген тапсырма өз нәтижесін береді.

Қысқасы, қорғаныс өнеркәсібі ке­шенін дамыту Үкімет міндеттерінің біріне айналайын деп тұр. Бұйыртса, бұл саладағы жетістіктер мен атқа­рылып жатқан істерді ұдайы бақылап отырамыз.

 

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ,

«Айқын» газетінің

бас редакторы