Мектеп • 05 Қыркүйек, 2023

Жаңашылдыққа баулитын мектеп

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа мектеп ғимараты ауылдың ажарын аша түсері анық. Сыртқы келбеті де, ішкі дүниесі де заманауи үлгідегі нысанның көркін балалардың риясыз күлкісі еселейді. Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылында тозығы жеткен мектептің мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген болатын. Биыл оқушылар жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастауға мүмкіндік алды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді.

Жаңашылдыққа баулитын мектеп

Жаңа оқу жылы қарсаңында құрылы­сы аяқталған мектептің сыйымдылығы 150 оқушыға лайықталған. Мемлекеттік стандартқа сай келетін мектепте арнайы лин­гофон, мультимедия бөлмелері, қыз­дар мен ұлдарға арналған заманауи үлгідегі шеберхана және 13 пәндік кабинет бар. Сонымен бірге мәжіліс, спортзалы, кітапхана, педагог-психо­логтердің жеке кабинеттері мен 50 орынға шақталған асхана мен медици­на­лық бөлме және ішкі әжетхана қарас­тырылған.

Жыл соңына дейін ауданда тағы екі мектепте қосымша ғимараттың құры­лысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Халық санының артуына байланысты, сондай-ақ балаларды сапалы біліммен қамту мақсатында Таусағыз ауылын­да­ғы мектепке қосымша 150 орындық ғимарат құрылысына және Т.Рысқұлов ауылы «Бақыбек» шағын ауданынан са­лынып жатқан 300 орындық мектептің құ­рылысына қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Сонымен қатар Ынтымақ ауылы А.Оразбаева атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға беріледі. Ауданда 2023-2025 жылдары 4 жаңа мектептің және 2 қосымша ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ ауданда «Ақмейір» бала­ларды дамыту орталығы ашылды. Орта­лықта ерекше күтімді қажет ететін балаларға логопед-дефектолог, арт­тера­пия, музтерапия, педогогикалық-пси­хологиялық түзету кабинеттерінде білікті мамандар өз қызметтерін те­гін көрсететін болады. «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қол­дауымен жүзеге асқан жоба арқылы 150 ба­ланы қамту жоспарланған. Мұнда бірінші кезекте ата-ананың қарауынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық берілмек.

Білім күні Сауран ауданында №2 жал­пы білім беретін мектеп пайдалану­ға берілді. Жаңа мектептің ашылу сал­та­натында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жыл соңына дейін 37 мектепті пайдалануға беру жос­пар­лан­ғанын атап өтті. Ал Са­ры­ағаш ауданында заманауи үлгідегі 300 орын­дық жаңа мектеп Ақжар ауыл­дық округі Бағыс елді мекенінде ашылды. Ғ.Мұ­рат­баев атындағы білім ұясы­ның құрылысы былтыр басталған. Мек­теп­те оқушылардың алаңсыз білім алуы­на қолайлы жағдай жасалған, су және санитарлық байланыс құбырлары орта­лық­тандырылған. Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика ка­би­неттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақ­та­мен жабдықталған. Тігін үйірмесіне арналған бөлме, кең спортзалы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған.

Орын тапшылығын азайтуға жеке­мен­шік мектептердің де қосар үлесі қомақты болмақ. Мысалы, биыл Сай­рам ауданында 3 566 орындық 7 жекеменшік мектеп ашылады деп жос­парланған. Жалпы, 7 962 мұғалім жұмыс істейтін, 64 мыңнан аса оқушы білім алатын аудан жекеменшік мектеп салудан өңірде алдыңғы орында келе­ді. Кентау қаласында да заманауи үлгі­дегі жекеменшік «Grant high school» мектебінің лентасы қиылды. 250 балаға арналған білім ошағында әр оқушының таңдаған бағытына қарай пәндері тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ балаға түске дейін белгіленген кесте бойынша сабақ оқытылса, түстен кейін мамандыққа бейімделген білім беру жүйесі бойынша сабақ жүргізіледі. Жекеменшік мектепте балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған.

Түркістан облысында 35 мың орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында 33 мектептің құрылысын жүргізуге түрлі қаржыландыру көз­і­нен 23,6 млрд теңге қарас­­ты­рылған. Оның ішінде Білім инфра­құ­рылымын қолдау қоры арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүргізіліп жа­тыр. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жо­басымен 3 жылда 63 мектеп салынады. 

 

Түркістан облысы