Айбын • 05 Қыркүйек, 2023

Курсанттар ант берді

226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының орталық алаңында Ұлттық ұлан академия­сына қабылданған 1-курс кур­сант­тарының әскери ант беру рә­сімі өтті. Биыл 176 курсант Ота­нына және халқына адал болу­ға серттесіп, әскер қатарын толық­тырып отыр.

Курсанттар ант берді

Салтанатты іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-ма­йор Бауыржан Әбжанов, облыс әкімі аппа­ратының басшысы Олжас Ыдырысов, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев, сондай-ақ өңірдегі күштік құрылымдардың басшылары, ардагерлер, болашақ офицерлердің ата-аналары мен туыс­тары қатысты.

Жас сарбаздарды Ұлттық ұлан Бас қол­бас­шысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтап, әскер қата­рында ел қорғаудың мәртебелі қызмет екендігін атап өтті.

«Сіздердің әрқайсыңыз мамандықта­рыңызды саналы түрде таңдадыңыздар. Отан қорғау ісіне ұмтылып, тағдыр­ларыңызды офицерлік қызметпен байланыстырып отырсыздар. Сондықтан жоғары оқу орнының қабырғасында әскери қызмет пен оқуды қатар ала жүріп, Ұлттық ұлан академиясының курсанты атағын абыроймен арқа­лайсыздар деген сенімдемін. Бас қолбасшылық, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері сіздерге офицерлер корпусының болашағы ретінде зор үмітпен қарайды. Біз сіздерге лайықты оқу және қызмет көрсету жағдайла­рын қамтамасыз ету үшін бәрін жасай­мыз», деді генерал-майор. Бұдан әрі облыс әкімінің атынан аппарат басшысы Олжас Ыдырысов курсанттарға тілектері мен құттықтауларын жолдады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әскер – мемлекетіміздің тіре­гі. Отанымыздың тәуелсіздігі мен тұ­тас­тығын қорғау – басты парыз. Оны батыр ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтап, бізге мұра етіп қалдырды. Бүгінгі біз­дің басты міндетіміз – осы бағасыз құн­дылы­ғымызды жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа табыстау», деп атап өткен болатын. Сіздер тәжірибелі оқытушылардың, тәлімгерлердің басшылығымен бола­шақта Отанымыздың Қарулы күштерінде жоғары білікті және сұранысқа ие маман болу үшін пайдалы білім мен дағдыға ие болатындарыңызға сенімдімін!» деді Олжас Нұрланұлы.

сми

Іс-шарада сөз алған 1-курс курсанты, қатардағы жауынгер Нұрбол Дәулет жиылған қауымды курсанттардың әскери антқа адал болатынына және Отан­ды қорғау жолында бабалар ізін лайықты жалғастыратынына сендірді.

Барлық жас курсант бірқатар сынақ­тан өткен болатын. Олар денешынық­тыру нормативтерін орындап, қабылдау емтихандарын тапсырды, байыпты конкурстық іріктеуден және жалпы әскери даярлықтан өтті. Енді олардың алдында 4 жыл курсанттық өмір бар. Осы жылдар ішінде әскери істің барлық қыр-сырын игеріп, Отанның сенімді қорғаушыларына айналмақ.

Әскери рәсім өткізілгеннен кейін қо­нақ­­­­­­­та­р­­­ға академия әскери қыз­мет­ші­ле­рінің қойы­лымдары көрсетілді. Әскери оркестр мен университет барабаншыларының ансамблі өздерінің өнерімен жиналғандарға көңіл күй сыйлады. Сержант Аян Қали бастаған курсанттар карабиндермен саптық тәсілдер орындап, дефиле көрсетті.

Бұл күндері Ұлттық ұлан академиясы құқық қорғау органдарының жоғары білік­ті офицерлерінің ұстаханасына айналып үлгер­ген. Сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндет­терді орындауға үлкен үлес қосып келеді. Бұл – елдегі әскерлерге офицерлік кадрлар даяр­лауды жүзеге асыратын жалғыз әскери оқу орны. Ол 1997 жылы 18 наурызда құрылды. 2022 жылдың ақпан айынан бастап офицерлер ұстаханасына академия мәртебесі берілді.

26 жыл ішінде жоғары оқу орнын 4 мың­нан астам офицер бітіріп шықты. Олар Ұлттық ұланның кадр қатарын толықтырып қана қоймай, елдің басқа әскерлері мен әскери құрылымдарында да қызмет етіп жатыр. Бір­қатары жоғары лауазымға тағайындалса, көп­теген офицерге мерзімінен бұрын әскери атақтар берілді.

Академия базасында сегіз маман­дық бойын­ша офицерлер даярланады, оқыту он кафедра­да жүргізіледі. Мұнда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді. Үкімет­аралық шарттарға сәйкес 2009 жылғы қыркүйектен бастап әскери оқу орнының базасында жыл сайын Тәжікстан Респуб­ликасының өкілдері өтеусіз негізде әскери мамандықты игереді.

Айта кетейік, биыл академияда магистратура бағдарламасы бойынша ЖОО офицер-тыңдаушылары алғаш рет оқуға қабылданды.