Жиынға еліміздің түпкір-түпкірінен өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының, академия бастығының және әскери бөлімдер мен «Б» арнайы жасақ командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты. Елуден астам әскери тәрбиеші бас қосқан оқу-әдістемелік жиында талқыланған тақырып өзекті.
Жиынды бастаған Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов әскердегі жеке құрамның тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтеру үшін бірқатар маңызды мәселеге баса мән беруге шақырды. Әскердің өз ішінде түйіні шешіле қоймаған түйткілді мәселелерге түбегейлі нүкте қою үшін әуелі оны ашық талқыға салып, шешілу жолдарын ұсыну қажет.
Осынау жұмыстарды бір ізге салу үшін Ішкі істер министрінің «Ұлттық ұлан әскерилері бойында жаңа заман талабына сай моральдық, әскери, жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыруда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастыру» атты 2023 жылдың 15 мамырындағы №396 бұйрығы аясында алғашқы сабақ нұсқаулық-әдістемелік бағытта өтті. Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі Бас басқармасының бастығы, полковник Александр Крамар жеке құраммен тәрбие жұмыстары мен психологиялық және идеологиялық жұмыстарды жаңғырту бағытындағы бұйрықтың негізгі әрі маңызды тетіктерін қалай жүзеге асыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар жеке құраммен жұмыс істеудің негізгі нысандары мен әдістері талқыланып, әр офицердің құжаттарды қаншалықты меңгергені тексеріліп, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерінен сынақтан өтті.
Ұлттық ұлан ардагері, запастағы полковник Мұрат Атибеев «Ұлттық ұландағы офицерлік жиынның қазіргі жағдайы» тақырыбында баяндама жасап, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Айдар Оразбаев «Әскери қоғамдық ұйымдармен және «Сарбаздар анасы» комитетімен бірлесе жұмыс атқару» турасында, сонымен қатар «Ұлттық ұлан сапындағы әскерилер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жасалған профилактикалық жұмыстар» тақырыбында нұсқаулық-әдістемелік сабақ жүр-
гізді.
«Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы редакциясының аға офицері, полковник Қуаныш Қожахметов әскери тәрбиешілерді бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеуде қандай негізгі қағидаларға мән беру қажеттігі турасында дәріс өткізді. «Ұлттық ұланға байланысты кейбір жалған ақпарат қоғам арасында резонанс тудырып жатады. Мұндайда шұғыл әрекет етіп, қысқа мерзімде нақты әрі толық расталған мәліметті жариялауға тырысу қажет», деген спикер БАҚ-пен жұмыс істеу барысында өңірлік қолбасшылықтардағы баспасөз қызметі басшыларының жұмысын одан әрі жандандыруға бағытталған бірқатар ұсынысын айтты.
Әскердегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелерін жетілдіру, жеке құрамның әскери тәртібі мен құқықтық тәртіпті, сондай-ақ әскери-патриоттық жұмысты нығайтуға арналған жиында әскери қызметшілер арасындағы моральдық-психологиялық дайындық пен суицидтің алдын алуға, жарғылық емес қарым-қатынастарды жоюға ерекше назар аударылды. Әскери тәрбиешілер осы үш күн ішінде алған білімдері мен тәжірибелерін жас сарбаздармен бөліспек.