https://www.akorda.kz/
Президент Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында олимпиадалық даярлық орталығы құрылысының барысымен танысты.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бүгінде атлетикалық манеж, мұз аренасын, көпфункционалды спорт залын, көркем және спорттық гимнастика залын, әкімшілік ғимараты мен қонақ үй салу жұмыстары аяқталғанын баяндады. Сонымен қатар жүзу бассейнінің, жекпе-жек залының, спорттық атыс алаңының, трибуналары бар стадион мен садақ ататын орынның құрылысы аяқталып келеді.
Президент ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылымды аралап көрді. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған.
Мемлекет басшысына аталған базаның бірегей ерекшелігі туралы айтылды. Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан. Бұдан бөлек, жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шайбалы хоккей, коньки спорты, бокс, күрестің барлық түрлері, жекпе-жек өнері, су спортының түрлері, спорттық оқ ату, садақ ату секілді спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командаларын даярлау жоспарланып отыр.
Президентке атлетикалық манеж бен спортшыларға арналған қонақ үй көрсетілді.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев аталған базаның орталық алаңындағы олимпиада алауының жанында спортшылармен әңгімелесті.
Президент бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту маңызды екенін атап өтті.
– Қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керек. Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Қалашықтың спорттық әлеуетін арттыра беруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жас спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.