Жұма күні ІV Қазақстандық инвестициялық саммит өз жұмысын жалғастырды. Саммиттің алғашқы күнінде мемлекетіміз үшін маңызға ие бірқатар меморандумдарға қол қойылғанын хабарлағанбыз. Ал екінші күн “Қазақстанды өркендету жолындағы өңірлік ынтымақтастық және экономикалық интеграция” тақырыбында жалғасын тапты.
“Интернешнл Геральд Трибьюн” газетінің жауапты редакторы Элисон Смейл модераторлық еткен мәжілісте Үндістанның Қазақстандағы елшісі Ашок Саджанхар Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы болып табылатындығын, аймақтағы тікелей шетелдік инвестициялардың 80 пайызы, сондай-ақ сыртқы сауданың да 80 пайызы Қазақстанның үлесіне тиетіндігімен дәйектеп өтті. Үндістан елшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың еркін сауда аумағын құруды ұсынғанын және Орталық Азия елдерінің көпшілігі оны қолдағанын еске сала отырып:
– Қазақстан технологиялық тұрғыдан дамыған және табиғи ресурстарға бай ел ретінде экономикалық көшбасшылық рөлін өз мойнына ала алады”, – деді.
Шетелдік компанияларды елге төртінші рет жинаған маңызды жиынның бір мәжілісі Қазақстандағы білім берудің жай-жапсарына, оның келешегіне бағышталған болатын.
– Қазақстанда әрбір 10 мың адамның 700-і студент. Бұл әлемдегі ең үздік көрсеткіш, – деді саммитте Қазақстанның мұнай және газ институтының Басқарушы директоры Жақсыбек Құлекеев. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстырғанда екі есеге жоғары. Бұл бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан мамандар дайындауда бірқатар қиындықтар тудырып отыр. Шешімі табылуы тиіс мәселелер көп. Меніңше, оны Батыс елдерімен әріптестік пен мықты бәсекелестік арқылы жүйелі түрде жоюға болады, деді Жақсылық Құлекеев.
Саммитте Қазақстан көлік және коммуникация саласында шетелдік инвесторларға барлық мүмкіндіктерді жасап отырғаны нақты мысалдармен мәлім етілді. Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов бұл бағытта салық, жер, бюджет кодекстеріне, автокөлік жолдары туралы заңға өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Министр индустриялық-инновациялық бағдарламалар аясында 16 миллиард долларлық 59 жоба жүзеге асырылғанын, қазіргі кезде оның 4,5 миллиард долларлық 9-ы іске қосылғанын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта автокөлік жолдарын дамыту бойынша 6 жоба жүзеге асатын болады.
– Бұлардың ішіндегі ең үлкені – “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” дәлізі. Жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымдық жобаға әлемдік 5 қаржы институты 3,5 миллиард доллар бөлді. Қазіргі кезде теңіз арқылы Азиядан Еуропаға жылына 700 миллиард доллардың тауары тасылады. Теңіз жолы уақыт жағынан ұзақ әрі қаржылай қымбат. Қазақстан аталған дәлізді салу арқылы теңіз жолына бәсекелес бола алады. Мысалы, автокөлік жолымен тауарды Азиядан Еуропаға 10 күнде жеткізуге болады. Бұл арзан, әрі тиімді, – деді министр.
Бұл жобалармен қатар алдағы уақытта құны 288 миллион долларлық 209 шақырымды құрайтын Тараз – Шымкент – Ташкент автожолы, 104 шақырымдық, құны 492 миллион долларлық Алматы – Қапшағай жолы, 70 шақырымдық 580 миллион долларды құрайтын Алматының үлкен айналма жолы жобалары жүзеге асырылмақ.
Құсайыновтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан аумағымен 6 халықаралық авто, 9 темір жол, 4 әуе дәлізі өтеді. Автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 128 мың, темір жол 14 мың шақырымды құрайды. 20 әуежай бар. Оның 15-і халықаралық, 9-ы ІKAO талаптарына сай келеді. Сондай-ақ Азия мен Еуропа арасына 11 миллион тонна жүк тасымалын жүзеге асыратын Ақтау теңіз порты бар.
Қазақстандық инвестициялық саммиттің басты тақырыптарының бірі ретінде уран өндіру мен ядролық өнеркәсіп саласы талқыланды. Бұл сала бүгінде әлемнің қызығушылығын тудырып отыр. Оның үстіне, Қазақстан былтырғы жылы 14 мың тонна уран өндіріп, әлемде уран өндірісінен бірінші орынға шықты. Сонымен қатар алдағы уақытта әлемнің бірқатар елдерінде атом электр стансаларын салу жүзеге асырылмақ. Бұл – қазақ уранына сұраныс артады деген сөз.
Шара барысында шетелдік меймандарды қызықтырғанда “Қазақстан уран өндірісін ұлғайта ма? Уран өндірісіндегі басты әріптестері ретінде кімді көргісі келеді? Уран өнімдерін өткізудің басты рыноктары қай елдер?” деген сауалдар болды. Мұндай сұрақтарға Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, “ҚазАтомПром” ұлттық компаниясының вице-президенті Сергей Яшин жауап берді. Д.Тұрғановтың айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта тек уранды өндіруге емес, оны өңдеп сатуға басымдық бермек. “Бұл бағытта Канада, Ресей, Франция, Қытай, Жапониямен бірлескен кәсіпорындар құрылды. Қазақстан бұл бағыттағы жоспарларын жүзеге асыруды жалғастыра береді. Қазіргі уақытта уран мұнай мен газ сияқты инвестициялық тартымды салалар қатарында. Сергей Яшиннің айтуынша, Қытай алдағы уақытта 160-қа жуық атом электр стансасын салуды көздеп отыр.
ІV Инвестициялық саммиттің жұмысы “Қазақстандағы инвестицияның болашағы: шолу мен мүмкіндіктер” секциясының отырысымен аяқталып, оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты.
– Болашаққа инвестиция салудың 3 жолы бар. Біріншісі, болашаққа ештеңе салмай мұнай мен газдан түскен қаржыны жұмсау – бұл жол ешқайда апармайды. Екіншісі, сыртқы әлемнен тыс іштей даму – қазір бұл бағытты қолдаушылар көп. Өйткені оларға сыртқы әлеммен бәсекеге түспей өмір сүру қолайлы. Бұл жол да дұрыс бағыт емес. Біз үшінші жолды таңдадық. Ол – білім мен инфрақұрылымға инвестиция салу. Әрине, білім саласы бірден нәтиже бере қоймайды. Алайда, біз бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау арқылы болашақта дамудың жаңа мүмкіндігіне қол жеткізе алатындығымызға сенім білдіреміз. Біз әлем алдында бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Сондықтан инфрақұрылымға инвестиция тарту – басты мақсат. Біз түбінде БСҰ-ға кіретін боламыз. Сонда сапалы білім мен өнімге салған инвестиция жеміс беретін болады. Қазақстан ұзақ мерзімді, бірақ болашағы үлкен бағытты инвестициялау жолын таңдап алды, – деді Үкімет басшысы.
Кәрім Мәсімов шағын бизнеске жағдай жасау, бұл бағыттағы кедергілерді жою, әлемдік бәсекеге қабілетті өнім өндіруге де инвестиция салуды басты мақсат деп білетінін жеткізді.
Саммитті оны ұйымдастыруға ұйытқы болып келе жатқан “Интернешнл Геральд Трибьюн” газетінің президенті Стивен Данбар-Джонсон қорытындылап, Қазақстанда өткен форум барлық тараптар үшін табысты болғанын атады.
Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.