«Заманауи үлгідегі екі мектепте білім алуға ниеттенген оқушылар қатары көбейді. Білім сапасын көтеру, балаларға толыққанды жағдай жасау үшін тағы да екі Binom мектебін ашу туралы шешім қабылданды. Бұл мектепте барлық мүмкіндік бар. Соған сай мектеп те үздіктердің бірі болуы қажет», деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Мәселен, Д.Қонаев атындағы Binom мектебінде 4 мың оқушы білім алады. Мұнда барлығы 160 сынып ашылған. Мәселен, 22 лицей сыныбында 550 бала оқиды. Ал 10, 11-сыныптарда жаратылыстану-математика бағытында оқытылады. Мектеп директоры Ләззат Дүйсенбаеваның айтуынша, білім ордасының аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 94 кабинет, оның ішінде физика, химия, биология пәндеріне арналған алты кеңейтілген зертхана мен зертханалық бөлмесі бар. Білім ордасы сегіз информатика кабинетімен, екі спортзал, хореография залы, 48 орындық мультимедиа сыныбы, 50 орындық кинозал, 300 орындық акт залы, ойын бөлмелерімен қамтылған. Ал кітапханаға 10 мың кітап қойылған. Сондай-ақ 75 орындық моноблогі бар «Таным» шығармашылық технологиялар орталығы, асхана мен медициналық пункт оқушылардың игілігіне қызмет етеді. Білім ордасында пішіндер мен материалдармен шығармашылық эксперимент жасау үшін 3D-принтер, металл, ағаш ою, мата өңдеу, технология, аспаздық шеберханалар, роботтехника кабинеті бар. Сондай-ақ STEAM білім беру кабинетімен, әр оқушыға арналған жеке локермен қамтылған. Ғимарат ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жеделсатымен, пандустармен жабдықталған.
Өңірде жаңадан ашылған білім ошақтарының бірі – Жаңаталап ауылындағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-интернаты. Алғаш рет есігін ашқан білім ордасының 7,8 және 9-сыныбында 150 оқушы оқиды. Оқушыларға 14 мұғалім дәріс береді. Ал келесі жылы оқушылар санын 300-ге жеткізу көзделіп отыр.
«Бұл мектеп-интернатта оқушыларға жалпы орта біліммен бірге әскери істің қыр-сыры оқытылады. «Сармат» мектеп-интернаты – көптен күткен жобаның бірі. Ғимарат құрылысы басталғалы бері білім ордасының тұжырымдамасы, тәрбиелік
жұмыс бағыты айқындалды. Мектеп-интернатқа қабылдану үшін оқушылар норматив тапсырып, тестілеуден өтті. Оқушылардың арасынан үздіктері таңдалды. Білім мен тәрбие – ажырамас ұғым. Мұнда оқушыларға сапалы білімге қоса, ұлттық тәрбие беріледі. Осында дәріс алатын әр түлек Отанына адал қызмет ететін офицерлер корпусының қатарын толықтырады», деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
«Сармат» мамандандырылған мектеп-интернатында жаратылыстану-математика бағытындағы физика, биология, химия, география пәндері тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ әскери бейіндік пәндер, спорт, алғашқы әскери дайындық, би, ән, домбыра сынды үйірмелер ашылған. Мектеп-интернаттың жанында үш қабатты жатақхана салынған. Оқушыларға әскери үлгідегі киім, бес мезгіл тамақ тегін беріледі. Пәндік сыныптардан бөлек, әскери дайындық үшін арнайы жаттығу алаңы, заманауи зертханалар және кітапханамен қамтылып отыр.
Атырау облысы