Мәдениет • 06 Қыркүйек, 2023

Жаңа маусым – кең тыныс

221 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының 63-концерттік маусымы ашылды. Көрерменнің көзайымына айналған өнерпаздар жаңа маусымды ерекше тыныспен, айрықша әсермен бастады. Бірнеше күнге созылған мәдени мерекеде «gala opening» жобасы аясында танымал әртістердің қатысуымен гала-концерт пен «Turan» этнофольклорлық ансамблінің «Bridge of Times» бірегей жобасы өтіп, «Джаз кештері» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды.

Жаңа маусым – кең тыныс

2 қыркүйекте өткен мерекелік іс-шараға ұлттық мәдениетті әлемдік кеңістікте танытып жүрген мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздары қатысты. Мәдени кешке «Қазақконцерттің» солистері мен өнер ұжымы, «astana musical» мемлекеттік театры, «Turan» этно-фоль­клорлық ансамблі, «Гүл­дер» ан­самблі, «Астана сазы» фоль­клор­лық ансам­блі, «Халық қазынасы» дәс­түрлі өнер орталығы, эстрада және клас­сикалық өнер бөлімінің солистері, сон­дай-ақ Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрмаш Махан, Бибігүл Жанұзақ, Салтанат Ахметова, Әлішер Каримов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Ру­хия Байдүкенова, Азат Малик, респуб­ликалық және халықаралық байқау­лардың лауреаты Дидар Әбдухалық және «Қазақконцерттің» барлық шығар­ма­шылық ұжымы мен әртістері қатысты.

Ал 3 қыркүйек күні «Turan» этно-фольклорлық ансамблі «Bridge of times» атты жаңа бірегей жоба ұсынды. Кеш бағдарламасында фольклорлық және симфониялық үздік туындылар орындалды. Іс-шарада композитор Ақтоты Райымқұлова, белгілі опера әншісі, «Ита­лия жұлдызы» орденінің кавалері Медет Чотабаев, опера әншісі, Арриго Бойто атын­дағы консерваторияның магистрі (Ита­лия) Әйгерім Алтынбек, пианист, кон­цертмейстер Дина Мирманова өнер көрсетті.

4 және 5 қыркүйек күндері «Джаз кештері» халықаралық фестивалі өтіп, jam-session-ға «Қазақконцерт» сахнасында үздік джаз топтары сахнаға шықты. Музыкалық кешке қатысқан өнер ұжымы мен солистерінің қатарында Айжан Нұрмағамбетова, Жанна Орынбасарова, Ғазиза Габдрахимова, Гүлнәр Көше­нова, Салтанат Меңдіғалиева, «Saz&Soul» вокалды-аспапты ансамблі, Шы­ғыс Қазақстан облысы Мәдениет басқар­масының «Ертіс концерт» РМҚК «Big Band», Қарағанды облысы мә­дениет, мұрағаттар және құжаттама бас­қармасы Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің, «Қос­танай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ «Джаз Big Band», Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының «Биг Бенд» джаз-оркестрлері мен солистері, «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі құрамындағы «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі, «Шабыт» шығармашылық ұжы­­мы, «Jam-session trio» триосы, «Gulder Band» ансамблі өнерлерімен бөліс­ті. Ал кештің басты қонақтары – Өзбек­станның халық әртісі Мансур Таш­матов және Өзбекстан мемлекеттік филар­мониясының солисі (саксофон) Азизбек Исматуллаев болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, джаз фестивалі көрерменге жаңа есімдерді ашуға арналған. «Қазақконцерт» құрыл­ған кезден бастап бірнеше жыл бойы мәдениет пен өнердің ордасына айналды. Елі­міздегі ең ірі концерттік ұйым бүгінде көпжылдық дәстүр бойынша рес­публиканың үздік әртістері мен шығар­машылық ұжымдарын шоғырландыра оты­рып, мәдени тарихты лайықты жал­ғастырып келеді», деді ұйым директоры.

Жаңа маусымның жаңалықтары тура­лы Орталық коммуникациялар қыз­меті алаңында өткен брифингте Роза Бағ­ланова атындағы «Қазақконцерт» мем­лекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова баяндады.

«Алдағы маусым керемет оқиғаларға толы болмақ. Жаңа жобалардың жұрт­шылықтың қызығушылығын тудыратынына сеніміміз мол. Себебі біздің тұрақ­ты көрерменіміз жазғы демалыс аяқтал­ғаннан кейін сүйікті әртістерімен кездесуді асыға күтеді. Айта кетейін, өткен 62-ші концерттік маусымды ойда­ғыдай аяқтап, мақсатымызға қол жет­кіздік. Бұл маусымда шығармашылық ұжым­дар мен әртістер үшін гастрольдік сапар­лар мен түрлі жобаға және айтар­лықтай оқиғаға толы болды. Жыл бойы «Қазақ­концерттің» әртістері мен шығар­­машылық ұжымдары респуб­ликалық, халықаралық және әлемдік турне бойынша 379 іс-шараға қатысты. Халықаралық гастрольде 35 концерт, 2 спектакль (АҚШ, Франция, Швейцария, Словения, Бель­гия, Аустрия, Хорватия, Мажарстан, Италия, Бразилия, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Өзбекстан, Қыр­ғызстан) қой­ды. Ал рес­публика көле­мін­де 72 концерт, 6 спек­такль ұсынды», деді ұйым директоры.

Сондай-ақ ол Қазақстанның халық әртіс­і Алтынбек Қоразбаевтың, Қазақ­станның Еңбек Ерлері Айман Мұса­ходжаеваның, Роза Рымбаеваның, компо­зитор, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Төлеген Мұхамед­жанов пен Еркеш Шакеевтің шығар­машылықтарына арналған жеке кон­церттері өткенін атап өтті.

«Роза Бағланова атындағы «Қазақ­концерт» мемлекеттік ұйымының әртіс­тері мен шығармашылық ұжымдары «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы бойынша 2022 жылғы тамыздан бас­тап, 2023 жылғы тамыз аралығында ел ішіндегі гастрольдік сапар­ларда 30 000 шақырымнан астам жол жүріп өтті. Гастрольдік іс-шаралармен ел ішінде 65 000 көрермен қамтылды. Осы жоба бойынша 2022 жылы «Қазақконцерт» ұжымы гастрольдік сапармен жаңа облыстар – Абай, Ұлытау, Жетісудың және Шығыс Қазақстан,Түркістан, Жамбыл облыстарының елді мекендерін аралап, өңір тұрғындарына арнайы концерт беріп қайтқан болатын. Ал биыл наурыз-сәуір айларында Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында гастрольдік сапармен болып, халыққа өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ аталған жоба Қостанай облысының бірқатар ауданында Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері Айжан Нұрмағамбетованың сахнадағы шығармашылығына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Жыл аяғына қарай дәл осы игі істің жалғасы ретінде «Қазақконцерттің» солистері мен өнер ұжымы Қызылорда өңіріне іссапарға шығады», деді А.Райымқұлова.

Иә, өткен маусым жаңадан жасақталған «Гүлдер» ансамблінің Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында өткен тұсаукесер концерттерімен де есте қал­ды. Бишілер Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне іссапарға шығып, өнерлерін көрсетіп қайтқан еді.

«Сонымен қатар «Astana musical» мемлекеттік театрының репер­туарында «Ент тапсырмаймын», «Достар серті», «Covid» спектакльдері болса, былтыр Балалар жылына орай арнайы балалар үшін «Алдар көсе» мюзиклі енді. «Astana musical» театры Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеттік мюзикл театр болып саналады. Маусым айында театрдың халықаралық фестивальда бірден екі жүлдені жеңіп алуын елорданың мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп білеміз. Оңтүстік Кореяның «daegu international musical festival» фестивалінде «Роза Бағланова» мюзиклі «Үздік халық­аралық мюзикл», ал театр әртісі Зарина Макина «Үздік әйел бейнесі» аталымымен марапатталды», деді ұйым директоры.

Концерттік ұйымның 2023 жылдың ІІ жартыжылдығының концерттік-гас­троль­дік жоспарлары да көп екені айтылды.

 «Қыркүйек айында Алматы көрермені үшін қала күніне орай «Алматыдағы Алтын күз «Қазақконцертпен» атты кон­церт­тік бағдарламамызды ұсынамыз. Іс-ша­раға қазақ эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағамбетова, Сүлеймен Ибрагимов, Жеңіс Ысқақова, Жа­зира мен Жанболат, Жанна Орын­баса­рова, «Меломен», «Азия» топтары және басқалары қатысады. Биыл екінші рет «alem saz» халықаралық музыкалық фестивалін ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл – әлемнің түкпір-түк­пірінен түрлі музыкалық бағыттағы бірегей музыканттарды бір сахнада тоғыстыратын ерекше іс-шара. Қыркүйек айының 28-і мен қазан айының 3-і аралығында өтетін фестивальға Түркия, Жапония, Мажарстан, Германия, Ресей мемлекеттерінен қонақ­тар күтілуде. «Арман асулары» атты ерекше қажеттілігі бар балалар­ға арналған республикалық фести­вальдың гала-концерті де екінші рет ұйым­­дастырылғалы отыр. Іс-шара Қазақ­­станның барлық аймағынан ерек­ше қажеттілігі бар балалар арасын­дағы таланттыларды анықтау, шығар­машы­лық қабілеттерін арттыру, дамытуға қа­жетті жағдай жасау және қолдау көрсету мақсатын көздейді. Астана қаласында өтетін фестивальдың гала-концертіне еліміз­дің өңірлерінде тыңдалым байқау­ларында жеңіске жеткен балалар танымал өнер жұл­дыздарымен бір сахнада бірге өнер көрсетеді», деп атап өтті.

Ұйым басшысының айтуынша, «Көш­пенділер әуені» халықаралық фестивалі де жоспарланған. Фестивальдың мақсаты – түркі халықтарының бірлігін және мәдениетін нығайтуға бағытталған, сон­дай-ақ ежелгі тамыры бар салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар арқылы біртұтас фоль­клорлық шығармашылық орта құру. Фестивальға түркі халықтарының танымал музыканттары қатысады. Атап айтатын болсақ, Өзбекстан, Түркия, Якутия, Мажарстан, Қырғызстан елдерінен өнерпаздар келмек. Одан бөлек, жетекші шығармашылық ұжымдар мен солистер Қытай, Түркия, Франция, АҚШ, Сербия елдеріне гастрольдік сапарға аттанбақ.