Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында өткен «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысып, Арнаулы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің дайындығын көзбен көрген болатын. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына кіретін Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығы Президенттің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №779 Жарлығымен құрылып, 3 ақпанда Мемлекет басшысының өкімімен Болат Жорабаев оның қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Арнаулы операциялар күштері елдің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында, оның ішінде терроризмге қарсы операцияларға және заңсыз қаруланған құрылымдарға қарсы іс-қимыл жасауға қатысу арқылы арнайы міндеттерді шешуге арналған.
Жаңа бөліністің қызмет етіп келе жатқанына екі жылға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында Қорғаныс министрлігі Мемлекет басшысының армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру және Қарулы күштердің жұмысын қайта құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде құрылған Арнаулы операциялар күштері қолбасшылығының күштері мен құралдар құрамын, міндеттері мен функцияларын айқындады. Жыл бойы басқару органдары мен бөлімшелерін құзыретті мамандармен жасақтау, оларды заманауи техникамен, қару-жарақпен және оқу-материалдық базамен жарақтандыру жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі қазақ армиясы – ел мен жерді тек сыртқы жаудан ғана емес, ішкі қауіп-қатерлерден де сенімді қорғай алатын алып күшке айналды. Арнаулы операциялар күштері соның ішіндегі ең заманға сай жабдықталған қуатты құрылымдардың бірі.