Білім • 07 Қыркүйек, 2023

Тегін үйірменің түйткілі

270 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға ден қойылған. Әсіресе мектептерде ArtSport платформасы негізінде балаларға арналған тегін үйірмелерді ұйымдастыру жұмысына ерекше мән беріліп отыр. Дегенмен осы бастаманың орындалуы көңіл көншітерліктей емес.

Тегін үйірменің түйткілі

Әуелде жақсы қарқынмен бас­талып, балаларды спортқа, шығар­машылыққа баулитын үйірмелер көптеп ашылғаны рас. Мемлекеттің қаржыландыруымен жергілікті кә­сіпкерлер балаларға арналған ор­талықтар жұмысын қызу бастап кет­кенін де білеміз. Жоба балаларға ғана емес, жұмыс орындарының да көбеюіне септігін тигізді. Алайда жол ортасына келгенде ақша бөлін­бей біршама үйірме жабылып тынды. Соңы сиырқұйымшақтанып кеткен бастаманың бас-аяғын матаған түйін шешілмей келеді. Жауапты министрлік пен жергілікті әкімдіктер тарапынан «Қарастырамыз, бірақ уәде бере алмайыз. Күтіңіздер...» дегеннен өзге жауап болмай тұр.

«Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жас­тарымыз қолөнердің және шы­ғармашылықтың бастапқы негіз­дері­мен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қы­зығушылығын дұрыс арнаға бағыт­тау аса маңызды. Балалар мем­ле­кетіміздің болашағы емес пе?! Әкім­дердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз», деген Мем­лекет басшысының тапсырмасы сөз күйінде қалғанға ұқсайды.

Ресми мәліметке сүйенсек, рес­публика бойынша жоба негізінде 560 мыңнан аса бала қамтылмақ. Ал Астана қаласы бойынша 86 188 бала үйірмелерге баруға тиіс. «Ба­лалардың әлеуетін арттыру мақ­са­тын­да өңірлерде 86,7 млрд теңге бө­лініп, нәтижесінде 560 мыңнан аса бала мен жасөспірім тегін спорт секцияларымен және шы­ғармашылық үйірмелермен қам­тамасыз етіледі. Ендігі кезекте өңір­лер процедуралық мәселелерді жеделдетіп, тез арада жұмысқа кірі­суі қажет. Осы орайда облыстық спорт басқармаларының басшыларымен бірлесіп жұмыс атқару, Мемлекет басшысы тапсырмасын са­палы орындау – ортақ міндет», деген еді экс-министр Асхат Оралов.

Өздеріңіз білетіндей, қазір ArtSport-пен қатар «DamuBala» платформасы да жұмыс істейді. Алайда наурыз айынан бері «DamuBala»-ға қаржы бөлінбегендіктен, үйір­ме­лер­ге қатысатын бала саны азайып, кейбірі жұмысын тоқтатқан. Қан­шама бала әлі кезегін күтіп жүр. ArtSport ұйымдастырушылары баласын тегін үйірмеге беруге кезекте тұрған ата-аналарға уәде беруден  шаршағанын айтады.

– Бізге бөлінеді деген 15 млрд теңгенің 5,7 млрд теңгесі әлі тиген жоқ. Соған байланысты жұмысы­мыз­ тұралап қалды. Ата-аналар да ба­лаларын үйірмелерге бере алмай отыр. Кәсіпкерлердің мойнын­да ғимаратты жалдау ақысы, қызмет­кер­лерге төлейтін жалақысы бар. Елор­дада тегін үйірмеге тіркелген 69 мың баланың әрі қарайғы «тағдыры» күні бүгінге дейін беймәлім болып тұр. Сондықтан шығармашылық және спорт бағытындағы ArtSport үйір­мелеріне 2023 жылы бөлінген қар­жыны қайта қарап, жыл соңына дейін жететін қаражат көлемін нақ­тылауды сұраймыз. Сондай-ақ Үкіметтен Астана қаласына 86 188 ба­лаға бекіткен 86 188 ваучерді жыл бойына тоқтаусыз толық көле­мін­де қаржыландыру тетігін қайта есептеп, кем дегенде бөлінетін қара­жатты 15 млрд теңгеге дейін жет­кізуін сұрап отырмыз, дейді ArtSport қауымдастығының төрайы­мы Лана Болат.

Қауымдастық өкілдерінің шағы­мын тыңдаған Астана қалалық мәс­лихатының депутаты Асқар Сма­ғұлов мәселені әкімдікпен ақыл­даса отырып шешу керегін айтты. «Бірден қаржы бөлінеді деу қиын» екенін де ескертті.

– Әрине, біз де балалардың қа­тарынан қалмай, тегін үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алғанын қалай­мыз. Мәселенің мән-жайын түсініп отырмыз. Бірақ қаржы бөлу я бөлмеуді әкімдік шешеді. Мұны күн тәртібіне қойып, жауапты адам­дардан нақты жауап алуға тыры­самыз. Алайда айта кететін мәсе­ле бар. Бұл – платформа жүйесі. Онда біраз олқылық бар. Осындай ор­талықтарды тексеру кезінде үйір­ме­ге қатыспайтын балалардың да тізімде жүретіні анықталды, деді А.Смағұлов.

Ал Астана қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қар­ма­сы ақшаның бәрі қыстан шығуға, кәріз жүйелерін жөндеуге, жылу мә­селелерін шешуге жұмсалғанын алға тартып отыр.

Ата-аналардың айтуынша, мектепте 1 бала 1 ғана үйірмеге тегін қа­тыса алады. Екі-үш үйірмеге қа­тар бару үшін ақша төлеу керек. Биыл үйірмелердің ақысы екі есе көтерілді. Сондықтан кей­бір ата-аналардың қалтасы бала­ның­ қалауын көтере алмайды. Сон­дай кезде ArtSport секілді плат­фор­малардың қызметі жақсы көмек­те­седі. «Мемлекеттің қолдауы ба­ла­лары­мызға үлкен қуаныш сыйлар еді», дейді ата-аналар.

– Балаларым «DamuBala» плат­фор­масындағы үйірмелерге қа­ты­­сып жүрген еді. Олар өз қалау­лары­­мен бірнеше үйірмеге баратын. «DamuBala» балаларымның бос уа­қытын тиімді пайдалануға әрі қы­зығушылықтарын дамытуға сеп­ті­гін тигізді. Бірақ жұмыс тоқтап қал­ғанда қатты қынжылдым. Олар мемлекеттік тегін бір үйірмеден бөлек басқаларына да қатысқысы келеді. Бірақ бұлар ақылы. Көпбала­лы ана болғандықтан, төлеуге шамам кел­мейді, дейді 6 баланың анасы.

Тап-тамаша бастама еді. Әттең соңы сұйылып барады...