Мектеп • 06 Қыркүйек, 2023

Қосқұдықтағы қуаныш

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Қосқұдық елді ме­кенінде бір мыңға тарта түтін бар. Ауылдағы мектеп­тің іргетасы өткен ғасырдың ортасында қаланған. Салын­ғанына 70 жылдан асқан ескі мектепте оқып келген ауыл балалары биыл жаңа білім ордасына көшті.

Қосқұдықтағы қуаныш

Жаңа мектептің салынуы­на осы ауылда кіндік қаны тамған Алдаберген ақсақалдың немересі Дәурен Қанатұлы ұйыт­қы болды. «Халық игілігі» қайы­рымдылық қоры 100 ба­лаға арналған екіқабатты жаңа мектептің құрылысын былтыр бастап, биылғы оқу жылында пайдалануға берді. Аумағы 3,5 мың шаршы метрге тең мек­теп құрылысына 750 млн тең­ге жұмсалған. Мұндағы оқу мем­лекеттік тілде әрі бір ауысымда жүргізіледі.

Осылайша, атымтай жомарт азамат ауыл тұрғындарын зор қуанышқа кенелтті. Әсіре­се жаңа оқу жылында та­балдырығынан төріне дейін за­манауи дүниелермен жаб­дық­­талған жаңа мектепте оқи­тын оқушылардың кеудесін мақтаныш кернеп жүр. Олар енді жақсы оқуға, үлгілі бо­лу­ға талпынары анық. Биыл Қос­құдықтағы орта мектепке 86 оқушы барды. 5 бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданды. «Жал­пы, Қосқұдықтың даму әлеуе­ті жоғары. Іргесінде темір жол стансасы бар әрі облыс орталығына жақын орналас­қан.­ Мектеп – маңызды инфрақұ­ры­лымдық нысан. Сол арқылы жас мамандарды, жас отбасыларды тартып, ауылға жан бітіруге болады. Бұл – елді мекеннің дамуына тың серпін береді», дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

– Бүгін отбасым үшін қуа­ныш­­ты күн. Осы уақытқа дейін бірнеше мектеп құрылы­сы­ның басы-қасында жүрсем де дәл бүгінгідей толқыған емес­пін. Өйткені бұл ауылда әкем Алдаберген туып-өскен. Жаңа мектепті ұлым Дәурен салып беріп отыр. Оның бұл ісі кө­ңілімді көкке көтерді. Осы ауылдың мектебінен бі­лім алып, болашаққа қанат қақ­қан ұл-қыздарымыздың мық­ты азаматтардың қатарына қо­сыларына сенемін, – деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ «Халық игілігі» қо­ғамдық қоры мектеп ұжы­мы­­на «Suzuki» маркалы авто­кө­лікті сыйға тартты. Сонымен қатар көпбалалы әрі әлеуметтік осал топтан шыққан 12 баланы мек­тепке даярлап, оқу құрал­дарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етті.

Заманауи мектепте 24 оқу кабинеті, 3 зертханалық (физика, биология, химия және информатика) кабинет, компьютерлік сынып, 2 шеберхана, акт және спорт залдары, жаттығу алаңы, сондай-ақ 60 орындық асхана мен медициналық кабинет, кітапхана бар.

Жалпы, Алматы облысында биыл 15 750 орындық 16 мек­тептің құрылысы жоспарланған. Оның 9-ы 1-қыркүйекте ашыл­ды. Қалған 5 мектептің құ­рылысы жыл соңына дейін аяқ­талады.

 

Алматы облысы