Қаржы • 07 Қыркүйек, 2023

КАSЕ-AIX: Жұтыла ма, біріге ме?

267 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қор нарығын дамыту басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, қор биржаларын бір басшылыққа біріктіруді ұсынды. Содан бері сарапшылар арасындағы әңгіме қазақтың екі биржасының арасындағы түйісу нүктелеріне бағытталып тұр. Бірі бізге екі бірдей биржа керек емес десе, енді біреулері қажет екенін, олардың екі түрлі заңмен өмір сүретінін алға тартады. Екеуі де бір-бірінің көз алдында бірін-біріне жұтылып кеткенін қаламайды...

КАSЕ-AIX: Жұтыла ма, біріге ме?

Сарапшылардың дені «ел­дегі инвестициялық климаттың әлеуе­ті екі биржаның салмағын көтере алмайды, мүмкіндіктерді жұмылдырып, қуатты биржаға айналғаны жөн еді» деген пікірді баяғыдан бері айтып келе жатқан болатын. Ел аузында айтылып, Үкіметтің қалың есіктерінен әрі аса алмай пұшайман болып келе жатқан бұл оңды пікірді Прези­дент қаперге алды. Екі биржаның өкілдері Президент тапсырмасын орындауға кірісіп  кетті. 

Сарапшылардың айтуынша, Мемлекет басшысы бұл жолы да үлкен тәуекелдің салма­ғын өз жауапкершілігіне алып отыр.  «Біздің қаржы жүйе­міз үшін бұл артық. Ішкі нарық­тың сыйымдылығы мен тартым­дылығын арттыру мақсатында осы биржалардың әлеуетін бір басқаруға біріктіру мәселесін пысықтауды тапсырамын»,  деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан қор биржасы (KASE) биыл  30 жылдығын атап өтуі керек. 1993 жылы елімізде ұлттық валюта енгізілген кезде ашылған еді. Бұл қор – валюта және ақша нарықтарына қызмет көрсететін жалғыз сауда алаңы.  Ал AIX – 2017 жы­лы Астана халықаралық қар­жы орталығының (АХҚО) құра­мын­да пайда болған жас компания. AIX өз жұмысында ағылшынның жалпы құқығының қағидат­тарын басшылыққа алады және АХҚО-ның реттеуші ортасында жұмыс істейді. Бастапқыда AIX акциялармен мәмілелер бойынша KASE-ге қарағанда бірнеше жоғары комиссияға ие болғанын әлі ұмытқан жоқпыз.

Экономист Андрей Чебо­таревтің айтуынша, қор биржа­лары бір-бірін біршама қай­талайды және бір-бірімен бәсеке­леседі. Бірақ екі биржаның өз ерек­шеліктері барын ұмыт­пауымыз керек. Қазірдің өзінде кейбір мәселелер бойынша сұрақ­тар пайда бола бастады. Са­рапшы айтып өткендей, KASE-де Мәскеу биржасының да акциясы бар.  Сол себепті аздаған тәуекел бар.

Чеботарев басқа айырмашы­лық­тардың қатарында KASE Мәскеу биржасының технология­лары негізінде құрылғанын, ал AIX NASDAQ технологияларына және жоғары технологияларға маманданған эмитенттер акция­ларының өлшенген нарықтық құнына негізделгенін атап өтеді.

«AIX заманауи және оңай әрі жылдам интеграцияға мүмкіндік береді. Ал  KASE Қазақстанның классикалық посткеңестік юрис­дикциясында, АХҚО – ағыл­шын құқығында, ол үшін құрыл­ған арнайы юрисдикцияда жұ­мыс істейді. AIX көлемі салыстыр­малы түрде аз. AIX-те валю­талық сауда-саттықтар жоқ, оның барлығы тек KASE-ге жібері­леді», деп атап өтті Чеботарев. 

Экономист АХҚО Аста­нада, ал KASE Алматыда орна­ласқанын, әртүрлі ережеге бағынатынын, KASE – Ұлттық банкке және Қар­жы нарығын реттеу және да­мыту агенттігіне қарасты еке­нін айтты. Ал AIX қаржылық қыз­мет­терді реттеу комитетіне есеп береді. Демек олардың заңы да әртүрлі. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшы­сы Мәдина Әбілқасымова Пре­зиденттің Қазақстанда жұмыс істейтін KASE және AIX биржаларын бір басқаруға біріктіру туралы ұсынысын қарайтынын, олар  өтімділіктің бірыңғай пулын құруы орынды екенін айтады. Төрағаның айтуынша, қалай  біріктіру керек, қай формада біріктіру керек екені АХҚО-мен бірге қосымша пысықталып, зерттеледі.

KASE журналистерге берген жауабында Мемлекет басшысы ішкі қаржы нарығының сыйымдылығы мен өтімділігін арттыру мақсатында екі биржаны біріктіру туралы тапсырма бер­генін, Қазақстан қор биржасы бар­лық мүдделі тарапты тарта отырып, осы үдеріспен жұмыс істеуді жос­парлап отырғанын айтты. Демек сең қозғалды. Енді оның нәтижесін алдағы жылдары көреміз.

«Сегіз айдың қорытын­дысы бойынша KASE сауда-саттық­тарының орташа тәуліктік көлемі 1,5 трлн теңгені, орташа күндік транзакциялар саны 5,1 мыңнан асады. «KASE кли­рингтік ор­та­лық» қыркүйек айы­ның соңына дейін іске қосы­лады деп жос­парланған» деп хабар­лады биржаның баспасөз қызметі.

«Астана» халықаралық қар­жы орталығы мәселені талқы­лауға, сондай-ақ нарықтық инф­ра­құрылымды бірік­тіру үшін бір­лесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтып отыр.

«Ел экономикасының өсуінің маңызды элементтерінің бірі – капитал нарығы. Дамыған капитал нарығы жақсы идеяларды қаржыландыруға мүмкіндік береді, кәсіпкерлікті ынталандырады, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттырады, жаңа инвестициялық құралдарды жасайды. Сол арқылы кәсіпкерлер­ге жұмыс орындарын құруға және әл-ауқатын жақсартуға көмектеседі. Мықты бизнес, жұмыс орындарының көбеюі, сондай-ақ әл-ауқаттың артуы салық базасын нығайтады, сол арқылы мемлекетке ортақ игілікке инвестиция салуға мүмкіндік береді», деп атап өтті биржаның баспасөз қызметі.

«QAMS Басқарушы кеңесінің төра­­ғасы Ерқанат Әбени қор биржалары­ның әлеуеттері бірікті­ріліп, әрекеттері үйлестірілетінін айтады. Сарапшы­ның айтуынша, екі биржадағы акциялар бағасының айырмашылығы бар. АХҚО-да өтімділік аз болған­дықтан құны төмен. Ол сондай-ақ қазақстандық эмитенттердің көпшілігі KASE-ге басымдық бере­тінін атап өтті, өйткені ондағы шарттар жұмсақ және олар қазақ­стандық заңнаманы жақсы түсінеді. 

«QAMS қабырғасында көгілдір фишкаларды бір биржада, ал екіншісінде кішірек эмитенттерді сату туралы пікір алмастық. Себебі мұның қалай жұмыс істейтінін АҚШ-тағы екі биржаның мысалында анық көруге болады: Nasdaq – негізгі биржа, мұнда эмитенттерге қатаң талаптар қойылады, бірақ эмитенттерге неғұрлым жұмсақ ережелерді қарастыратын OTC алмасу платформасы да бар», дейді сарапшы.  

Ол отандық қор биржа­ларының әлеуеті біріктірілгеннен кейін осы қағида бойынша жұмыс істейтінін жоққа шығармайды. Биржаларды АХҚО бақылауына біріктіру қисынды. Өйткені әділ заңнама бар. Неғұрлым анық және әділ бағалау бағалы қағаздарды инвес­торлар үшін тартымды етеді және миноритарлық акционерлердің құқықтарын қорғайды.

«Eurasian Capital» басшысы Асқар Айтқожа AIX құрудағы мақсат Орталық Азиядан, мүмкін Ресейден компания­ларды лис­тингке тарту екенін еске салды. Сондықтан ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейтін биржа пайда болды. Бірақ Айтқожаның айтуынша, биржаға белгілі бір компания кіргенімен, бастапқыда жоспарланғаннан аз болып шығуы мүмкін екенін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан жақында IPO немесе бағалы қағаздарды орналастыру болған кезде, эмитенттерге оларды Aстана қор биржасы мен AIX биржасында да, KASE биржасында да шығаруға тура келді. Бұл – брокерлік компаниялар да көтеретін қосымша шығындар.

«Менің ойымша, Президент жария­лаған шешім мемлекет пен бизнес шығындарын оң­тай­ландырудың бір бөлігі. Мем­лекет басшысы бұл жолы  да шығындарды оңтайландыруға ба­сымдық беріп отыр. Сондық­тан бұл ұсыныс жалпы тұжы­рым­дамаға сәйкес келеді», деді ол.

Сарапшы айтып өткендей, бізге эконо­миканың эмитент пен инвестор қызмет­тердің толық спектрін алатын бір нақты платформа болуы керек. Себебі біздің ел екі биржа ұстайтындай деңгейге жеткен жоқ. Сондай-ақ бізде биржаны біріктіру тәжірибесі де жоқ екенін еске салып өтті.

 

АЛМАТЫ