Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Президент сөз басында айтқандай, мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысы өсті. Миллионға жуық ел тұрғыны зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланып, тұрғын үй мәселесін шешті. Мұның барлығы рас. Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салу қолға алынған. Ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да келер жылдан бастап жүзеге аспақ. Сонымен қатар игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді Президент. Мұның барлығы соңғы жылдардағы елеулі өзгерістер деуге болады.
Енді жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылатынын жеткізді. Кейінгі уақытта су тапшылығы жиі көрініс беріп келеді. Бұл – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын», деп жаңа министрлік құруды тапсырды.
Мемлекет басшысының өндірістік жарақат туралы Жолдауда айтуы оның бұл мәселеге назар аударып отырғанын көрсетеді. Өндіріс біздің өңір үшін бірінші кезекте тұр. Сондықтан өндіріс қауіпсіздігі мәселесі облыс үшін маңызды. Президент Үкіметке жыл соңына дейін 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды. «Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек», деп атап өтті.
Зара ШАЛАБАЕВА,
Қарағанды облыстық
мәслихатының депутаты