Инфографика • 07 Қыркүйек, 2023

Жолдау және жалпыұлттық іс-шаралар жоспары

508 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағ­дары» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шара­лар жоспарының жобасы қаралды.

Жолдау және жалпыұлттық іс-шаралар жоспары

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Премьер-министр Әлихан Смайылов бұл Үкіметтің жаңартылған құрамдағы алғашқы отырысы екенін атап өтті. Осыған орай күн тәртібіндегі негізгі мәселені қарау алдында Үкіметтің жаңа мүшелерінің ант беру рәсімі өтті.

Әлихан Смайылов әріптестерін құттықтай отырып, барлық министр­лер межеленген міндеттерді, осыған дейін қабылданған жоспарлар мен тұжырымдамаларды, сондай-ақ Мем­лекет басшысының әсіресе жуырдағы Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау қажеттігін атап өтті.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл құжат экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын сапалы өсіруге бағытталған 100 іс-шарадан тұратынын баяндады.

Өңдеу өнеркәсібі саласында ірі кәсіпорындардың ел ішінде шикізатты, концентратты және бастапқы металды кезең-кезеңімен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелері заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шаралары тек орта және жоғары өңдеу өнімдерін өндірушілерге ғана көрсетілетін болады.

Сонымен қатар отандық қайта өңдеушілерді шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету үшін өндіруші кәсіпорындармен келісімдер жасасудың қолданыстағы ерікті тетігі міндетті сипатқа ауыстырылады. Бұл ретте ерекше бәсекелестік баға белгілеу бойынша қолданыстағы тетік, яғни экспорттық бағадан төмен баға сақталады.

Реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру заңнамалық мін­дет­темелерді енгізу есебінен қамта­масыз етілетін болады. Атап айтқанда, ірі тапсырыс берушілермен офтейк-келісімшарттар, ұзақмерзімді шарттар жасасуды, сондай-ақ өз өндірісінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру жөнінде шаралар қабыл­дауды көздейтін Жергілікті қамтуды дамыту бағдарламалары қабылданады.

Қорғаныс өнеркәсібінде зауытаралық кооперацияны ескере отырып, әртүрлі калибрлі артиллериялық оқ-дәрілер, атыс қаруы және ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты жаңа өндірістер ұйымдастырылады.

Туризм саласындағы осы жылдың соңына дейін кемінде 15 ірі жобаны айқындау және әкімдердің дербес жауапкершілігін бекіте отырып, арнайы жол картасын бекіту жоспарланып отыр.

Геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру және көмірсутектердің ресурстық базасын ұлғайту мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер топтамасы қабылданады. Сонымен қатар ірі кен орындарында жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Газ тасымалдау жүйесін кеңейту бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырылатын болады. Сондай-ақ АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бөлігінде «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономика­сы» бағдарламаларын біріктіру есебінен Шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді. Кешенді бағдарлама бәсе­кеге қабілетті және өсуге әлеуеті бар шағын және орта бизнесті қолдауға бағыт­талатын болады. Сондай-ақ бизнес­тің санатына және технологиялық күр­­­де­лілік деңгейіне байланысты қолдау шараларының кең спектрі бар топта­малық шешімдер енгізіледі.

Бұдан басқа орта бизнес сегментін кеңейту және кәсіпкерлерді бөлшек­тенуге ынталандырмау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшарт­тары (кіріс, жұмыскерлер саны) қайта қарау жоспарланып отыр.

«KazakhExport» базасында экспорт­таушылардың қолдау шараларына қол жеткізуін жеңілдетуге мүмкіндік беретін толыққанды экспортты ілгерілету институты құрылады.

Мемлекеттік сатып алу бойынша жинақталған проблемаларды шешу үшін бүгінгі таңда тиісті заң жобасы әзір­ленді. Ол сатып алынатын тауар­лардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды, сатып алу үдерісін оңайлатуды, сатып алуды өткізу мерзімдерін қысқартуды көздейді. Жақын арада заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады.

Квазимемлекеттік сектор субъек­тілерін бәсекелестік ортаға беру немесе оларды қайта ұйымдастыру жалғасады. Осы жылдың соңына қарай КЕГОК компаниясында, ал 2024 жылы – «Эйр Астана», 2025 жылы – «QazaqGaz», «Қазақстан Темір Жолы», «Самұрық-Энерго» компанияларында 5%-ға дейін IPO/SPO жүргізіледі деп күтіліп отыр. Халықтық IPO-да «ҚазМұнайГаз» IPO-сы сияқты ел азаматтарының өтінімдері басым тәртіппен қанағаттандырылады.

Агроөнеркәсіп кешенінде бастапқы өндірістен неғұрлым жоғары өңдеу өнімін шығаруға көшу мақсатында терең өңдеуге арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері 50%-ға дейін арттырылатын болады. Солтүстік Қазақстан облысының ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша табысты тәжірибесі құс фабрикаларын, көкөніс сақтау қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салуға қолданылады.

Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялау мен лизингті қаржыландыру ұлғайтылады. «Білім – ғылым – өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қатарласа интеграцияланған агротехнологиялық хабқа трансформацияланатын болады.

IT-қызметтер экспортының көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту үшін 2026 жылға қарай Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінде IT-хабтар ашу жоспарланып отыр. Жасан­ды интеллект саласын дамыту мақсатында ірі халықаралық құрылыммен бірлес­кен кәсіпорын құру мәселесі пысықтала­тын болады.

Саланың тартымдылығын арттыру, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторларды венчурлық қаржылан­дыруға ынталандыру үшін заңнамалық түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар олар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау есебінен ірі деректер орталықтарының құрылысына инвестициялар тартуға бағытталатын болады.

Республика бойынша біртұтас IT-экожүйені дамыту мақсатында өңір­лерде Astana Hub үлгісі бойынша технологиялық хабтарды ашу мәселесі пысықталатын болады. Бұдан басқа еліміздің барлық мектебі отандық білім беру ресурстарына қол жеткізу кезінде тегін интернет-трафикпен қамтамасыз етілмек.

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін іске асыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүс­тік-Оңтүстік дәлізі арқылы тасымал­дау көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жалғасады. Сондай-ақ мультимодальды тасымалдарды дамыту және сол үшін қажетті инфрақұрылымды құру көзделеді.

Автомобиль жолдарын сапалы реконструкциялау бойынша ұзындығы 4,7 мың км негізгі автожол жобалары айқындалды. Бақылауды қатаңдатуға қатысты инженерлік және авторлық қызметтердің жауапкершілігін күшейте отырып, сапаны бақылаудың бірыңғай республикалық жүйесі енгізілетін болады. Бұдан басқа 2025 жылға дейін жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, автожол саласының қолданыстағы 1 200 нормативі қайта өңделіп, оңтайландырылатын болады.

Білім алудағы теңдікті қамтамасыз ету үшін цифрлық білім беру ресурстары тегін қолжетімді болады. Сонымен қатар бес жастан жоғары балаларды қамтитын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу көзделіп отыр. Жоба білім алуға жеңілдетілген несие мен сараланған грант алу тетігін интег­рациялауды көздейді.

Еңбек нарығын техникалық және жұмысшы мамандықтарын игерген азаматтармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бо­йынша жұмыс жалғасады.

Азаматтарды тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесімен қамтуды кеңейту және оларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Отбасы банктің» жұмысы облыс орталықтарынан аудан­дарға, моноқалалар мен ауылдарға қайта бағытталатын болады.

Ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін арттыру мақсатында «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер енгізілетін болады.

Платформалар арқылы жұмыспен қамтуды реттеу аясында пилоттық режім­де интернет-платформаларды пайдала­на отырып, қызметтер көрсететін адам­дарды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібі сынақтан өткізілетін болады.

Зиянды еңбек жағдайларында жұ­мыс­пен қамтылған адамдарды қолдау үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізу мақсатында тиісті заңдарға түзетулер енгізілетін болады. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданатын болады.

Жалпы, жоғарыда аталған және басқа да бірқатар шараны іске асыру 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқыны мен көлемін екі есеге арт­тыруға мүмкіндік береді. 2028 жылға қарай республиканың ІЖӨ-сі 475 млрд дол­ларға дейін өседі деп күтіліп отыр. Бұған, атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өңдеуші өнеркәсіп пен АӨК-тегі оң динамика ықпал ететін болады. Инвестицияларды игеру аясында құрылыс саласында тұрақты өсім кү­тіліп отыр. Нақты сектордағы өндірісті ұл­ғайту қызмет көрсету секторын дамы­туға ықпал етеді.

Премьер-министр ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдауда айтылған барлық бастама мен тапсырманы қамтитынын атап өтті.

«Құжат жедел экономикалық өсімге, инфрақұрылым мен иннова­ция­­лар­ды дамытуға ықпал ететін жаңа эко­но­­микалық саясатты іске асыру жөнін­­дегі маңызды міндеттерді шешуге б­а­ғытталған. Бұл сайып келген­де халықтың тұрмыс сапасының жақ­саруына әсер етеді»,  деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, аталған шараларды тиімді іске асыру, бірінші кезекте министрлер мен әкімдердің, сондай-ақ тұтастай алғанда, экономикалық саясатты іске асыруға жауапты Үкіметтің үйлесімді және жедел жұмысына байланысты болады.

«Барлық мемлекеттік орган мен әкімдік Жоспарды бірден орындауға кірісуі қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары көзделген іс-шара­лардың сапалы және уақытылы орын­далуын қамтамасыз етуге тиіс. Қаржы­лан­дыруға қатысты барлық мәселе пысық­талуы керек»,  деді Әлихан Смайылов.