Футбол • 07 Қыркүйек, 2023

Отыз мың жанкүйердің өкініші. Қазақстан Финляндия құрамасынан 0:1 есебімен жеңілді

230 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу аясында Қазақстан құрама командасы Фин­ляндия командасымен кез­десіп, 0:1 есебімен жеңі­­ліс тапты.

Отыз мың жанкүйердің өкініші. Қазақстан Финляндия құрамасынан 0:1 есебімен жеңілді

Суретті түсірген – Арлан ОЛЖАБАЙ

Ақсақалдың арманы

Кешегі «Аста­на Аренаға» жиналған 30 мыңнан аса жан­күйер­дің ті­легі біреу ғана болды. Ол – Қа­зақстанның жеңісі. ФИФА рей­­тингінде 55-орында тұрған фин­дер­ді қолдауға келген азын-аулақ жан­­күйерді айтпа­ғанда, 30 мың жанкүйер сиятын «Аста­на Аренада» ине шаншар жер болған жоқ.

Стадионға ең­бек­­теген баладан ең­кей­ген қартқа дейін ағылып келді. Жастар «Қа­зақ­стан, алға!», деп ұрандаса, жет­­пістің үстін­дегі ақсақал Сай­лау Мақ­­сұтұлы бұрын мұндай жетіс­­тік болмағанын, қартайған ша­ғын­да ел құрамасын Еуро-2024 додасында көргісі келетінін неме­ресіне айтып келе жатыр екен. Дереу ақсақалды сөзге тарттық.

– Бұрын Алматыда тұрға­нымда КСРО чемпионатында сынға түскен «Қайратқа» жанкүйер болатын едік. Қазір ел чемпионатын сирек көремін. Ал құрамаға үнемі жан­күйерлік танытамыз. Шүкір, ел құрамасы бүгінде тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Мұндай жетістікті біз бұ­рын көрмегенбіз. Бұрын Азияда жүргенде де мықты деген қар­сы­ластарымызға жол беретін едік. Егерде Финляндия мен Солтүстік Ирландияны футболшыларымыз жеңсе, онда нәтижеміз біршама жақсарып, Еуроға шығуға мүм­кіндік туар еді. Менің арманым осы, – дейді ақсақал.

Стадионның ішіндегі атмосфераны айтып жеткізу мүмкін емес. 30 мың жанкүйердің қолын­дағы желбіреген Қазақтың көк туы «Астана Аренаның» сәнін келтірді. Ал 30-минутта барлық жанкүйер «Атамекен» әнін бір­дей шырқады. Бір қызығы, екі команда арасында матч аяқ­талса да, стадионға жиналған жан­­күйерлер «Қазақстан», «Қазақстан» деп футболшыларға қолдау көрсетті.

 

1-тайм

Ойынды екі құрама өте сақ бастады. Алғашқы 5 минут қос құрама бір-бірін барлаумен болды. Әсіресе допты финдер көбірек бақылауда ұстады. Тек ойынның 6-минутынан бастап біздің жігіттер белсенділік та­ныта бастады. 7-минутта Абат Айымбетовтен әдемі пас алған Бахтиер Зайнутдинов шамамен 25 метрдей жерден қарсылас команданың қақпасын көздеген болатын. Өкінішке қарай, Бах­тиердің бағыттаған добы қақпа­дан биік кетті. Ал ойынның 9-минутында Исламбек Қуатта есепті ашатын тамаша мүмкіндік болған еді. Алайда Исламбек допқа жетпей қалды. 14-минутта Нұ­рәлі Әліптің әуелете асырған добы Бахтиер Зайнутдиновке жетпеді. Ал 28-минутта екі бірдей қорғаушыны алдап өт­кен Абат Айымбетовте гол соға­тын зор мүмкіндік болды. Абат тепкен доп қақпашының қолы­нан табылды. Артынша Ян Вороговский (29-минутта) алыстан керемет соққы жасап көріп еді, қақпашы допты төбесінен асырып жіберді.

Сен соқпасаң, саған соғады! 34-минутта үш ойыншымызды алдап өткен Теему Пукки өзінің командалас әріптесі Оливер Антманға керемет пас бергені сол еді, Антман көп ойланбай есеп ашты. Абырой болғанда соғылған гол есепке алынбады. VAR нұсқауына сүйенген төреші Раду Петреску шабуыл кезінде доп алаңнан шығып кеткенін байқады.

Ойынның 41-минутында алаң­ның орта тұсынан өзіне ың­­ғай­лап алған допты Аслан Дарабаев қақпаға жақындап шірене теуіп еді, қақпашы Лукас Градецки орнынан табылды.

 

2-тайм

Екінші кезеңде біздің футболшылар шаршаңқырап шық­қандай көрінді, бізге. Себебі фин­дер айналдырған бірнеше минут ішінде 3-4 шабуыл жасап үлгерді. Әсіресе 62-минутта қонақтардың №11 ойыншы­сы Расмус Шуллер өзіне ың­ғай­лы келген допты қақпа­ға бағыт­тап көрді. Абырой бол­ған­­да, қақ­пашымыз Игорь Шац­кий қауіп­тің бетін қайтара білді. Алайда жеңіске деген құлшынысы жо­ғары болған финдіктер 78-минутта дегендеріне жетті. Сол қап­тал арқылы суырылып шық­қан Расмус Шуллер есеп ашып, командасын алға шығарды. Шуллер Еуро-2024 іріктеу аясында үшінші мәрте қақпаның саңылауын тауып отыр. Осы гол­дан кейін екінші таймда алаң­­­ға шыққан Самородов, Тапа­­­лов, Оразов, Чесноков және Дос­ма­ғамбетов белсенді болға­­ны­мен есеп өз­геріссіз қал­ды – 0:1, Фин­ляндия құрамасы маңыз­ды 3 ұпайына иелік етті.

Ой­ыннан кейінгі бас­па­­сөз мәслихатында Қазақ­стан құра­масының бас жаттық­тырушысы Магомед Адиев ойынның қиын болғанын, ойыншылар керек емес қателік жібергенін айтты. Сондай-ақ ол аз уақыт ішінде Солтүстік Ирландияға қарсы жігіттерді дайындайтынын жет­кізді.

– Бүгін біздің жолымыз болмады. Ойыннан кейін жігіттерге өткенді ұмытып, келесі ойынға дайындалу керек екенін айттым. Екі құрамаға да ұпай ауа­дай қажет еді. Бұл кеште фин­дердің мерейі үстем болды. Иә, жігіттер қателіктер жіберді. Бұл – футбол, ойын қателіксіз бол­майды. Екінші таймда біз­дің мүмкіндіктеріміз бірінші таймға қарағанда көптеу болды. Ойынды ертең қайта қа­рап, талдап, қателіктермен жұ­мыс істейміз. 10 қыркүйекте Сол­түстік Ирландиямен болатын ойынға тыңғылықты дайындаламыз, – деді бас жаттықтырушы М.Адиев.

 

Статистика не дейді?

Финляндия құрамасы туралы не айтуға болады? Осы ойынға дейін Финляндия Қазақстан құ­рамасы секілді 4 ойыннан кейін 9 ұпай жинап, топта бірінші орынды бөлісіп тұрған еді. Екі құрама соңғы үш ойында жеңіске жеткен еді. Қазақстан мен Финляндия бір-бірімен 4 мәрте кездесіп, барлық ойында да финдер жеңіс тойын тойлаған. Қазақстан соңғы рет финдердің қақпасына 2007 жылы гол соққан.