https://senate.parlam.kz/
Кездесуде М.Әшімбаев конференция аясында конституциялық бақылау мәселелері бойынша сындарлы пікір айтып, тәжірибелерімен бөліскені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Конституциялық Соттың қоғамдағы маңызы жоғары екенін жеткізді.
«Конституциялық Сот – азаматтардың құқықтарын қорғайтын маңызды институт қана емес, сонымен бірге заңнаманың ел Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізетін тетік. Осы бағытта бірлескен жұмыстың әлеуеті зор. Сондықтан біз Конституциялық Сот пен заң шығарушы орган арасындағы өзара іс-қимыл туралы шетелдік тәжірибелерге үлкен мән беріп отырмыз», деді Палата Спикері.
Мәулен Әшімбаев Сенаттың заң шығару қызметіне тоқталып, Палатаның жұмысы негізінен Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген реформаларды сапалы іске асыруға бағытталғанын айтты.
Кездесу барысында тараптар түрлі елдердің конституциялық сот төрелігі саласындағы негізгі бағыттар мен басымдықтарды да талқылады. Атап айтқанда, судьялар демократияның маңызды элементі ретінде адам құқықтарын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесіне ерекше назар аударды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова, Сенат басшылығы мен депутаттары да қатысты.