Таным • 10 Қыркүйек, 2023

Армандастар – құрдастар

305 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бір ауылда туып, бір мектепте оқып, құлын-тайдай шұрқырасып өскен сыныптас достармен басымыз қосыла қалғанда осы әнді шырқай жөнелеміз. Ән шумақтарын бәріміз де жатқа білеміз. Оны бізге дейін әке-шешеміз де, аға-апаларымыз да талай мәрте шырқаған еді. Тіпті мұқым қазақ шырқайды десек артық айтпаймыз. Сонда бұл әннің қандай құдіреті бар? Кейде адамның ой-қиялы, ұғымы жетпейтін дүниелер болады ғой. Әлде сондай ма екен?

Армандастар – құрдастар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл туындыны сіз де жақсы білесіз, мүмкін оны талай мәрте орындаған боларсыз. Иә, солай болуы керек. Оған ешқандай күмәнім жоқ. Жә, жұмбақтап қайтеміз. Ол әннің аты – «Армандастар». Енді есіңізге түсті ме? Әуезді сазын көр­некті композитор Әсет Бейсеуов шы­ғарса, сөзін белгілі ақын Нұрсұлтан Әлім­құлов жазған. Екі талантты тұлғаның тандемінен туған дүние қалай олқы болсын. Бұл әннің жарыққа шыққанына 50 жылдан аса уақыт өтіпті. Уақыт шаңына көміліп қалмаған шығарма әлі де жасай берері хақ. Оны жүз жылдан, мүмкін мың жылдан кейін қазақ баласы шырқайды деп ойлаймыз.

«Армандастар» – өмірде жаны үндес, сыры бір адал достардың әнұранына айнал­ған туынды. Екпінді, әуезді жазыл­ған ән алғашқы шумағынан бастап бірден тар­та жөнеледі. Нанбасаңыз, бірінші шума­ғын оқып көрейік.

«Бір ауылдың түлеп ұшқан

жастары едік,

Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік.

Бәріміз де жазылмаған дастан едік,

Армандастар – құрдастар!

Ал қайырмасы тіпті керемет...

Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,

Бәріміз бір өмір жолын бастап едік.

Армандастар қайда?

Абзал достар қайда?

Замандастар, қарлығаштар

қайда екен?»

Осындай ғажап әннің шығу тарихы да қызық. 1972 жылы Әсет ағамыз өмірде өзімен бірге жүрген достарына арнап, бір ән жазуға ниеттенеді. Оның сөзін жақын досы Досан Жанботаға «жазып бер» деп қолқа салады. Досан ағамыз ән мәтінін енді жазамын деп жүргенде, композитор әуенін шығарып, оны жақын достарына орындап береді. Олар әлі ыстығы басылмаған жаңа шығармаға тәнті болып, жоғары бағасын береді. Сол достарының ортасында ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов та болған. Ол да әнді бірден ұнатып, сазгерден «Ән мәтінін мен жазып берейін» деп келі­сімін алады. Сөйтіп, өмірге тамаша туынды келді.

Бұл әнді сахнада алғаш рет керемет әнші, Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлова орындаған. Бір күні Әсет Бейсеуов сол кісіге хабарласып, жаңа ән жазғанын айтады. Ол кезде әнші «Гүл­дер» ансамблінде істейді. Сара апамыз оны Алматыдағы Республика сарайында өткен бір концертте оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындайды. Содан бастап әннің бағы жанып, ел арасына бірден таралды. Бұл әнді Нұрғали Нүсіпжановтан бастап, Сұлу­шаш Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Құдайберген Бекіш секілді дүл­дүл әншілер нақышына келтіріп шыр­қады. Қазір бұл шығарма кейінгі жас­тардың да репертуарынан түспейді. Осыған қарап, елу жылдан аса тыңдарман құр­метіне бөленген туындыны тудырған Әсет Бей­сеуов пен Нұрсұлтан Әлімқұлов секілді қос тарланбоздың рухына бас иесіз!

Негізі, айтулы композитор, Қазақстан­ның халық әртісі Әсет Бейсеуов қазақ ән өнерінің қазынасын байытып, оны шыр­қау биікке көтерген Нұрғиса Тілен­диев, Ілия Жақанов, Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев се­кілді сиректер санатынан. Әсет аға­ның назды да сырлы сазды кез келген туын­дысы тыңдарман жүрегінен бір­ден жол табады. Оның музыкасын тың­дағанда жан дүниеңіз ғажайып күйге бөленіп, ерекше нәзік сезімді бастан ке­шесіз. Композитордың біз айтып отырған шығармасынан басқа, «Гүлдер», «Ша­қырады көктем», «Мұңайма», «Алты­ным», «Маралдым», «Сандуғаш», «Алма­лы Алматым», «Жұлдызым», «Сырласу вальсі» және тағы басқа әндерін де жұрт сүйіп тыңдайды. Сонымен қатар ол кісі ән ғана емес, бірқатар телефильм мен қойы­лымға да музыка жазған.

Ал ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың орны тіпті бөлек. Оны академик Зей­нолла Қабдолов «Ән өлеңінің классигі» деп бағалапты. Ақын көзі тірісінде бірнеше жыр жинағымен бірге 400-ге жуық ән мәтінін жазыпты. Ойлап қарасаңыз, үлкен еңбек. Жалпы, бізде ән мәтінін жазатын ақындарды көп бағаламайды. Орыстарда оларды «поэт-песенник» деп ерекше көреді. Мәсе­лен, атақты ком­пози­тор Александр Зацепин мен ақын Леонид Дербеневтің шығармашылық достығының арқасында жұртшылық ұйып тыңдап, сүйіп айтатын 100-ден аса шығарма өмірге келген. Ал орыс халқы Л.Дербеневті қалай қадірлейді? Ақынның 80-90 жылдық мерейтойы ешқашан елеу­сіз қалған емес. Әлімқұловтың ән мәтін­дері одан асып түспесе кем деп айта алмаймыз. Бірақ құрметіміз кемшін...

Алайда дана халқымыз «Алтынды тот баспайды» деп бекер айт­паған ғой. Сан ұрпақтың кәдесіне жарайтын «Ар­мандастар» секілді ға­жап ән қал­дырған Әсет Бейсеуов пен Нұр­сұлтан Әлім­құловтың есімі ешқашан ұмы­­тылмайды.

Айтпақшы, кеше мектепте оқитын қызым осы әнді ыңылдап айтып жүр. Қай­дан үйренгенін білмедім, бірақ кө­ңілім көтеріліп қалды.