Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл туындыны сіз де жақсы білесіз, мүмкін оны талай мәрте орындаған боларсыз. Иә, солай болуы керек. Оған ешқандай күмәнім жоқ. Жә, жұмбақтап қайтеміз. Ол әннің аты – «Армандастар». Енді есіңізге түсті ме? Әуезді сазын көрнекті композитор Әсет Бейсеуов шығарса, сөзін белгілі ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов жазған. Екі талантты тұлғаның тандемінен туған дүние қалай олқы болсын. Бұл әннің жарыққа шыққанына 50 жылдан аса уақыт өтіпті. Уақыт шаңына көміліп қалмаған шығарма әлі де жасай берері хақ. Оны жүз жылдан, мүмкін мың жылдан кейін қазақ баласы шырқайды деп ойлаймыз.
«Армандастар» – өмірде жаны үндес, сыры бір адал достардың әнұранына айналған туынды. Екпінді, әуезді жазылған ән алғашқы шумағынан бастап бірден тарта жөнеледі. Нанбасаңыз, бірінші шумағын оқып көрейік.
«Бір ауылдың түлеп ұшқан
жастары едік,
Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік.
Бәріміз де жазылмаған дастан едік,
Армандастар – құрдастар!
Ал қайырмасы тіпті керемет...
Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік.
Армандастар қайда?
Абзал достар қайда?
Замандастар, қарлығаштар
қайда екен?»
Осындай ғажап әннің шығу тарихы да қызық. 1972 жылы Әсет ағамыз өмірде өзімен бірге жүрген достарына арнап, бір ән жазуға ниеттенеді. Оның сөзін жақын досы Досан Жанботаға «жазып бер» деп қолқа салады. Досан ағамыз ән мәтінін енді жазамын деп жүргенде, композитор әуенін шығарып, оны жақын достарына орындап береді. Олар әлі ыстығы басылмаған жаңа шығармаға тәнті болып, жоғары бағасын береді. Сол достарының ортасында ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов та болған. Ол да әнді бірден ұнатып, сазгерден «Ән мәтінін мен жазып берейін» деп келісімін алады. Сөйтіп, өмірге тамаша туынды келді.
Бұл әнді сахнада алғаш рет керемет әнші, Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлова орындаған. Бір күні Әсет Бейсеуов сол кісіге хабарласып, жаңа ән жазғанын айтады. Ол кезде әнші «Гүлдер» ансамблінде істейді. Сара апамыз оны Алматыдағы Республика сарайында өткен бір концертте оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындайды. Содан бастап әннің бағы жанып, ел арасына бірден таралды. Бұл әнді Нұрғали Нүсіпжановтан бастап, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Құдайберген Бекіш секілді дүлдүл әншілер нақышына келтіріп шырқады. Қазір бұл шығарма кейінгі жастардың да репертуарынан түспейді. Осыған қарап, елу жылдан аса тыңдарман құрметіне бөленген туындыны тудырған Әсет Бейсеуов пен Нұрсұлтан Әлімқұлов секілді қос тарланбоздың рухына бас иесіз!
Негізі, айтулы композитор, Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуов қазақ ән өнерінің қазынасын байытып, оны шырқау биікке көтерген Нұрғиса Тілендиев, Ілия Жақанов, Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев секілді сиректер санатынан. Әсет ағаның назды да сырлы сазды кез келген туындысы тыңдарман жүрегінен бірден жол табады. Оның музыкасын тыңдағанда жан дүниеңіз ғажайып күйге бөленіп, ерекше нәзік сезімді бастан кешесіз. Композитордың біз айтып отырған шығармасынан басқа, «Гүлдер», «Шақырады көктем», «Мұңайма», «Алтыным», «Маралдым», «Сандуғаш», «Алмалы Алматым», «Жұлдызым», «Сырласу вальсі» және тағы басқа әндерін де жұрт сүйіп тыңдайды. Сонымен қатар ол кісі ән ғана емес, бірқатар телефильм мен қойылымға да музыка жазған.
Ал ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың орны тіпті бөлек. Оны академик Зейнолла Қабдолов «Ән өлеңінің классигі» деп бағалапты. Ақын көзі тірісінде бірнеше жыр жинағымен бірге 400-ге жуық ән мәтінін жазыпты. Ойлап қарасаңыз, үлкен еңбек. Жалпы, бізде ән мәтінін жазатын ақындарды көп бағаламайды. Орыстарда оларды «поэт-песенник» деп ерекше көреді. Мәселен, атақты композитор Александр Зацепин мен ақын Леонид Дербеневтің шығармашылық достығының арқасында жұртшылық ұйып тыңдап, сүйіп айтатын 100-ден аса шығарма өмірге келген. Ал орыс халқы Л.Дербеневті қалай қадірлейді? Ақынның 80-90 жылдық мерейтойы ешқашан елеусіз қалған емес. Әлімқұловтың ән мәтіндері одан асып түспесе кем деп айта алмаймыз. Бірақ құрметіміз кемшін...
Алайда дана халқымыз «Алтынды тот баспайды» деп бекер айтпаған ғой. Сан ұрпақтың кәдесіне жарайтын «Армандастар» секілді ғажап ән қалдырған Әсет Бейсеуов пен Нұрсұлтан Әлімқұловтың есімі ешқашан ұмытылмайды.
Айтпақшы, кеше мектепте оқитын қызым осы әнді ыңылдап айтып жүр. Қайдан үйренгенін білмедім, бірақ көңілім көтеріліп қалды.