Отбасы • 10 Қыркүйек, 2023

Өнерлі шаңырақ жолы

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Себебі отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Тек отбасы бізге күш пен өзімізге деген сенімділік береді, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, адамгершілік құндылыққа баулиды. Тұлға болып қалыптасу көбінде тәрбие­ленген ортаға, адамдарға, олардың арақатынасына тәуелді болады.

Өнерлі шаңырақ жолы

Бір сөзбен айтқанда, отбасы – барлық рөлі бөлініп қойылған қоғамның шағын моделі, әр­бір рөлдің шебер орындалуы­на «отбасылық сюжеттің» дамуын үнемі байқап жүретін кіш­кентай ғана адам өмірі байланысты. Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп бе­кер айтпаған. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ын­ты­мағын қамтамасыз ететін – адал жары.

Осы тұста кітапханамызда Отбасы күніне орай «Отбасы – ұлт рухының айнасы» тақы­рыбында өнерлі отбасы Дулат, Рита Айтжановтармен кездесу кеші өтті. Шаңырақты ән­мен әуелетіп, өмірде де, өнер жолында да бірге жүрген өнер­лі жұптың шығармашылық жаңалықтарымен бастау алған сұхбат отбасылық құндылықтар туралы өрелі әңгімеге ұласты.

Кездесудегі мақсат – өнегелі отбасын жастарға үлгі ету, жас ұрпақты жақсылыққа, еңбек­қорлыққа, адалдыққа тәрбиелеу, ата-анаға деген құрметін арт­тыруға үлес қосу. Жанұялық дуэт әсем әндерімен жиналған жас­тарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кездесу кешіне №36 мек­теп оқушылар және Ақтөбе гуманитарлық колледжінің сту­денттері қатысты. Өнерлі жұп қойған сауалдарға ақтарыла жа­уап берді. Сонымен бірге арнайы ұйымдастырылған ойындармен ортаны қыздырды.

Кездесу кеші соңында С.Жиен­­­баев атындағы облыстық жасөс­пірімдер кітапханасы дирек­то­рының міндетін атқарушы Ал­тын­гүл Асқарқызы сөз сөй­леп, оларға шығар­машылық та­быстар тілеп, От­басы күні мерекесімен арнайы құт­­тық­­тап, қонақтарымызға арнал­ған сый-сияпаттарын тарту етті.

Қорытындылай келе, отбасы адамдық құндылықтардың, мәдениет, адамгершіліктің қор­ғаушысы, ұрпақтардың тарихи сабақтастығы, қоғамдағы тұ­рақтылықтың факторы бола бермек демекпіз.

 

Толғанай ӨМІРЖАНҚЫЗЫ,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

 

Ақтөбе облысы