Қаржы • 11 Қыркүйек, 2023

Рубльдің ауытқымалы қалпы

198 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Таяуда Мәскеу биржасындағы сауда кезінде доллар бағамы 100 рубльден асып, еуро 109,87 рубльге дейін көтерілген еді. Ресей валютасы Орталық банкінің пайыздық мөлшерлемеге қатысты соңғы шешімінен соң тек долларға ғана емес, еуро, юаньге қатысты да күш жинап алды. Рубльді нығайтуға арналған арнайы операция төмендегі тәртіппен жүргенін бағамдап үлгердік. Алдыңғы аптаның басында Ресей президентінің көмекшісі Максим Орешкин валюта нарығында тәртіп қалпына келетінін айтты. Ол Орталық банкті ашық сынамаса да қаржы саясатын тым жұмсартып алғанын, жағдайды түзету үшін барлық қажетті құралдардың бар екенін атап өтті.

Рубльдің ауытқымалы қалпы

Өткен сәрсенбіде Батыстың жетекші ақпарат құралдары, сосын ресейлік «Ве­домости» газеті президентпен кездесу өтіп жатқанын жариялады. Арада бір­неше сағат өткенде рубль «жүз бас­пал­дақтан асып кеткен» сатыдан төмен түсті. Сол күні түс ауа үкімет пен экс­порт­тау­шылар валюталық түсімдерді са­­ту­ды ұлғайтуға ерікті түрде келіскені, нә­­ти­­же­сінде рубльдің күш алып қалғаны ай­тылды.

Рубльдің жыл соңына дейінгі шекті бағасының қандай болатыны сарапшылар үшін әзірге жұмбақ.

Оның сәл алдында Ресей Орталық бан­кі төрағасының орынбасары Алексей Заботкин рубльдің қазіргі жағ­дайы экспорттың деңгейіне тәуелді екенін меңзеген. Оның айтуынша, 2023 жыл­дың бірінші жартысынан бастап экс­порт­­тық түсімдер төмендей бастаған. Сонымен қатар Ресейде импортқа деген сұраныстың артқаны байқалған, бұл өз кезегінде шетел валютасы, оның ішінде АҚШ долларына деген сұраныстың да деңгейіне әсер етеді. Нарық заңы бо­йынша валюта бағамының тұрақты динамикасы экономиканың экспорттық мүмкіндіктеріне сай болуы керек.

 

Қазіргі жағдай керісінше...

Сарапшылардың пікірінше, рубль баға­мының құнсыздануы Ресейдегі қар­жы дағдарысының индикаторына айналып кетуі әбден мүмкін. Осыдан біраз бұрын кейбір тәуелсіз сарапшылар «РФ бюд­жетінің тапшылығы туралы соңғы деректер ықпалы рубльдің тағдырына кері әсер етуі мүмкін» деген сыңайдағы пі­кірлер білдірген еді. Кейінгі айда бюд­жеттік дефициттің көлемі жос­пар­лан­ғаннан 222 миллиард рубльге асып кетті. Қаржы министрлігі биылғы жеті айда тапшылық 2,595 трлн рубльден аспай­ды деп жоспар құрған болатын.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, рубль­ге тек доллардан ғана емес, еуро, юаньнан да қауіп төніп тұр. Мәскеу биржасындағы сауда қорытындысында АҚШ, ЕО, Қытай сияқты алпауыт елдер­дің валютасының бағамдары өскенін байқадық. Теңгеміз де Ресей валютасына қыр көрсетуге жарап қалды.

Өткен аптада KASE биржасында көр­шінің валютасы 4,62 теңгеге дейін құн­сызданды. Қазақстан Ұлттық банкі Ресей рублінің ресми бағамын 4,45 теңге деп бекіткен еді. Сәрсенбідегі бағам – 1 рубль – 4,82 теңге.

Теңгенің РФ валютасына қатысты «тербелуі», Ұлттық банк төрағасының орын­басары Әлия Молдабекованың сөзі­мен айтқанда тек «реакция» ғана. Теңге мен рубльдің долларға қатысты қатынасы бар. Бірақ бұрынғыдай жоға­ры немесе сызықтық корреляциялар бай­қал­майды.

ҰБ өкілі ұлттық валютаның құнсыз­дан­уының бір себебін рубльдің бастапқы құлдырауынан кейін теңгенің одан әрі әлсіреуін күтіп, экспорттаушылардың ше­тел валютасын сатуға құлықсыздығы деп түсіндірді. Сонымен қатар оның айтуын­ша, турбуленттілік үлкен салық төлем­дері төленетін уақытта дол­ларға сұраныстың артуы салдарынан күшей­ген.

«БКС Мир инвестиций» фирмасының инвестициялық стратегі Александр Бах­тин рубльдің өте әлсіз екенін, бірақ мем­лекет мүмкіндіктің бәрін іске қосып жатса да нәтижесі аз болып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұған ұсыныс пен сұраныс арасындағы дисбаланс себеп болып отыр. Қазіргі уақытта доллар мен еуро саудасында техникалық және тіпті, іргелі факторлар өте шектеулі рөл атқа­рады: Себебі нарықтың бұл сегмен­тін­де валюта трейдерлері де, инвесторлар да аз.

Импорттаушылар мен тұрғындар тарапынан валютаға деген сұраныс өсті. Маусымдық әсер деген әбден жауыр болған кезекші сылтау да жығылғанға жұдырық болып отырғанға ұқсайды. Сарапшының сөзінше, рубльдің болаша­ғына сенетін ойыншылар азайып барады.

РФ ұлттық валютасының жоғары қарқынмен құнсыздануы қаржыгерлерді де тығырыққа тіреп тұрғаны байқалып қалды.

Ресейдің аузы дуалы қаржы сарапшысы Алексей Кричевский өткен аптада журналистермен кездескен кезде рубльдің тағдыры мемлекет басшы­ларының саяси шешіміне байланыс­ты екендігін, Қаржы министрлігі мен Ор­та­лық банк девальвацияны тоқта­тып, рубльді бір доллар үшін 80-85 айма­ғы­на қайтаратын кез келді деген бұйрық алуы керектігін айтыпты. Бұл шешімді орындауға барлық жағдай бар екенін айтқан сарапшы Ресейге әзірге рубльдің тым күш алып кетуі тиімді емес екенін де қаперге салып өткен. Себебі мұнай мен газ үшін төлемді шетел валютасымен алған Ресей оны рубльге айырбас­тайды. Рубль неғұрлым күшті болса, бюджетке соғұрлым аз ақша түседі. Ал ондағы мұнай мен газ табысының үлесі 30%-дан асады. Рубльдің тым жоғары және тым төмен бағамы экономикаға зиян, «алтын орта» қажет. Ресей бюджеті доллардың орташа жылдық бағамы 72 рубль шамасында болады деген болжаммен жасалған.

Осы тұста рубльге қатысты Орталық банк­тің ұстанымындағы қызық-қызық жағдайлар жиі байқала бастады. Рубль күзгі жапырақтай қалтырап тұрған кезде РФ ұлттық валютасының баға­мын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдамады. 1 АҚШ доллары 97 рубль болған кезде бюджеттік ереже бойынша шетел валютасын сатып алуды тоқтатты. Сарапшылар бұл шешім рубль баға­мына айтарлықтай әсер етпегенін айтып жатыр.

Енді рубль бағамы бойынша мұнай және газ кірістерінің икемділігін бағалау шамамен 85-100 миллиард рубль болуы керек екендігі ACRA егеменді рей­тинг­тер және макроэкономикалық тал­дау тобының директоры Дмитрий Куликовтың да аузынан шықты. Себебі тұрақты әлсіреген рубль экономиканың шикізат үлгісінде ыңғайлы болды. Құн­сыз теңге де шикізаттық экономикаға тиімді екенін біздің сарапшылар да жиі қозғайтын. Шоктық емес, эволюциялық девальвациялар кезінде бюджетке экс­порт­тық салалардан салық түрінде қо­сым­ша кірістер түсті, экспорттаушылар үшін де тиімді болды. Көптеген компаниялардың қаржылық тиімділігі операциялық және ішінара күрделі шығындар негізінен рубльде, ал кірістер шетел валютасында болды. Демек, рубльдің жиі-жиі әлсіреп қалуы жыл сайын қосымша баланстық пайда әкелді.

Ресейлік «Велес Капитал» инвест­ком­паниясының банктерді және ақша нарығын талдау бөлімінің басшысы Юрий Кравченко билік нарықтың ва­лю­таға деген сұранысын толық қана­ғат­тандырса да, рубльдің бағасы құл­дырай беретінін, тіпті жаңа минимум­дарға дейін құлдырау қаупі сақталып отырғанын атап өтіпті. Себебі теріскей­дегі көршінің сырттан таситын импорты өсті, соғысқа қажетті қару-жарақ­ты сырт елдерден тасымалдап жатыр. 2023 жылғы шілдеде бірінші рет Қытай­дан сатып алатын импорты Ресейдің оған өткізетін импортынан асып түсті. Ресейдің «ауыр» тағдырын арқаламау, бос шығынға батпау үшін ел халқы рубльді сатып алуын доғарғаны жөн екен­дігін сарапшылардың бәрі қайта-қай­та ескертіп жатыр.

Ел ішінде «рубльден ат құйрығын үзісіп, валютамызды әлемдік қаржы тетік­теріне байлау үдерісін кеш бастаған жоқпыз ба?» деген алаң көңіл бар. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, рубльдің әлсіреуіне мұнай сатудан түсетін доллар түсімінің тө­мендеуі және валюта бағамын жасанды қолдаудан бас тарту әсер еткен. Сондай-ақ сарапшы РФ валютасы дәл биыл мұндай деңгейде әлсірейді деп күтпегенін, РФ басшыларының мұндай жағдайға жол беру себебін ең батыл сарапшының да болжай алмайтынын мойындады. «Себебі Ресей осы күнге дейін рубльдің екі аяғын тең ұстады. Қазіргі жағдай басқа. Келер жылы емес, енді 3 айдан кейін не боларын ешкім білмейді. Тіпті, рубльдің қазіргі жағдайының саяси астарының қандай екенін де ешкім білмейді», деп атап өтті А.Чеботарев.

Чеботаревтің шамалауынша, рубльді Ре­сейден барлық санкцияларды алып тастай­тын соғыстың аяқталуы ғана құт­қара алады. Себебі көрші елдің ми­нистр­лігі АҚШ валютасын сатып алудан бас тартып, рубльді ішкі нарықтың күші­мен қолдауға тырысып жатыр.

 

Әзірге нәтиже аз

Оның қазіргі жағдайы алдағы бірер жылда да инфляция деңгейінің жо­ға­ры болатындығынан хабар беріп тұр­ған­дай...

Қаржы сарапшысы осы ретте биылғы қаржы нарығы Ұлттық банк пен Үкімет­тің теңге-рубль конвертациясынан бас тартатыны туралы жаңалықпен бастал­ға­нын еске түсірді. Бірақ Ресейден келетін импорт төмендемей, ақшалай көр­сеткіште бұрынғы деңгейде қалды, ал экспорт өсті.

«Сауда-саттықтың бір бөлігі теңгеге ауыстырылды. Мұны Мәскеу биржасында теңгемен және KASE теңгемен сауда-саттық көлемінің өсуінен байқауға болады. Біз әзірше рубльден жартылай құтылдық. Рубльден қанша пайыз тәуелсізбіз деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Бірақ рубль мен теңге бір-бірінен алыстап барады», деді Чебо­та­рев.

Андрей Чеботарев рубльдің құнын 4 теңгеден төмен түсіруге мүмкіндік бар деп есептейді. Бірақ мұндай жағдайда көрші ел импорттың көмегімен-ақ тең­гемізді «жұтып қойып» Ресей им­портының толқынымен бетпе-бет қалуы­мыз мүмкін, одан бетер басып қалуы мәселесі туындауы мүмкін. «Себе­бі бір жылда біз Ресейден импортты азайт­қан жоқпыз. Ресей Федерациясы бізге жарты жыл бойы қант бермеді, біз ол елден көлік сатып алуды тоқтаттық. Бірақ ақша түріндегі импорт төмендеген жоқ. Рубль 4 теңгеден төмендесе, арзан тауарлармен ішкі нарықты жаулап алуы мүмкін. Қазақстанға импорттың шамамен үштен бірінің құны RUB/KZT жұбының кросс-бағамының өзгеруіне байланысты. 2022 жылы елге келетін импорттағы Ре­сей­дің үлесі 35.1 пайызы болса, 2023 жыл­­дың қаңтар-мамыр айларында ол 27 па­йызға дейін төмендеді. Рубльдің тең­ге­ге шаққандағы одан әрі құлдырауы отан­дық өндірістің құлдырауына әкелуі мүм­кін», дейді А. Чеботарев.

Ал келесі сарапшы Ілияс Исаев теңге бағамының сыртқы факторлары әртүр­лі екенін айтады. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Ресей­мен тауар айналымы Қазақстанның жалпы сыртқы саудасының 18,8%-ын құрап, 10,5 млрд АҚШ доллары деңгейінде болды. Импорттың үлесі 2021 жылғы 42,5 пайыздық деңгейден айтарлықтай төмендеді, бірақ әлі де маңызды болып қала береді. «Жақын арада ақша-несие саясатын жұмсарту басталуы мүмкін, бұл сыртқы инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығына әсер етеді. Өз кезегінде теңге активтерінің кірістілігінің біршама төмендеуі де USDKZT бағамына қысым жасауы мүмкін» дейді І. Исаев.

Осы ретте І.Исаев қазақ теңгесінің инвести­циялық тартымдылығы артуы үшін рубльдің жағдайына назар салу қажеттігін де ескертті. Рубль біз үшін қатардағы елдердің ұлттық валюта­ла­ры­ның бірі ретінде қарастырылуы керек. ЕАЭО сауда айналымындағы рубльдің үлесіне статистика да күмәнді. Бізге РФ-дан келетін импорттың жалына жармаса бергенді тоқтатып, алыс-жақын шетелдермен біріккен зауыт, кәсіпорындар ашып, отандық тауардың күретамырын дамыған мемлекеттердің «қанымен» жаңғыртатын кез келді. Бұл – біз үшін ЕАЭО-дағы үлесімізді көбейтуге апаратын жол. ЕАЭО-дағы біздің үлес теңгенің тынысын ашатын, рубльден алыстататын фактор.

 

АЛМАТЫ