Шахмат • 11 Қыркүйек, 2023

Қазақстан шахмат федерациясына ребрендинг жасалады

204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан шахмат федерациясы ұйым тарихындағы жаңа бетбұрыс кезеңін белгілейтін ауқымды ребрендинг туралы мәлімдеді. Кешенді трансформация аясында ҚШФ жаңартылған фирмалық стилі мен стратегиялық тұжырымдамасын, сондай-ақ қазақ мәдениетінің бай мұрасына құрмет көрсететін жаңа логотипті ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан шахмат федерациясына ребрендинг жасалады

«Біз брендті қайта қарастырып, оған жаңа мән-мағына беріп, оны жарқын әрі есте қаларлық еткіміз келеді. Бәлкім, бұл 21 ғасырда баламасы жоқ жол, өйткені жарқын бейнесіз қандай да бір ілгерілеу туралы айту мүмкін емес. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Десе де, жасалған ребрендинг – аясы тар мақсат немесе жай ғана графикалық өзгеріс емес. Бұл біздің құндылықтарымыздың, эволюциямыздың және кемелдікке деген ұмтылысымыздың көрінісі», деп атап өтті ҚШФ президенті Тимур Турлов.

Жаңартылған фирмалық стиль еліміздің мәдени тереңдігі мен болашаққа ашықтығын көрсететін дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімі. Оның негізінде әл-ауқат пен молшылықты бейнелейтін, қазақ мәдениетіндегі даналықтың нышанымен және шахматтағы ерекше фигура – аттың бейнесімен тоғысқан ежелгі «Мүйіз» ою-өрнегі жатыр. Өткен мен бүгіннің ұштасуы Федерацияның Қазақстанды бай тарихи мұраның сақтаушысы ретінде ғана емес, шахматты дамыту үшін озық технологияларды пайдаланатын әлемдік қоғамдастықтың прогрессивті қатысушысы ретінде көрсетуге деген ұмтылысын білдіреді.

«Өткен кезеңде біздің федерация әлемдік шахмат картасында ойып орын алды, оны Халықаралық шахмат федерациясындағы әріптестеріміз де атап өтті. Қазақстан бірнеше рет әртүрлі Әлем, Азия чемпионаттарының, Шахмат тәжі үшін матч сияқты маңызды оқиғалардың орталығына айналды. ҚШФ шахматты танымал етуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда үдемелі жұмыстар атқарды. Біздің ребрендинг – бұл біздің өз алдымызға өршіл міндеттер қойған жаңа кезеңнің бейнесі. Мысалы, «Мектептегі шахмат» жобасы аясында біз үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, 5 жыл ішінде бастауыш сынып балаларының 20%-на дейін қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл елдегі шахматтың дамуына үлкен серпін береді және зияткерлік ұлттың қалыптасуына қосылған үлкен үлес болады», деді ҚШФ бірінші вице-президенті, Азия шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.

Тимур Турловтың айтуынша, федерация кезең-кезеңімен ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр

«Жалпы ребрендингтің ауқымына тек көрнекі бейнелер ғана жасырылмаған, оған ҚШФ жұмысындағы жүйелі өзгерістер, сондай-ақ біздің жұмысымыздың одан арғы жоспарлары да кіреді. Осы тұрғыда біздің федерациямыз кезең-кезеңімен ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – филиалдық желіні дамыту. Бұл біз жылдамдатуды көздейтін өте маңызды мәселе. Ал осы филиалдар жергілікті жерлерде түрлі бағдарламаларды іске асыру кезінде жұмыстың негізгі құралына айналуы тиіс», деп қосты ҚШФ президенті Тимур Турлов.

ҚШФ президентінің айтуынша, филиалдық желіні дамытудың маңызды қозғаушы күші Республикалық «Шахмат керуені» жобасы болуы тиіс, аталмыш жобаның іске қосылуы да баспасөз мәслихаты барысында жарияланды.

«Шахмат керуені» – Қазақстанның барлық өңірлерінде шахмат спортын насихаттауға бағытталған өршіл жоба. Жобаны әзірлеуде шабыттандырған Ұлы Жібек жолы болды, өйткені ол бүкіл әлем бойынша сауда-саттықпен қатар әртүрлі халықтардың мәдени және спорттық мұраларын алып жүрді. Қазақстан аумағындағы қалаларда «Шахмат керуенін» ұйымдастыра отырып, Федерация бас серіктес Freedom Broker-дің қолдауымен өңірлерде шахмат спортын нығайтуға және филиалдардың сенімді желісін құруға ұмтылады», деп бөлісті ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

«Шахмат керуені» аясында Қазақстан Республикасының 20 қаласында блиц бойынша ашық шағын турнирлер өтеді, оның шарықтау шегі ірі жүлде қоры тігілген гранд-финал болады. Өңірлік турнирлер 12 қыркүйекте Көкшетауда, 14 қыркүйекте Петропавлда, 18 қыркүйекте Қостанайда, 21 қыркүйекте Қарағандыда, 24 қыркүйекте Павлодарда, 26 қыркүйекте Семейде, 28 қыркүйекте Өскеменде, 2 қазанда Талдықорғанда, 4 қазанда Қонаевта, 7 қазанда Таразда, 9 қазанда Шымкентте, 11 қазанда Түркістанда, 13 қазанда Қызылордада, 18 қазанда Жезқазғанда, 22 қазанда Ақтөбеде, 25 қазанда Оралда, 28 қазанда Атырауда және 2 қарашада Ақтауда өтеді. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары 10 қарашада Түркістан қаласында өтетін гранд-финалда кездеседі.

пре

Республикалық турнирдің кестесі:

  • Көкшетау - 12.09;
  • Петропавл - 14.09;
  • Қостанай - 11.10;
  • Қарағанды - 21.09;
  • Павлодар - 24.09;
  • Семей - 26.09;
  • Өскемен - 28.09;
  • Талдықорған - 02.10;
  • Қонаев - 04.10;
  • Тараз - 07.10;
  • Шымкент - 09.10;
  • Түркістан - 11.10;
  • Қызылорда - 13.10;
  • Жезқазған - 18.10;
  • Ақтөбе - 22.10;
  • Орал - 25.10;
  • Атырау - 28.10;
  • Ақтау - 02.10;
  • Түркістан (финал) - 10.11. 

шл