Таным • 11 Қыркүйек, 2023

Кәдімгі Сәбең әлемі

332 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Аса көрнекті жазушы, драматург, ақын, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқанов – шын мәнінде халықтың өз ортасынан шығып, елдің ыстық ықыласы мен үлкен құрметіне бөленген алып тұлға.

Кәдімгі Сәбең әлемі

Алматыдағы жазушының 1965–1973 жылдар аралығында тұр­ған, яғни өмірінің соңғы се­гіз жы­лын өткізген үйінде 1978 жылы музейі ашылған бола­тын. Жал­пы, музей экспозиция­сы одан кейін де екі рет жа­ңар­тыл­ды. Енді, міне, қала әкім­дігі­нің, Мәдениет бас­қар­ма­сы­ның және музейлер бірлес­ті­гінің қол­дауымен биыл музей-үйдің ашыл­ғанына 45 жыл толуы қар­саңында күрделі жөндеуден өт­кізіліп, заманауи технологиямен жабдықталып, жаңа экспозициясы жұрт­шылыққа ұсынылып отыр.

Музей екі бөлімнен: әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұ­ра­ды (алты бөлме). Әдеби бө­лімде жазушының өмір жолын, қоғам­дық қызметін баяндайтын, шығар­машылық шеберханасынан сыр шертетін көптеген құнды құжат­тар, кітаптар, фо­то-суреттер, қолжазбалар т.б. экс­позицияға қойылған. Қабыр­ға-тақталардағы (стендтер), тач-панелдердегі, сен­сор­­лы экран­дағы мәтіндер үш тіл­де (қазақ, орыс, ағылшын) бе­ріл­ген.

Ал мемориалдық бөлімде жа­зу­шының жұмыс кабинеті, қо­нақ қа­былдайтын бөлмесі, жатын бөлмесі бар. Бұрынғы қалпын сақтаған әрбір заттың, мүкәммал-мүліктің, кітаптары мен қолжазбаларының т.б. – әр­қайсысының өзіндік тарихы, шер­тер сыры мол.

вап

Музейдің кіре берісінде жазу­шының түрегеп тұрған қал­пын бейнелеген картина қойыл­ған. Мо­нументалдық өнер туындысы. Авторы – Бақытхан Мыр­зах­метов. Музей экспозициясы С.Мұ­қа­новтың «...Жол таптым бар қа­зақ­тың жүрегіне, Осы да жетті деген тілегіне!» – деген қанатты сөзімен басталады. ХХ ғасырда шығармалары ең көп таралған, ең көп оқылған жазушының дәл осылай деп батыл айтуға құқы бар еді. М.Әуезовтің «Жолы кең жазушы» деп бағалауы, М.Ма­қатаевтың «Бұл – қазақтың Баль­загі» деп, Расул Ғамзатовтың «Ол – біздің әдебиетіміздегі Эль­брустардың бірі» деп тағзым жасауы бекер емес. Әдебиеттің барлық жанрында да соқталы, кесек туындылар қалдырған С.Мұ­қановтың мұрағаты да бай.

Сәбит алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашады. Бұл туралы өзі: «Менің құран оқуға жа­рауыма көңілі тасыған Мұс­тафа, онымды Мұқанның ахи­реттегі рахаты деп ойлайды да, жақын жерде тұрғанда күн сайын, алыстағанда жұма сайы­н әке-шешемнің басына апарып аят оқытады», – деп еске алады. Алғашқы ұстаздары Шәйін Тілегенов пен Хамит Мах­мұ­довтың (Ғ.Мүсіреповтің туған ағасы.Ә.Қ.) есімдерін ерекше ілти­патпен еске алады. Қазақ ерте­гілерін, жалпы ауыз әде­бие­тін, «Мың бір түн», «То­ты­­ның та­рауы» сияқты шы­ғыс ерте­гілерін алғаш рет Шәйін ұст­азы­ның аузынан естіген. «Зар­құм», «Сал–сал», «Ләйлі–Мәж­нүн», «Бә­діғұл–Жамал», «Ер Тар­ғын» т.б. хисса-дастандарды жатқа біл­­ген.

Баймағамбет Ізтөлин Абай­дың 1909 жылы Қазан қаласынан шыққан ең алғашқы өлеңдер жинағын Сәбитке сыйға береді. «...Жұқалау бір кітап менің кө­зімді ерекше тарта жөнелді. Оның аты – «Ибраһим (Абай) Құнан­бай­ұлының өләңләрі». Оқыған сайын сусындай бердім...» деп еске алады. Абай өлеңдерімен жас Сәбит осылай танысады. Ол осы кітапты 1945 жылы ұлы Абай­дың 100 жылдық мерейтойына орай Семейде ашылған му­зейіне өз қолымен табыс етеді. Жас ке­зінде Абай туралы жаңсақ пікір­ге ұрынған С.Мұқанов кейін Абай шығармашылығын терең зерттеп, «Жар­қын жұлдыздар» атты монографиясын жазған.

Музей экспозициясы әдеби бө­лімде 22 қабырға-тақта (стенд), 3 сен­­сорлы экран (тач-панель) және деректі, көр­кем фильм­дер, бей­небаяндар көр­сетілетін проекция­лы экранмен жабдықталған. 

чавп

1917 жылы «Сарыарқа» газе­­тінің бетінен «Омбыда екі жылдық ауылдық мұғалімдер даярлайтын қазақша курс ашылады» дегенді естіп, Сәбит осы курсқа оқуға түседі. Қазақтың ға­­жайып ақыны Мағжан Жұма­баевтан сабақ алады (сол кезде түскен сурет фотогалереядан орын алған). Алты айдан соң курс жабылып, Сәбит еліне оралып, бала оқыту ісімен айналысады. Кеңес өкіметі орнайды. С.Мұқанов елде болып жатқан өзгерістердің бел ортасында жү­ріп, қызу айтыс-тартыстарға қа­тысады... 1922 жылы Сәбит білі­мін жетілдіру мақсатымен Орын­бор қаласындағы жұмыс­шы­лар факультетіне (рабфак) ке­­ліп оқуға түседі. Өзі оқып жүр­ген кезінде ауылынан көп­теген қа­зақ балаларын оқуға же­те­лейді, солардың бірі Ғ.Мүсі­репов.

Қазақ ән-күйлерін жинауда зор еңбек сіңірген өнер зерт­теушісі Александр Затаевичтің (1869–1936) есімі де бізге аса қымбат. Ол 1923–24 жылдары Орынбордағы раб­факқа жиі келіп жүреді. Ән айту мәнері ерекше және әдет-ғұрып, салт-дәстүрге білгірлігі мен көрген-түйгені мол жас жігітке зерттеушінің ықыласы ерекше ауып, оны жанына жақын тартып, бірнеше әнді нотаға түсіріп алады. Сонда Сәбең орындаған: «Қос алма», «Иә-иә», «Жоқтау», «Тай­жанның әні», «Мұң», «Құ­далық өлең», «Мақ­пал», «Ғаләлім-адалым», «Қа­раторғай», «Тана-ай» әнде­рінің бәрі де А. Затаевичтің 1925 жылы жарық көрген «Қазақ хал­қының 1000 әні» және «500 казахских песен и кюйев» (1931) жинақтарына енген. Сәбең А.За­таевичке әр жылдарда 30-дан астам әндерді айтып берген. Солар­дың нотаға түскені – 12. Екеуі бірлесіп «Балқаш» деген ән де шығарыпты. А.Затаевичтің 1932 жылы Мәскеуде С.Мұ­қа­нов­қа қол­таңбасымен сыйлаған фотосуреті сақталған.

ав

Сәбит Мұқанұлы 1924 жылы Орынбор қаласында Рахима Қос­шығұлқызына үйленеді. Дүниеге Арыстан атты ұлдары келеді. Бір­ақ көп ұзамай Рахима мен ұлы ауыр науқастан қайтыс болады... Музей экспозициясына Ра­хи­мамен түскен фотосуреті алғ­аш рет қойылып отыр. 1926 жылы Сә­бит Мұқанұлы Мәриям Қо­жах­мет­қызымен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтереді. 1927 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлдарына тағы да Арыстан деп ат қояды. Сә­бең мен Мәриям Қо­жахметқызы 4 ұл, 2 қыз тәр­биелеп өсірген: ұл­дары – Арыс­тан (1927–2000), Ма­рат (1929–1998), Алтай (1933–2003), Бо­тажан (1937–1994), қыз­да­ры – Баян (1940 жылғы), Жанна (1945 жылғы). Жазушының жары Мә­риям Қожахметқызы бүй дейді: «Ту­мы­сынан жетім, бірге туған туысы жоқ Сәбит төрт ұл, екі қыз­ға әке болды. Тым жұмсақ еді, ба­лаларға ұрсып, зекіп көрген жан емес. Қайта мен қаталмын, зір­кілдеп ұрсып жатсам: «Мәке, осы­лардың бірін аға, бірін іні, бірін на­ға­шыдай көріп, еркелетіп ұс­тайық­шы. Осылардан басқа кімі­міз бар» деп отыратын» – деп еске алады («Сағынышым – Сә­битім», Естелік кітабы, 2000). Екеуі 47 жыл бірге ғұмыр кеш­ті. Мә­риям апа 100 жасқа тол­ғанда Қазақ­стан Жазушылар ода­ғында өте әсер­лі кеш өтті, му­зейде көрме ұйым­дастырдық. Жа­рықтық 101 жасқа қараған ша­ғында дүниеден озды...

Болашақ жазушы 1928–1930 жылдары Ленинград мемле­кет­тік университетінің филология фа­­культетінде оқиды. 1930 жылы Мәс­кеудегі академик Марр атын­дағы Тіл институтына оқу­ға түсіп, кейін Қызыл про­фес­­сура институтының әде­биет бө­ліміне (қазіргі Мәскеу мем­ле­кет­тік университеті) ауысады. Бұл кезең жазушы өмірінде жар­қын із қалдырған, жемісті жылдар еді. Сәбит Мұқанов 1925–1926 жыл­дары «Бостандық туы» газе­тінде (1919 жылы «Кедей сөзі», 1920 жылдан «Бостандық туы» деп аталған) жауапты хатшы, 1926 жылы рабфактағы оқуын тәмам­дағаннан кейін «Ең­бекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газе­тінің бөлім редакторы қызметтерін атқа­рады. 1927–1928 жылдары «Қазақстан мем­лекеттік баспа­сының» бас ре­дак­торы болады. 1936 жылы оқуды бітіріп, Мәс­кеуден Алма­тыға оралады. «Ал­ма­тыға бара, ҚазКрайком мені Қазақ­стан Жазушылар одағының бас­қарма председательдігіне та­ғайын­да­ды» – деп жазған өзі... Ол Қа­зақст­ан Жазушылар одағын 1936–1937 және 1943–1951 жылдары басқарады.

вап

Музейдегі ең көне және құн­ды жәдігерлердің бірі – Шоқан­ның бәкісі. ХІХ ғасырдан жеткен мұра. Шот-Аман Уәлихан тапсырған. С.Мұқанов Шоқан өмірін зерттеуге елу жылдан аса уақытын арнаған. «Шоқан Уә­лиханов» және «Қашғар қызы» атты екі пьеса жазды. Шоқанның өмірі мен шы­ғармашылығын зерттеп «Жар­қын жұлдыздар» монографиясын жазды. Оған Қазақ КСР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы бе­рілді. Ең соңында «Аққан жұл­дыз» атты тетралогия жазуды жос­парлап, оның екі кітабы жарық көрді... Яғни бұл жүзін тат басқан ескі ақ бәкіні арқау етіп, арғы-бер­гіден сабақталар әңгіме көп.

Абайдың ізбасар шәкірт ініле­­рінің бірегейі, абыз ақын, озық ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 1931 жылы 3 ақпанда «Елсіздегі Саят қорада жазылды» деген анық­тамасы бар, «Ардақты Сә­бит ба­уыры­м!» деп басталатын хаты сақ­талған (түпнұсқасы Мем­лекеттік Орталық архивте, кө­шір­месі музейде). Сондай-ақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жи­наушы, ойшыл, ақын, этнограф Мәш­һүр Жүсіптің 1931 жылы жаз­­ған хаты да құнды мұра­лар­дың қатарында.

С.Мұқановты майданның алғы шебіне іс-сапарға жіберу ту­ралы «Правда» газетінің тапсырма құ­жаты бар. Сол бойынша Сәбит үш айға майдан өмірінен мағлұмат жинау мақсатымен алғы шепке аттанады. С.Мұқановтың Калинин майданына барғандағы мақсаты – Қазақстанда жасақ­тал­ған 100 және 101-дербес ат­қыштар бри­гадаларында болып, жауынгер­лермен кездесу, олармен жүзбе-жүз сөйлесіп, шайқастағы ерлігін қағаз бетіне түсіру болған. Онда Мәлік Ғаб­дул­лин (Сәбең Мәлік­пен 1930 жылы Көкшетауда таныс­қан, Алма­тыға келіп оқуына жәр­дем­дескен, майданға өз үйінен аттан­­дырған), Хакім Бекішев (1976–1986 жылдары С.Мұқанов му­зей-үйінің алғашқы директоры бол­ған) т.б. қазақ офицерлерімен кездеседі. Музейдегі парақтары сарғайып, қаншама сыр бүккен қолжазба-күнделік сол сапардың куәгері іспетті. Іс-сапардан орал­ған­нан кейін «Гвардия, алға!» және «Мәлік Ғабдуллин» атты очерк­терін жазған.

Жазушының қолсөмкесі. Қа­лам­гер 1951 жылдан өмірі­нің соңына дейін еркін шығарма­шы­­лық­пен айналысқан. Сә­бең­­нің бұл қолсөмкесі – ұзақ жыл­­дар бойы Қазақстан Жазу­шылар одағындағы, Ғы­лым акаде­мия­сындағы, кітап­ха­налардағы, жо­­ғары оқу орын­дарындағы, Мәс­­­кеу, Ташкент, Фрунзе т.б. алыс, жақын шет елдерге жи­на­лыстарға, құрылтайларға, кон­фе­ренцияларға, кездесулерге, сая­хатқа барғанда қолынан тас­тамай ұстап жүрген ең қымбат мүлкі. Қолсөмкесінде «Өмір мек­тебі», «Аққан жұлдыз» роман­дарының, «Ботагөз», «Шоқан Уә­­­ли­ханов», «Қашғар қызы» пье­са­ларының, «Алыптың адымда­ры», «Өсу жолдарымыз» кітап­тарының және «Жарқын жұл­дыздар» монографиясының, «Қа­зақ қауымы» («Халық мұра­сы») этно­графиялық зерттеу ең­бек­­тері­нің қолжазбаларын, т.б. көп­­теген жеке құжаттарын, хат­­тарын, қаламдары мен қалам­ақыларын алып жүрген.

С.Мұқанов атақты қалам­герлер А.Толстой, М.Шо­лохов, А.Фадеев, Ғ.Ғұ­лам, С.Құ­даш, Н.Фазылов, М.Кә­рім, Ш.Айт­ма­­тов, Б.Кер­бабаев, Г.Сере­бря­­­кова, С.Маршак, Л.Леонов, Р.Ғам­­затов және т.б. көптеген қа­­лам­герлермен тығыз шығарма­шы­лық байланыста болған. Олар С.Мұқановты қазақ әде­бие­тінің алыбы ретінде танып, шығар­машылығына үлкен құрметпен қараған.

1960 жылы С.Мұқанов «Ми­хаил Калинин» атты кемемен екі айдай Азия құрлығында круиздік саяхатта болады. 60 жасқа толған мерейтойын осы кеме үстінде қар­сы алады. Бұл саяхаты Қиыр Шы­ғыстағы – Владивостоктан бас­талып, Жапония (Токио), Қы­тай (Шанхай), Индонезия (Жа­карта), Цейлон (Колумба), Үн­дістанның оңтүс­тік жағалауы (Бомбей), Африканың оңтүстік-шы­ғысы (Сомали, Жбути), Мысыр елі (Каир), Греция, Түр­кияда (Стам­бұл) болып, Одес­са қаласында аяқ­талады. Кеме тек ашық те­ңіз үстінде отыз күн болып, жиыр­ма екі мың километр жол жүрген. 1961 жылы «Эс­тония» кемесімен круиз­дік саяхат­пен Канада, Италия, Батыс Европа мемлекеттерінде болады. С.Мұ­қановтың шетелдерге сапар­ларынан туған шығар­малары қа­тарында «Адам-Ата шо­қысы» (Цейлон туралы. 1961), «Алып­­тың адымдары» (Қаш­­ғарияға барғанда, 1958) т.б. бар.

Драматургия саласында да С.Мұ­қановтың сіңірген еңбегі мол. Ең алғашқы пьесасы «Күрес күндерінде» деп аталған (1938 ж.). 1944 жылы «Шоқан Уә­ли­ханов» пьесасы жазылды. Ол 1945 жылы Мәскеуде «Нить Ариад­­ны» деген атпен орыс ті­ліне ауда­рылып, жарық көрді. Со­дан кейінгі жылдарда пьесаны байы­тып, то­лықтырып 1955 ж. жаңа нұс­қасын жұртшылыққа ұсынды. 1956 жылы М.Әуезов атын­дағы драма театрында ең ал­ғаш рет қойылды. Солтүстік Қазақ­стан об­лыстық Н.Погодин атын­дағы орыс драма театры 1987 жылы «Шоқан Уәлихановты» Мәс­кеудің Кіші театрына апарып қойды. Жазушы-драматург өзінің шығар­малары негізінде бірнеше пьесаларды өмір­ге әкелді. «Мөл­дір махаббат», «Сәкен Сей­фуллин», «Ба­луан Шолақ», «Бо­та­гөз», «Қашғар қызы» т.б. пьесалары көрермен көңі­лінен шыққан туындылар.

С.Мұқановтың 1932 жылы жарыққа шыққан «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегі сол кездегі әдебиетке деген көзқа­расты, тап тартысының әсерін анық бай­қатады. ХХ ғасыр ба­сындағы қазақ әдебиетін зерт­теушілер бұл кі­тапты айналып өте алмайды. Алаш қайраткерлерінің атта­рын атап тұрып, еңбектерін тал­дағаны үшін-ақ С.Мұқанов жа­зықты болып, жазаға тартыла жаздағанын біреу білсе, біреу білмейді. Кітап «тұтқындалды», тек 2008 жылы ғана бұл еңбек екінші рет қайта жарық көріп, жұртшылыққа ұсынылды. Оқуға тиым салынған кітаптың бірі – «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әде­биетінің тарихынан очерктер» (1942) атты оқулық. Бұл шығар­масында Бұқар жырау, Шер­нияз, Мұрат, Шортанбай, Ма­хамбет, Сырым Датұлы, т.б. ақын-кү­рес­керлер мен қазақ халқының айтыс өнері туралы зерттеулері енгіз­ілген. 2002 жылы 60 жылдан соң қайта жарыққа шықты. «Ақ­таңдақтар ақиқаты» атты бө­лімде С.Мұқановтың жеке мұрағатынан алынған Алаш арыстары – Шә­кәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Мір­жақып Дулатұлының, Мағжан Жұ­ма­бай­ұлының, Сұлтанмахмұт Торай­­ғырұлының, Жүсіпбек Ай­­ма­уыт­ұлының кітаптары қойыл­ған және «ХХ ғасырдың ба­сындағы қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегіндегі осы қаламгерлер туралы ой-пікірлерінен үзінділер келтірілген. Мәселен: «Ақындық жағынан келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қа­зақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ». «Бақытсыз Жамал» – үл­кен тарихи маңызы бар роман. Бұл роман арқылы Міржақып Дулатұлының қазақтың өсіп келе жатқан капиталистерінің ескі феодалдық өмірге қарсылығын көрсетті» т.б.

С.Мұқановтың шығармалары ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға көш керуенін жалғастыра өтіп, қайта басылып, жаңа оқырмандарымен қауышуда. Қазіргі кезде әлеумет­тік желілерде академик-жазушы С.Мұқановтың атына негізсіз кінә­лаулар, бір жапырақ мұрағат құжат­тарынсыз, ешбір дәлелсіз жала жабулар, өзінің ашық жазып кеткен сөздерінің өңін айналдырып, бұрмалаулар кездесіп қалатыны өкінішті-ақ... «Есілдей есіп жатқан көңілі бар. Сәкеңе өкпелейтін қай антұрған!» деп жаз­ған еді-ау Қасым Аманжолов (1945 ж.). Бәріне де уақыт төреші дейміз. Соңғы жылдардағы жа­ңалық: «Мұқанов хатханасы – Письмотека Муканова» атты хаттар жинағы (2018), мемлекеттік тапсырыс­пен С.Мұқановтың 10 томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді (2022); Ал­матыдағы музей-үйі толық жөндеуден өткізіліп, заманауи технологиямен жабдықталып, экспозициясы жаңартылып, тың мазмұн ашты (2023); Астанадағы кең де жарық көшелердің біріне жазушының аты берілді; Қы­зылжардағы С.Мұқанов атын­дағы облыстық сазды драма театры сәнді де салтанатты жаңа ғима­ратқа қоныстанды. Осы игі­лікті іс-шаралар нағыз халық жазушысына көрсетіліп жатқан құрмет, елінің ыстық ықыласы, таусылмайтын, түгесілмейтін «Мөлдір махаббаты» деп білеміз.

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

«Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» аға ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты