Қоғам • 12 Қыркүйек, 2023

Жүз мың отбасының жағдайы жақсарды

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықтың табысын арттырып, әл-ауқатын көтеру – әлеуметтік мемлекеттің басты ұстанымы. Сондықтан жұмысы өнімсіз жұрттың кедейлік шегінен шығып, шекесі шылқуы үшін лайықты еңбекпен қамтудың маңызы зор. Осы бағытта қажетті шаралар қолға алынып, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 100,4 мың отбасы кедейліктен құтылды.

Жүз мың отбасының жағдайы жақсарды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдегендей, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 2022 жылы атаулы әлеу­меттік көмек (АӘК) алған 100,4 мың отбасы биыл кедейлік жағ­дайынан шықты. Бұл ретте АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару екенін айта кеткен жөн.

Аталған шаралар мынадай қадам­дарды қамтиды: табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-дан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау; табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жас­ты қоса алғандағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру; жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу және басқа да ұсыныстар беру арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Былтыр АӘК алушылар саны 141,5 мың отбасын (728,7 мың адам) құрады. Ал осы жылдың 1 тамызында 102,7 мың отбасы АӘК (538,9 мың адам) алды. Өңірлік бөліністе биылғы жағдай бойынша, АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 25,1 мың отбасы (24,4%), Шымкент қаласында – 11,1 мың отбасы (10,8%), Қызылорда облысында – 8,8 мың отбасы (8,6%), Алматы облысында – 8,6 мың отбасы (8,4%), Жамбыл облысында – 7,2 мың отбасы (7%), Жетісу облысында 6,2 мың отбасы (6%) тіркелген.

Сонымен қатар АӘК тағайын­дауларының ең аз саны Ұлытау облысында – 459 отбасы (0,4%), Атырау облысында – 903 мың отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облысында – 1,4 мың отбасы (1,3%), Қарағанды облысында – 1,7 мың отбасы (1,6%) тіркелген.

АӘК алушылардың басым көпшілігі – балалардың үлесінде, бұл – 355,2 мың адам (65,9%), жұмыс істейтін азаматтар – 80,1 мың адам (14,9%), балаларға, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдар – 70 мың адам (13% ), ал қалған 6,2%-ы – азаматтар­дың басқа санаттарына тиесілі.

Қабылданған шаралардың, әсіресе жұмыспен қамтуға жәр­демдесудің белсенді шараларына тартудың нәтижесінде 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 141,5 мың отбасының ішінен өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланған 100,4 мың отбасы кедейліктің шегінен шықты. Солардың бірі – оңтүстік өңірден көшіп келген, қазір Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының тұрғыны Ақниет Алтынбайдың отбасы. Ерлі-зайыптылар мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдап, осы мақсатта олар шағын несие алды.

«Біздің кәмелетке толмаған төрт баламыз бар. Біз АӘК алушылар қатарында болған едік. Күйеуім мал шаруашылығын дамытып, өзім декреттік демалыста жүрген кезімде үйде пісірілетін ұн өнімдері мен кондитерлік өнімдерді даярлаумен айналысып, отбасылық мерекелер мен мейрамдарға тапсырыстар қабылдадым. Кейіннен орта мектепке әлеуметтік педагог ретінде жұмысқа орналастым. Нәтижесінде, бүгінде отбасымыз – АӘК алушылар қатарында емес», деді Ақниет.