Инфографика • 12 Қыркүйек, 2023

Індетпен күресу – міндет

318 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ширек ғасыр бұрын қа­зақ жастары арасында мас­күнемді проблемасы көбі­рек айтылатын болса, қа­­зір нашақорлық мәселесі ұлт саулығына кері әсер ететін басты қатерге айналды.

Індетпен күресу – міндет

Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Кеселге қарсы  кешенді құжат

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлық проблемасын жиі көтеріп келеді. Түр­кістанда өткен Ұлттық құ­рыл­тайда ол заманның залалды кеселі туралы тағы да айтты. «На­ша­­қорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірт­кі жастардың жанын да, тәнін де у­лап жатыр. Біз есірткіні қол­данудың, дайындаудың және та­ратудың жолын кесіп, тамы­рына балта шабуға тиіспіз. Әйт­песе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Хи­мия­­­лық есірткілер нарықта кең ауқым­да сатылуда. Криминал­дық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер ми­­нистрлігі Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы кү­рес­ке арналған кешенді жос­пар (2023-2025 жылдар) дайын­дап, маусым айында ол Үкі­мет қаулысымен бекітілді. Бұл құжатта қоғам үшін аса қауіпті әсіресе синтетикалық препарат­тардың таралуының жолын ке­су, олардың қолжетімділік дең­гейін төмендету, адамның наша­қорлыққа салынғанын дер кезін­де анықтау жүйесін енгізу, есірт­кі қолданатын адамдардың нақты есебін қалыптастыру, есірткі бизнесіне қарсы күресетін ор­ган­дардың материалдық-техни­калық жағдайын нығайту көзделген.

«Президент мемлекеттің есір­т­­кіге қарсы саясатының өзек­­тілігін атап өтіп, нақты бағыт­­тарды белгілеп, жоспарды іске асы­ру бойынша міндеттерді ал­ға қойды. Оны ІІМ-нің ве­дом­ство­ішілік деңгейінде са­па­­лы және тиімді іске асыру мақсатында қолға алынатын әрбір іс-шара министрліктің тиісті қызметтеріне бекітіліп берілді. Сонымен қатар ІІМ-де кешенді жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Бұл оның орындалу динамикасын апта сайынғы сегментте бақылауға мүмкіндік береді, қажет болған жағдайда біздің іс-әрекеттерімізді түзету бойынша шаралар қабылданады», дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.

 

Қылмыс өршіп тұр

Елімізде есірткі бизнесімен байланысты қылмыстар азаймай тұр. Ішкі істер органдары оның түр-түрін таратушылар мен сатушыларды күн сайын ұстап жатыр. Бұл нашақорлар санының аз еместігін және еліміздің батыс пен шығыс, әсіресе оңтүстік пен солтүстік арасында есірткі жөнелтуге арналған транзиттік аймаққа айналғанын көрсетсе керек.

Биылдың өзінде тәртіп сақ­шылары 210 килодан астам түрлі синтетикалық психоактивті зат­тарды тәркілеген. 31 есірткі зерт­ханасы табылып, қызметіне тыйым салынды. Қазір есірткінің түрлерімен қоса, оны сату мен тасымалдаудың да неше түрлі жолдары пайда болып жатыр. Нашақорлардың сүйікті «ерме­гіне» жету үшін ойлап тауып жат­­қан фантазияларында шек жоқ.

Мәселен, жуырда Шымкент қаласында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Есірткі қылмысына қарсы күрес басқар­масының қызметкерлері қала­дағы түнгі клубтардың бірінің кіреберісінде тыйым салынған заттар бар деген күдікпен екі жас­ты тоқтатқан. Тексеру ке­зін­­де 22 жастағы бойжеткеннен ұнтақты заты бар шағын по­лиэтилен пакеті табылды. Тәр­тіп сақшылары дәл осындай ұнтақ­ты оның 19 жастағы досынан да тәркіледі. Олар есірткінің бір­реттік дозасын қолданып көру мақсатында шұлықтарына жа­сыр­ған болып шықты.

Ал Маңғыстау облысында Telegram қосымшасы арқылы тапсырма алып, белгіленген орын­­дарға есірткі жасырып ке­­ту­мен айналысқан 2 азамат құ­­рық­талды. Оның бірі – 34 жас­­тағы ер адам Ақтаудағы су­ши-маркет желісінің басшы­сы болып жұмыс істеген. Бас­­шылық қызметті тас­тап, «барып кел, шауып кел» болып жүрге­ніне қарағанда, есірт­кіден түсе­тін пайда қомақты бол­са керек. Екінші күдікті, 32 жас­тағы азамат оған заңсыз істе­рін орын­дауға көмектескен. Олар­дың тұрғылықты жерін тексеру барысында 692 грамм «мефедрон» синтетикалық препараты табылып, тәркіленді.

Маусым айынан бас­тап рес­­пуб­лика аумағында «Қара­со­ра» жедел-алдын алу іс-шара­сы өтіп жатыр. Тәртіп сақшы­ларының шеңгеліне ілінген қыл­­мыскерлердің саны төбе ша­шың­­ды тік тұрғызады, ал ұстал­май жүргендері қаншама?! ІІМ-нің мәліметінше, тек 2 айдың өзінде полицейлер 678 есірткі қылмысын анықтаған. Оның ішінде 299-ы – өткізу, 126 аса ірі мөлшерде есірткіні сақтау фактісі, есірткіні тұтыну үшін ұйымдастырылған 2 притон анық­талған. Ал заңсыз айналымнан тәркіленген есірткі көлемі – 8,5 тоннадан астам.

 

6 мың граффити өшірілді

Еліміздің барлық өңірінде әкімдердің орынбасарлары есірт­кіге қарсы профилактикалық іс-шаралар жоспарын бекітіп, мау­сым айының өзінде 1800-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде денсаулық сақтау мекеме­лерімен бірлесіп 700-ден астам, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірге 272 іс-шара өтіп, оған 118 мыңнан аса жас қамтылды.

Ішкі істер органдары тарапынан қолға алынып жатқан шаралар жайында айта келе по­лиция полковнигі Бақытжан Әмірханов: «Барлық өңірде ҮЕҰ-мен бірлесіп есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити-жазуларды анықтау және бояп өшіру бойынша акциялар ұйымдастырылды. Оған 200-ден аса ерікті тартылды. Жалпы саны 6 мыңнан аса граффити өшірілді. Сондай-ақ өңірлерде есірткіге қарсы тақырыпта 169 көше баннері орнатылып, 206 LED экранда әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді», деді.

Оның айтуынша, жазғы лагерьлерде, үйірмелерде, аула клуб­тарында 12 жастан асқан жет­кіншектерге арналған спорт­тық және демалыс іс-шаралары өткізіліп, оған еріктілер мен үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкіл­дері белсенді қатысқан. Ішкі істер министрлігі есірткі қыл­мыс­­тарын жасау үшін ықти­мал қауіпті орындарды анықтау бойын­­ша жұмысты тәмамдап, енді әкім­дер алдында сол орын­дар­ға бей­небақылау камерала­рын орналастыру бойынша бас­та­ма­шылық жасауды жоспарлап отыр.

Есірткі бизнесіне және наша­­қор­лыққа қарсы күреске арнал­ған кешенді жоспардың аясын­дағы іс-шараларды іске асыруға 4 тар­мақ бойынша жалпы сома­сы 4,2 млрд теңге бөлінген. По­лиция полковнигі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, оның кейбір тарауларын орындау Ішкі істер министрлігіне жүктелген. Атап айтқанда, «Ирис», «Аргус» және «Тритон» аппараттық-бағдарламалық кешендерін сатып алу, аумақтық бөлімшелер үшін есірткі қылмысына қар­сы іс-қимыл бөлімшелерін мате­риалдық-техникалық жарақ­тандыру көзделген.

Бұрын сау адам мен нашақор­дың арасы барынша алшақтау болса, қазір екі тараптың орта­сын электронды темекі, вейп секілді зиянды дүниелер жал­ғап жатыр. Мамандар вейп тар­туға әуестенген адамның кейін есірткіні ермек қылуы оңай еке­нін жасырмайды. Кейде наша­қорлардың санын көбейтіп, есірткі бизнесін гүлдендіру үшін арнайы ойлап табылған жоспар емес пе деген ойға қаласың. Жас­тар арасында электронды те­­мекі шегетіндердің көбеюі на­ша­­қорлық секілді кеселге шал­дығу қаупін арттырғаны жасы­рын емес. Сондықтан бұл проб­ле­маның күн тәртібінен түспей тұр­ғаны кім-кімді де болсын ойландыруы керек.