Театр • 11 Қыркүйек, 2023

Маусымашар қойылым – «Абай»

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жайдарлы күз келіп, еліміздегі театрлар­дың да жаңа маусымы басталды. Елорда­дағы «Астана Опера» театры XI маусы­мын ұлттық рухани қазынамыздың інжу-маржанына айналған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазыл­ған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашты. Еліміздегі бірегей өнер ордасының үздік туындыларының біріне айналған бұл қойылым үшін аталған театр осыдан бес жыл бұрын Мемлекеттік сыйлықпен марапатталған еді.

Маусымашар қойылым – «Абай»

Жаңа маусымның ашылуына қатыс­қан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрнекті қос компо­зитор­дың мазмұнды музыкасына, театрдың бас дири­жері әрі спектакльдің қоюшы дири­жері Алан Бөрібаевтың кәсіби шебер­лігіне және қо­йылымда өнер көрсеткен әртістердің тамаша орындауына жоғары баға беріп, ұжымға зор жетістік пен шығармашылық табыс тіледі.

Қойылымда әйгілі баритон Жанат Шыбық­баев вокалдық және актерлік жағынан бас­ты партияны өте сәтті алып шықты. Ол сом­­даған ақын бейнесін көрермен өте жылы қа­былдады. Абайдың шәкірті Айдарды танымал тенор Мейір Байнеш орындап, өз ке­йіпкерінің эмо­ционалдық жағдайы мен ішкі уайымын терең аша білді. Тамаша сопрано Айгүл Ниязова Ажардың рөлінде актерлік ше­берлігімен танылып, оның тұнық дауысы әуеде ұшқан құстай қалықтады. Қарлығаштың партиясын Татьяна Вицинская келісті орындады. Көкбайдың рөлін талантты әртіс Ержан Саипов ойнады. Сондай-ақ Болат Есімханов – «Сырттанның», Талғат Ғалеев «Жиренше­нің» бейнесін сомдады.

Операдағы екі жастың махаббат хикая­сы көрерменді әдемі әсерге бөлеп, көзге жас ал­­дыр­ды. Қос ғашықтың романтикалық сезі­мі мәң­гілік адами құндылықтармен астаса өрілген.

«Бізге әрдайым «Абай» операсының бір ғана пайымдамасы бар секілді көрінетін, алайда «Астана Операның» қойылымы олай емес екенін көрсетті. Тыңдармандарға тәуелсіз опера өнері рухындағы интерпретация ұсыныл­ды. Ең алдымен, оркестрдің әуелеген керемет үнін атап өткім келеді, бұл маэстро Алан Бөрібаевтің еңбегі екені сөзсіз. Қоюшы дирижер партитура мәтінімен тыңғылықты жұмыс істеген, сондықтан композиторлардың ұлттық фольклор үні мен Абайдың төлтума әуенін өзіне сіңірген кемеңгер музыкасы шын мәнінде әсерлі естіліп, онда терең драма­тургия көрініс тапқан. Менің ойым­ша, жарқын кейіпкерлер шоғыры мен ұлттық жауһарға деген жаңа көзқарастың арқасында «Абай» операсы әлемдік классиканың мәңгі өшпейтін туындыларымен тайсалмай бір қатарда тұра алады», дейді Талғат Ибраев есімді көрермен спектакль аяқталғаннан кейін алған әсерімен бөлісіп.

Айтпақшы, спектакльдің төрт аяғын тең басып, жұртшылық жүрегінен жол табуына зор үлесін қосқан театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітовтің, қоюшы балетмейстерлер Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрі­баева­ның, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкеновтің, сцено­граф – көрнекті суретші-сценографы Эцио Фриджерионың, костюмдер бо­йынша суретші – «Оскар» сый­­лығының иегері Франка Скуарчапино және опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзовтің еңбегі орасан.