Әскер • 12 Қыркүйек, 2023

600-ден астам жас әскери қызметкер жеңілдікпен оқуға түсе алды

164 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскерде қызмет еткен азаматтарға білім беру жеңілдіктерін беру арқылы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі жобаны іске асырып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

600-ден астам жас әскери қызметкер жеңілдікпен оқуға түсе алды

Фото: gov.kz

Бүгінде жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігін 604 жас пайдаланды. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 19, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне – 17, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне – 15, С.Торайғыров университетіне – 10 азамат тегін оқуға түскен.

Ақылы негізде ҰБТ-ны есепке алмағанда А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне – 73, Торайғыров университетіне – 45, Ш.Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтына – 51,  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне – 35 адам оқуға түсті.

Аталған факторларды ескере келе, Қорғаныс министрлігі студенттердің бұл санатын жатақханамен және шәкіртақымен қамтамасыз ете отырып, гранттар беру процесін заңнамалық реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетейік, әскери қызметшілерді тегін оқуға іріктеу Қорғаныс министрлігінің порталында орналасқан «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта бұл ресурста 38 316 мерзімді қызмет сарбазы тіркелген.

2022 жылдың күзінде әскерге шақырылған 13 805 әскери қызметшінің бағалау көрсеткіштерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар үшін квоталарды бөлу осы жылдың қазан-қараша айларына жоспарланған. Сонымен бірге 2023 жылдың көктемінде әскерге шақырылған сарбаздарды да тіркеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 11 948-ден астам адам тіркелген.

Қорғаныс министрлігі жобаны одан әрі танымал ету мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, жастардың жеке жоспарлары мен әскердің рөлі туралы бейнероликтер дайындалды.

Осындай сауалнамадан Astana IT University-нің бірінші курс студенттері Айдар Науша, Әмір Қайыров және Әділет Құдашев өтті. Олар – жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын иеленген азаматтар. Айдар Науша Қарулы күштердің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде қызмет етті. Қазіргі уақытта «медиа-технологиялар» бағыты бойынша білім алып жатыр.

Университет базасындағы әскери кафедра елдің жұмылдыру резервін толықтыру үшін запастағы офицерлер мен сержанттарды дайындайды. Оқу кезінде үшеуі де әскери кафедрада оқып, запастағы офицер болуға ниет білдірген.

Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінен басқа бұл жобаға Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметі де қатысады. Келешекте ҰҚК Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі де «Срочники 2.0» жүйесіне қосылатынын айта кету керек.

Сертификаттың бар-жоғын тексеру үшін «Іздеу» бөліміндегі «Срочники 2.0» жүйесіне өз деректеріңізді, яғни «тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын енгізіп», «табу» опциясын басу қажет.

Естеріңізге сала кетейік, жастар бұл сертификатты екі жыл бойы пайдалана алады.