Президент • 12 Қыркүйек, 2023

Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастады

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастады

«Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған, яғни, мұны қоғамдық келісім актісі десе де болады. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдардың арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ. Мен Жолдауымда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек екенін айттым. Экономикамыздың көшбасшылары индустрияландырудың қозғаушы күшіне айналып, соңынан өнеркәсіппен айналысушы кәсіпкерлердің жаңа толқынын ілестіре алады», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда, кем дегенде, 15 ірі жобаны іске асыру міндетін жүктеген еді. Президенттің айтуынша, бұл мемлекеттің де, бизнестің де міндеті.

«Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Бұған қоса, мемлекет тағайындаған менеджерлер де тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Сондықтан еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастағым келеді. Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер», деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.