Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жалпы шағын жанрда ешкімге ұқсамайтын, ерекше қолтаңбасы бар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығында дала мен қала өмірі қатар қамтылып, ондағы кейіпкерлер бейнесі шынайылығымен, қарапайымдылығымен бірден есте сақталып қалады. Жазушының жұп-жұмыр, жинақы, кестелі тілімен жазылған кез келген әңгімесін алып оқысаңыз, одан бір үлкен шиелініскен қақтығыстарды, тосын оқиғаларды көрмейсіз. Қайта автор кәдімгі өмірдегі өзіміз аңғара бермейтін көріністер арқылы адам жан-дүниесінің қырық қатпарына терең бойлап, алапат сезімдерді тап басады.
Біз сөз етейін деп отырған шығарма да сол-ай. Бас-аяғы бес беттен тұратын туынды өткен ғасырдың 70-80-жылдары жазылса, оны оқығанда тап бүгін жазылғандай әсерде боласыз. Бір қарағанда, бұл әңгіменің басты кейіпкері: жалғызілікті ана, жарым көңіл бала. Енді оның астарында әлеуметтік мәселе бар деп ойлайсыз ғой. Бірақ автордың айтпақ ойы басқа, тым тереңде...Оны тұспалдап жеткізеді.
Енді әңгімеге үңілейік.
Муратик – деген қала баласы. Әлі мектепке бармаған. Үйден далаға көп шыға қоймайды. Өйткені ешкімді танымайды. «Мені танымайды» деп ешкімге де өкпе артпайды. Ол өзі бар болғаны – анасын, сосын ағасы Сапарды ғана ғана біледі. Басқасында шаруасы жоқ.
Жә, оны қайтеміз. Бала түгіл үлкен қалада кім-кімді танып жатыр. Бұл өзі қандай бала десеңіз? Оны жазушы былай суреттейді.
«...Бұл – қап-қара кекілі көзіне түсіп тұратын, екі беті бүйректей бұлтиған , алты-жетілер шамасындағы сүп-сүйкімді жуас бала. Ылғи өзімен-өзі болып, ешкімге қосылмай жеке жүреді. Көп сөйлемейді де. Бірақ тілін таба алсаң, әңгімеге кенде де қылмайды. Үстінде қысқа жеңді шотланд жейдесі, бұтында сол түстес шолақ шортигі болады. Бұларды анасы «ойын киімдерің» дейді. Сондықтан анда-санда есік алдындағы аулаға шығарда Муратик осы киімдерін киеді де, есікті мұқият жауып кілтті ұшы түйілген ұзын бауынан мойнына асып алады».
Олар қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйдің үшінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерде анасы екеуі ғана тұрады. Әкесі – капитан Нүркен Қозыбағаров – қарулы бандитпен шайқаста ерлікпен қазақ болған. Муратик әкесін мақтан тұтады. Бірақ оны ешкімге, тіпті анасына да білдірмейді. Өйткені бірде әкесінің ерлігін сұраймын деп, еңкілдеп жылаған шешесін жұбата алмай қалған. Содан бері әкесі туралы тіс жармайды. Анасы – дәрігер. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келеді. Муратик күнұзақ үйде болады. Іші пысса теледидар көреді, ойыншықтарымен ойнайды, кейде анасы әкеп қойған «Модалар» дейтін журналды парақтайды. Онда шетінен сұлу аналар мен әкелердің суреті жүреді. Ол кейде солардың ішіндегі толқынды қара шашын қысқа етіп қырыққан, ақ құба келіншекті – шешесіне ұқсатса, қара туфлиі жалт-жұлт етіп, әдемі ақ сұр костюмінің қалтасына төрт саусағын сұға салған (басбармағы сыртында) жігітті – «Сапар аға» дейді.
Оның «Сапар ағамен» танысқанына да көп бола қоймаса да, оны өте жақсы көреді. Өйткені үнемі жабыңқы жүретін анасы ол келгенде көңілденіп сала береді. Жүзі жадырап, жайраң қағады. Өйткені «Сапар аға» ешкімнің үйіне емес, тек Муратиктің үйіне ғана бас сұғады. Бір күні сол «ағасы» жұмыстан кеш шығып, сол үйге келді. Бәрі отырып шай ішеді, одан кейін теледидар қарайды. Уақыт түннің бір уағы болады. Бірақ тас қараңғы түнде «Сапар ағаны» шешесі де, өзі де жібергісі келмейді. Ақыры, сонда қонып қалады.
Бірақ біздің Муратик өзі ерекше жақсы көретін «ағасының» қандай адам екенін мына бір оқиға ашып берді. Ол анасының берген ақшасымен көрші баланы ертіп, зоопаркке барып келе жатқанда аялдамада тұрған «Сапар ағаны» көреді. Қуанып кетіп, қасына жүгіріп барып: «Сапар аға, бұл мен Муратикпін ғой», десе, ол...өп-өтірік танымағансиды. Назар да салмайды. Тіпті «Балақай, сен мені біреумен шатастырған шығарсың», деп бет-бақтыра қоймайды. Өзі секілді бір баланы қолынан жетектеп алған. Қасында тұрған әйел: «Немене, білетін болсаң білемін демейсің бе?! Атыңа дейін дәл айтып тұр ғой», деп екеуі ұрысып қала жаздады. Осы жағдай Муратикке қатты батты, үлкен адамдардың жүзбе-жүз алдаған өтірігін көріп, жаны күйзелді. Көңіл күйі түсіп, жылағасы келді. Содан соң тістеніп, «енді келсе, анама айтып, үйге кіргіздірмей қоямын, ол бізді алдап жүр», деп қабағы қатулана түсті.
Осы жердегі үзіндіге, үзінді де айтқан автор сөзіне зер салыңыз.
«Апыр-ай, – дейім, өз-өзімнен күйзеліп. – Бейкүнә бүлдіршіннің үлкен өмірге өз бетінше бірінші басқан қадамы екен. Тағдыр да мұнша қатыгез болар ма?! Рахым етсе нетті сәбиге! Сынар болса, алдында әлі ұзақ жол жатқан жоқ па еді?! Аямағаны-ау... Аямағаны ғой!». Бірақ бұған құлақ асқан кім бар дейсіз? Тағдыры аямағанды адам аяп келістіре ме?! Менікі, әншейін, далбаса дағы,.. тәйірі». «Тағдыры аямағанды адам аяп келістіре ме?!» Міне, үлкен шындық осы жерде. Әңгіменің түйіні де сол.