Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрлігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасындағы кең ауқымды ынтымақтастық шетелдік мұғалімдердің біліктілігін арттырып, отандық зияткерлік технологияларды әлемдік білімге сәтті трансляциялаудағы жүйелі жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Соған орай Педагогикалық шеберлік орталығының кәсіби даму бойынша «Заманауи мұғалім: оқытудан – зерттеуге» атты бағдарламасы әзірленіп, биылғы тамызда елордада әзербайжандық мұғалімдердің оқуы басталды.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, аталған курс заманауи білім берудің сұранысқа ие басымдықтарына, соның ішінде әлемдік педагогиканың жаһандық трендтері мен оқытушының нақты құралдарына арналған. Бауырлас елдің мұғалімдеріне арналған оқу бағдарламасы Жаһандық білім беру жөніндегі комиссияның Азия хабы бойынша комиссары Күләш Шәмшидинованың ашық дәрісімен бастады.
– «Заманауи мұғалім» ауқымды бағдарламасы зерттеу тәжірибесі арқылы рефлексиялық оқытуды дамытуға, сабақты жоспарлау мен бағалауда кәсіби құзыреттіліктерді арттыруға, қазіргі педагогикалық құралдарды көбейтуге, Lesson study және Action Research негізгі көрсеткіштерін түсінуге бағытталған. Әзербайжан Республикасының Ұлттық куррикулумын ескере отырып, халықаралық сертификаттаудан өткен біздің орталықтың «Тиімді оқыту» және «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеулер» бағдарламалары негізінде құрастырылған. Кембридж университетінің кеңесінен халықаралық сертификаттаудан өткен Педагогикалық шеберлік орталығының табысты тренерлері Раушан Әбішева мен Гүлжан Зейнолдина әзербайжандық әріптестерімен жұмыс істеді, – деді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдыкәрімова.
Астана мен Бакуде өткен оқытудың екі кезеңінде тұжырымдамалық жоспарлау, мектеп мәдениеті және балаға қолайлы орта, мотивациялық әрі аффективті теориялар, сыни тұрғыдан ойлау, интерактивті және инклюзивті оқыту, функционалдық сауаттылық секілді негізгі тақырыптар қамтылды.
Педагогикалық шеберлік орталығының кәсіби жетістіктері, мәселен беделді еуропалық ACQUIN институтында бағдарлама аккредитацияларының тұтас сериясы, отандық білімге Lesson study және Action Research енгізудегі табысты жұмысы және келесі жылы ТМД-да алғаш рет өтетін Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының WALS дәстүрлі конференциясы әзербайжандық мұғалімдердің айрықша қызығушылығын туғызды.
– Біз күн сайын Астана мен Бакуде Қазақстандағы әріптестеріміздің немен таңғалдыратынын асыға күтіп жүрдік. Шеберлік орталығының заманауи мұғалімнің жетістігі өзіне деген сенімділіктен басталады дегені сенімімді арттырады, – деді Әзербайжанның еңбек сіңірген мұғалімі Флора Алиева.