Қоғам • 12 Қыркүйек, 2023

Жалақыңызды қайда жұмсайсыз?

177 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тамыздың қорытындысы бойынша инфляция 13 пайыз болып, жыл басымен салыстырғанда (20 пайыз) біршама баяулағанына қарамастан тауарлар мен қызметтер әлі де қымбат. Jusan Analytics дерегі бо­йынша ел тұрғындары тапқан табысының 60-70 пайызын күнделікті шығындарына жұмсауға мәжбүр. Әрине, күнделікті шығын санаты да әр алуан. Біреу үшін ол тамақтану, киім кию болса, біреулер жалақысының басым бөлігімен несиесін жабады, қарызын өтейді.

Жалақыңызды қайда жұмсайсыз?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Jusan тобы базалық шығындарға, яғни әрбір адам немесе отбасы үшін сәл де болса жайлы өмір сүруге және негізгі өмірлік қажеттіліктерді қа­на­ғат­­тан­дыруға қажетті шығын­дар­ға талдау жүр­гізген. Олар жасаған негізгі тұжы­рым­дар мынадай:

  • Ай сайын базалық шығындарға орта есеппен 246,3 мың теңге немесе жала­қының 60%-ы кетеді;
  • Ең көп шығындар жалақы алған­нан кейінгі алғашқы 4 күн ішінде жұмсалады;
  • Мегаполистерде жайлы өмір сүру және барлық базалық шығындар үшін кем дегенде айына 450 мың теңге қажет;
  • Барлық базалық шығындарды қанағат­тандыру үшін Алматы мен Аста­нада жұмыс істейтіндердің жартысына жуығында (49%) шығын­дар­ды өтеу үшін жалақы жете бермейді;
  • Алматыда қаржылық тапшы­лық­қа тап болатындардың саны Ас­та­наға қара­ғанда 4 есе жоғары;
  • Орташа тап өкілдеріне жалақысы 700 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін алатын жұмыскерлердің 4,4%-ы ғана жатады. Олардың күнделікті шы­ғын­дары табыстарының 40-50%-ын құрайды;
  • Табыстары орташа деңгейден жоға­ры жұмыскерлердің үлесі жұ­мыс­пен қамтылған халық ішінде бар болғаны 2% ғана.

Jusan Big Data деректері бо­йынша 2022 жылы Астана мен Алматы жұ­мыс­керлерінің орташа айлық жала­қысы (салықтар мен әлеуметтік жарна­ларды төлегеннен кейін) 412,3 мың теңгені құрады. Ал осы ретте негізгі қажет­ті­лік­тер­ге жұмсалатын шығын­дар 246,3 мың теңге болды немесе жалақының 60%-ын қамтыды. Шығындардың көпшілігіне ақша негізінен жалақы алған күннен кейін төленеді. Осы күндері орта есеппен немесе айлық шығындардың 29%-ы жұм­са­лады. Кейінгі шығындар апта сайын біртіндеп азая береді. Осы ретте күніне ең көп жұмсалатын шығындар жалақы алғаннан кейінгі алғашқы 4 күнге тура келеді (10-12 мың теңге).

Зерттеуге сүйенсек, Алматы тұр­ғын­да­ры Астанаға қарағанда ақша­ны айына 15%-ға көп жұмсайды екен. Жалпы, екі мегаполистегі орташа жалақы бірдей десе де болады: елордалық жұмыскерлер үшін 413 мың теңге және алматылық жұмыскерлер үшін 412 мың теңге. Алайда Алматыда базалық қажеттілік шы­ғындары жалақының 63%-ын не­месе айына 261,6 мың теңгені құраса, мұндай шығындар үлесі бас шаһарда 55% немесе 228,2 мың теңгеге тең.

«Алматы тұрғындары жалақы алған­нан кейінгі алғашқы аптада орта есеппен 76,1 мың теңге шы­ғын­дайды. Одан кейінгі апталарда шығындар азайып, 4-аптада ба­за­лық шығындардың 23%-ын құ­райды. Астана тұрғындары жа­лақы алғаннан кейінгі алғашқы аптада 64,3 мың теңге жұмсайды. Бұл Ал­ма­тыға қарағанда 16%-ға төмен. Әрі қарай базалық шығындар сомасы екінші және үшінші апталарда азаяды да, төртінші аптада аздап көтеріледі, яғни 53,8 мың теңгені немесе базалық шығындардың 24%-ын құрайды. Орта есеппен Астанада күнделікті жұмсалым 8149 теңгені құраса, Алматыда бұл сома 9342 теңгеге тең», деп мәлімдейді Jusan Analytics.

Сонымен қатар зерттеу ерлердің әйелдерге қарағанда көп табыс табатынын және көп шығындайтынын растады. Jusan Big Data деректері бойынша 2022 жылы ерлердің орташа айлық жалақысы (салықтар мен әлеуметтік жарналарды төлегеннен кейін) 457,4 мың теңге болды. Бұл әйелдерге қарағанда 22%-ға жоғары. Ал нәзік жандылардың орташа жалақысы – 374,6 мың теңге. Базалық қа­жет­тіліктерге келер болсақ, ерлер ақ­ша­ны әйелдерге қарағанда 19%-ға көп жұмсайды. Ер азаматтардың негізгі шы­ғы­ны жалақысының 59%-ын немесе 269,9 мың теңгені құрады.

Ал әйелдер жалақысының 60 пайызын немесе 226,6 мың теңгені ағымдағы қажеттіліктерге жұмсайды екен.

«Егер екі қаланың арасындағы айыр­ма­шылықтарды қарайтын бол­сақ, Алматыда ерлер де, әйелдер де астана­лық­тарға қарағанда көп ақша жұм­сай­ды. Алматылық ер азаматтар база­лық қажеттіліктерге бәрінен көп шығын­да­лады – 291,4 мың теңге. Бұл – олар­дың жа­лақы­сы­ның 64 пайызы. Ең аз жұм­сайтындар – астаналық әйелдер. Олар­дың шы­ғындары 212,9 мың теңгеге, яғни жала­қыларының 57 пайызына тең», дейді сарапшылар.

Зерттеуден шыққан тағы бір түйін – 200 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлер ақшасының күн­делікті шығындарды өтеуге жет­пей­тіндігі.

«Саламатты қаржылық тұрақ­ты­лық­­тың негізгі қағидат­тарының бірі – та­быс­­тың шығындарды өтеуі және қар­жылық қауіпсіздік үшін болашаққа ақша жинақтауға мүмкіндік беруі. Алайда кейбіреулердің шығыны тапқан табысынан асып кетіп жатады. Бұл оларды кредит пен басқа қарыздарға тәуелді етеді. Лондонның экономика және саяси ғы­лымдар мектебі және экономикалық зерттеу­лер институтының зерттеулеріне сәйкес Қазақстанның әрбір екінші тұрғыны қаржылық қиындықтарға тап болады. Ресми статистика де­рек­тері бойынша 200 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлер негізінен мамандықты талап етпейтін жұмыстармен айналысады (тазалаушылар, аула сыпырушылар, кү­зет­шілер, қосалқы жұмыстар), сондай-ақ бөбекжайда бала бағушы, әлеуметтік жұмыскер, малшы, дая­шы, автокөлік жүргізушісі, техник, электрик секілді мамандық иелері болып жұмыс істейді. Мұндай жұмыскерлерді халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жатқызуға болады. Өйткені оларға қа­лыпты өмір сүру салтын қамтамасыз ету үшін, әрине, қаражат жетіспейді», дейді Jusan мамандары.

Олардың пайымынша, халықтың төмен қамтылған тобына 201 мың­нан 400 мың теңгеге дейін жалақы алатын алматылықтарды және 300 мың теңгеге дейін жалақы алатын аста­на­лықтарды жатқызуға болады. Бұл қатарда агроном, темір балқы­ту­шы, тас қалаушы, хатшы, әкімші, кассир, медбике, мейіргер және бас­қалар бар.

400 мыңнан 700 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмыскерлер орташа тап өкілдері болып сана­ла­ды. Өйткені базалық қажет­ті­лік­терге олардың 280 мыңнан 330 мың теңгеге дейін ақшасы немесе жалақының 50-70%-ы кетуі мүм­кін. Олар негізінен мұнай мен газ өндіруші оператор, бағдарлық ав­то­бус­тар­дың жүргізушісі, мектеп мұға­лімі, ауруханада бөлімше меңгерушісі, дәрі­герлер, құрылыс және монтаж жұмыс­та­рының ұс­тасы, есепші, заңгер болып қыз­мет атқарады. Бұл санаттағы жұ­мыс­керлер ірі сатып алулар, саяхат жасау немесе жоғары деңгейде білім алуға қол жеткізуде шектеулерге тап болу­лары мүмкін.

Орта тап өкілдеріне жалақысы 700 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін баратын жұ­мыс­керлерді жатқызуға болады. Олар­дың жалақысы базалық қажет­­ті­лік­терді айтарлықтай шектеу­сіз өтеуге мүм­кіндік береді. Бұл шы­ғындарға орта есеппен 380 мың­нан 450 мың теңгеге дейін немесе жалақының 40-50 пайызы жаратылады. Табыстың қалған бөлігі ай сайынғы ипотекалық төлемдерді, басқа да несиелерді төлеуге, ақша жинауға және жыл сайынғы еңбек демалысын жоспарлауға мүмкіндік береді. Ресми ста­тистикаға сүйенсек, 2022 жылы мұн­дай жалақыны ұйым­дар мен бөлімше жетекшілері, инженерлер, геологтер, ұшқыштар, бағ­дарламашылар, маркетологтер, қаржыгерлер алған.