Экология • 13 Қыркүйек, 2023

Суды үнемдеу – басты қажеттілік 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтеді

274 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шаруаға қажетті ағын су мәселесі – Түркістан облысының мақталы аудандарында өте өзекті. Яғни Жолдауда көтерілген ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мәселелер «ақ алтынды» Мақтаарал ауданы үшін маңызды болып тұр.

Суды үнемдеу – басты қажеттілік 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтеді

Себебі бақша, мақта дақылын өсіретін ауданда ирригация, мелиорация саласында шешімін таппаған мәселе аз емес. Халқы көп әрі тығыз шоғырланған Мақтаарал ауданы 2018 жылы маусым айында тарихи қалпына келтіріліп, қайта құрылған болатын.Содан бері еліміздің ең қиыр оң­түстігін­де ор­наласқан, демографиялық өсімі жоға­ры ше­ка­ралы ауданды басқарып келе жат­қан Ба­қыт Асановқа жолығып, бірқатар мәсе­ле­ге қаныққан едік.

«Мемлекет басшысы Жолдауында ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керектігін айтты. Су үнемдейтін технологияларды шұғыл енгізуді міндеттеді. Сондай-ақ Президент жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы екенін ескертті. Осы орайда аудан аумағында «Ирригация және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2» ауқымды жобасы жүргізіліп жатқанын айта кетейін. Осы жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтеді. Ағын су жеткізу, мелиорацияны жақсарту мақсатында К-20, К-34 каналдарын осы бағдарлама аясында бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда 557 шақырымды құрайтын 127 су қашыртқысы механи­ка­лық тазалаудан өтті. Ағын су шығынын азайту үшін ирригациялық жүйелерге автоматтандырылған су есептегіш қон­дыр­ғылары орнатылады. Осы ауқым­ды жұмыстар толық жүзеге асқан жағдайда ауданда 45786 гектар суармалы жердің құнарлылығы жақсара түсетін болады», дейді аудан әкімі.

Ауданның ауылшаруашылық саласында көп жылдан бері шешімін таппай қордаланған проблемалар аз емес. Мәселен, мақта-тоқыма және тігін өнер­кәсібі дамымай отыр. Соның салдарынан мақтаны шикізат күйінде сату бағасы Ливерпуль биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сонымен бірге кейінгі жылдары мақта өніміне сұраныстың азаюы да бағаның төмендеуіне әкелді. Тұқымдық шит сапасы нашарлап, мақтаны әрі қарай өңдеу ісі жолға қойылмады. Аудан әкімінің ай­туынша, өңірде жіп иіріп, мақта то­қи­тын, киім тігетін ірі өндіріс орны жоқ. Сол себепті, ауданда тоқыма, тігін өнеркәсібін дамытып, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен және тікелей қолдауымен арнайы жос­пар жасалыпты. «2023-2025 жылдары ауданымызда 21 млрд теңгеге мақта-тоқыма кешенін және логистикалық хаб құру инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақшы. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3 000 жаңа жұмыс орны құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсі­ру мәселесін шешу қажеттігін айтты. Осы орайда ең алдымен, мақта тұ­қы­­мының сапасын жақсартуға, эли­та­­лық шитті өзімізде өндіруге баса мән беріп отырмыз. Элиталы мақта тұ­қы­мын ауданымызға импорттауға ке­лі­сім­шарттар жасалып, биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элита­лы тұқымдық шит әкелінді. 2027 жыл­ға дейін ішкі нарық толықтай сапалы эли­та­лық шитпен қамтамасыз еті­летін болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде шитті мақтаның 70 пайызын терең өң­деу­ден өткізіп, баға нарығына тәуел­ді­ліктен арылуға болады деген ой­дамыз. Осы бағытта ауданға ин­вес­тиция тарту бо­йынша ауқымды жоба қолға алынып отыр. Мақта-тұқым клас­те­рі­мен айналысатын өзбекстандық ең ірі кә­сіп­орнының бірі – «Global textile» компаниясы биылдан бастап Мақтаарал ауданының нарығында жұ­мыс істеуге кірісті. Компания біздің ауданнан 5 ірі кәсіпорынды іске қосу үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын да­йындады. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, мақта-тоқыма фабрикасы, матаны бояу фабрикасы іске қосылатын болады. Биыл бұл компания аудан шаруаларынан 10 мың тоннаға дейін мақта сатып алуға ниет білдіріп отыр. Жуырда Мырзакент кентінен компанияның кең­сесі ашылды», дейді Бақыт Асанов. Аудандағы ауыл шаруашылығы сала­сы­ның мамандары, ауыл әкімдері, шаруалар мен кәсіпкерлерден құрылған деле­гация таяуда Өзбекстанның Фер­ғана облысындағы «Global textile» ком­па­ниясының кәсіпорындарын аралап, озық тәжірибесімен танысып қайтқан. Бұл компания мақтадан жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы мақта кластерін толық игерген. Ташкент қаласы мен Ферғана облысында 15-ке жуық кәсіпорындарында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондай-ақ мақтаны терең өңдейтін зауыт, фабрикалар ашуға инвесторлар тарту және өндірістік кә­сіп­орындардың жұмысымен танысу мақ­са­тын­да Қытайға іс-сапармен барған делегация мүшелері Буратала қаласында болған. Ондағы «Шонши Хэ» зауытында мақта тұқымын өндіру, мақта өсіру және оны терең өңдеу, жіп иіру технологиясымен танысқан кезде зауыт басшылығы Мақтаарал ауданына инвестиция салуға ниет білдіріпті. Аудан әкімі осы сапарда Қытай елінде терең танысқан егісті тамшылатып суарудың озық технологиясын ауданда енгізуге күш салатын айтады. Бұл жаз айында жиі орын алатын ағын су тапшылығы кезінде суды мейлінше үнемдеуге мүмкіндік береді.

Президент Жолдауында егін шаруа­­шылығында маңызды реформа жасау қажеттігі айтылды, яғни егіс түр­лерін кө­бейтіп, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Бұл орайда ауданда егістікті әртараптандыру жұмысын жақсарту мақсатында жүгері егу қолға алынбақ. Жүгеріден 29 түрлі өнім шығаратын зауыт ашу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа тех­нологияны тиімді қолданудың нәти­жесінде мақта, бақша, жүгері дақыл­да­рының өнімділігі артқан. Әр жылы халықтың басты күнкөрісі – мақтаның әр гектарынан 24,5 – 26,3 центнерден өнім алынды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 900 гектарға ендіріліп, өсімі 2,3 есеге, тамшылатып суару 1,4 есеге, жылыжай кешенін салу 2 есеге көбейді. Жылына 2-3 рет өнім алу үшін диқандар бірінші кезеңде бақша, екінші кезеңде мал азығы дақылдарын өсіруді дәстүрге айналдырған. Жыл сайын бақша және көкөністен алынған өнімнің 80 пайызы шетелге экспортталады. Жыл қорытындысы бойынша аудан облыста екі жыл қатарынан «Ең үздік өнім экспорттаушы аудан» атағын жеңіп алған. Аудан әкімінің айтуынша, 69 елді мекеннің 97,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ауыз су 49 елді мекенге тәулік бойына, 18-не кесте бо­йынша берілуде. 2019-2023 жылдары ауыз суға ел қазынасынан 2 млрд 395,8 мил­­­лион теңге қаржы бөлініп, 10 елді мекеннің ауыз су жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ 36 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Бес жыл көлемінде бюджеттен табиғи газ жүргізу үшін 6 млрд 842 мың теңге қаржы қаралып, 9 елді мекен «көгілдір отынға» қол жеткізді. «Жуырда жарияланған Мем­лекет бас­шы­сының Жолдауында айтылғандай «Дарбаза – Мақтаарал» темір жолының құрылысы қолға алынғалы отыр. Бұл темір жолды сапалы салу мәселесіне ел Президенті баса назар аударды. Атамекен кеден бекетінен «Сырдария» шекара өткізу бекетіне дейін тартылуын Сауда және интеграция министрлігінен сұрап отырмыз. Қазір сая­си шешім қабылданып, экономикалық және тех­ни­калық негіздемелер әзірленіп жатыр. Ауданда Қазақстан-Өзбекстан шекарасы бойымен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жоспарланып отыр. Атакент кентіне жақын орналасқан кедендік бекеттің маңында бұған дейін жүк көліктерінің кептелістері жиі болып, кентке кіріп-шығатын жеңіл кө­ліктер үшін қиындық тудырған еді. Жаңа нысанның жобасы бо­йынша 600 жүк көлігіне арналған автотұрақ салынып, жүк көліктерінің кептелісі мәселеcі оң шешім табады. Аталған жобалар іске асса, өңірде өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге жол ашылмақ. Мақталы өңірге инвесторлардың да үлкен қызығушылығы артады. Мұнда тиісті инфрақұрылымды тарта отырып, өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға болады. Аг­рарлы ауданның халқы өте еңбекқор, іскер. Яғни Жолдаудың жүзеге асырылуына қомақты үлес қосарына сенімдімін. Ауданның 95 жылдық тарихына көз жіберсек, бір кездері осы мақталы өңір­ден 33 адамның Социалистік Еңбек Ері атағын алуы сөзімізді дәлелдей түседі», дейді аудан әкімі Бақыт Асанов.

Айта кетелік, ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 62 млрд теңгеден 116,5 млрд теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі екі есеге артып, 80,9 млрд теңге болды. Ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі былтыр 22,5 млрд теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға өскен.

 

Түркістан облысы