Себебі бақша, мақта дақылын өсіретін ауданда ирригация, мелиорация саласында шешімін таппаған мәселе аз емес. Халқы көп әрі тығыз шоғырланған Мақтаарал ауданы 2018 жылы маусым айында тарихи қалпына келтіріліп, қайта құрылған болатын.Содан бері еліміздің ең қиыр оңтүстігінде орналасқан, демографиялық өсімі жоғары шекаралы ауданды басқарып келе жатқан Бақыт Асановқа жолығып, бірқатар мәселеге қаныққан едік.
«Мемлекет басшысы Жолдауында ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керектігін айтты. Су үнемдейтін технологияларды шұғыл енгізуді міндеттеді. Сондай-ақ Президент жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы екенін ескертті. Осы орайда аудан аумағында «Ирригация және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2» ауқымды жобасы жүргізіліп жатқанын айта кетейін. Осы жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтеді. Ағын су жеткізу, мелиорацияны жақсарту мақсатында К-20, К-34 каналдарын осы бағдарлама аясында бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда 557 шақырымды құрайтын 127 су қашыртқысы механикалық тазалаудан өтті. Ағын су шығынын азайту үшін ирригациялық жүйелерге автоматтандырылған су есептегіш қондырғылары орнатылады. Осы ауқымды жұмыстар толық жүзеге асқан жағдайда ауданда 45786 гектар суармалы жердің құнарлылығы жақсара түсетін болады», дейді аудан әкімі.
Ауданның ауылшаруашылық саласында көп жылдан бері шешімін таппай қордаланған проблемалар аз емес. Мәселен, мақта-тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымай отыр. Соның салдарынан мақтаны шикізат күйінде сату бағасы Ливерпуль биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сонымен бірге кейінгі жылдары мақта өніміне сұраныстың азаюы да бағаның төмендеуіне әкелді. Тұқымдық шит сапасы нашарлап, мақтаны әрі қарай өңдеу ісі жолға қойылмады. Аудан әкімінің айтуынша, өңірде жіп иіріп, мақта тоқитын, киім тігетін ірі өндіріс орны жоқ. Сол себепті, ауданда тоқыма, тігін өнеркәсібін дамытып, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен және тікелей қолдауымен арнайы жоспар жасалыпты. «2023-2025 жылдары ауданымызда 21 млрд теңгеге мақта-тоқыма кешенін және логистикалық хаб құру инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақшы. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3 000 жаңа жұмыс орны құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешу қажеттігін айтты. Осы орайда ең алдымен, мақта тұқымының сапасын жақсартуға, элиталық шитті өзімізде өндіруге баса мән беріп отырмыз. Элиталы мақта тұқымын ауданымызға импорттауға келісімшарттар жасалып, биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит әкелінді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толықтай сапалы элиталық шитпен қамтамасыз етілетін болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде шитті мақтаның 70 пайызын терең өңдеуден өткізіп, баға нарығына тәуелділіктен арылуға болады деген ойдамыз. Осы бағытта ауданға инвестиция тарту бойынша ауқымды жоба қолға алынып отыр. Мақта-тұқым кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі кәсіпорнының бірі – «Global textile» компаниясы биылдан бастап Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті. Компания біздің ауданнан 5 ірі кәсіпорынды іске қосу үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындады. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, мақта-тоқыма фабрикасы, матаны бояу фабрикасы іске қосылатын болады. Биыл бұл компания аудан шаруаларынан 10 мың тоннаға дейін мақта сатып алуға ниет білдіріп отыр. Жуырда Мырзакент кентінен компанияның кеңсесі ашылды», дейді Бақыт Асанов. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ауыл әкімдері, шаруалар мен кәсіпкерлерден құрылған делегация таяуда Өзбекстанның Ферғана облысындағы «Global textile» компаниясының кәсіпорындарын аралап, озық тәжірибесімен танысып қайтқан. Бұл компания мақтадан жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы мақта кластерін толық игерген. Ташкент қаласы мен Ферғана облысында 15-ке жуық кәсіпорындарында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондай-ақ мақтаны терең өңдейтін зауыт, фабрикалар ашуға инвесторлар тарту және өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысу мақсатында Қытайға іс-сапармен барған делегация мүшелері Буратала қаласында болған. Ондағы «Шонши Хэ» зауытында мақта тұқымын өндіру, мақта өсіру және оны терең өңдеу, жіп иіру технологиясымен танысқан кезде зауыт басшылығы Мақтаарал ауданына инвестиция салуға ниет білдіріпті. Аудан әкімі осы сапарда Қытай елінде терең танысқан егісті тамшылатып суарудың озық технологиясын ауданда енгізуге күш салатын айтады. Бұл жаз айында жиі орын алатын ағын су тапшылығы кезінде суды мейлінше үнемдеуге мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында егін шаруашылығында маңызды реформа жасау қажеттігі айтылды, яғни егіс түрлерін көбейтіп, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Бұл орайда ауданда егістікті әртараптандыру жұмысын жақсарту мақсатында жүгері егу қолға алынбақ. Жүгеріден 29 түрлі өнім шығаратын зауыт ашу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияны тиімді қолданудың нәтижесінде мақта, бақша, жүгері дақылдарының өнімділігі артқан. Әр жылы халықтың басты күнкөрісі – мақтаның әр гектарынан 24,5 – 26,3 центнерден өнім алынды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 900 гектарға ендіріліп, өсімі 2,3 есеге, тамшылатып суару 1,4 есеге, жылыжай кешенін салу 2 есеге көбейді. Жылына 2-3 рет өнім алу үшін диқандар бірінші кезеңде бақша, екінші кезеңде мал азығы дақылдарын өсіруді дәстүрге айналдырған. Жыл сайын бақша және көкөністен алынған өнімнің 80 пайызы шетелге экспортталады. Жыл қорытындысы бойынша аудан облыста екі жыл қатарынан «Ең үздік өнім экспорттаушы аудан» атағын жеңіп алған. Аудан әкімінің айтуынша, 69 елді мекеннің 97,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ауыз су 49 елді мекенге тәулік бойына, 18-не кесте бойынша берілуде. 2019-2023 жылдары ауыз суға ел қазынасынан 2 млрд 395,8 миллион теңге қаржы бөлініп, 10 елді мекеннің ауыз су жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ 36 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Бес жыл көлемінде бюджеттен табиғи газ жүргізу үшін 6 млрд 842 мың теңге қаржы қаралып, 9 елді мекен «көгілдір отынға» қол жеткізді. «Жуырда жарияланған Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай «Дарбаза – Мақтаарал» темір жолының құрылысы қолға алынғалы отыр. Бұл темір жолды сапалы салу мәселесіне ел Президенті баса назар аударды. Атамекен кеден бекетінен «Сырдария» шекара өткізу бекетіне дейін тартылуын Сауда және интеграция министрлігінен сұрап отырмыз. Қазір саяси шешім қабылданып, экономикалық және техникалық негіздемелер әзірленіп жатыр. Ауданда Қазақстан-Өзбекстан шекарасы бойымен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жоспарланып отыр. Атакент кентіне жақын орналасқан кедендік бекеттің маңында бұған дейін жүк көліктерінің кептелістері жиі болып, кентке кіріп-шығатын жеңіл көліктер үшін қиындық тудырған еді. Жаңа нысанның жобасы бойынша 600 жүк көлігіне арналған автотұрақ салынып, жүк көліктерінің кептелісі мәселеcі оң шешім табады. Аталған жобалар іске асса, өңірде өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге жол ашылмақ. Мақталы өңірге инвесторлардың да үлкен қызығушылығы артады. Мұнда тиісті инфрақұрылымды тарта отырып, өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға болады. Аграрлы ауданның халқы өте еңбекқор, іскер. Яғни Жолдаудың жүзеге асырылуына қомақты үлес қосарына сенімдімін. Ауданның 95 жылдық тарихына көз жіберсек, бір кездері осы мақталы өңірден 33 адамның Социалистік Еңбек Ері атағын алуы сөзімізді дәлелдей түседі», дейді аудан әкімі Бақыт Асанов.
Айта кетелік, ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 62 млрд теңгеден 116,5 млрд теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі екі есеге артып, 80,9 млрд теңге болды. Ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі былтыр 22,5 млрд теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға өскен.
Түркістан облысы