Сұхбат • 12 Қыркүйек, 2023

Бағдат МУСИН: Еліміз цифрландырудан Орталық Азияда көш бастап тұр

295 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Цифрлық революция әлемдік экономика мен қоғамның келбетін өзгертіп-ақ келеді. Бұл ретте Орталық Азияның іргелі мемлекеті саналатын Қазақстан осы бір оң өзгерістердің жарқын мысалы бола алады. Өйткені біздің ел өңірдегі цифрлық даму саласының нағыз көшбасшысына айналды. Елімізде цифрлық экономика мен цифрлық қызметтердің дамуын ынталандыру үшін маңызды қадамдар да жасалып жатыр. Осы орайда биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмалар төңірегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат МУСИНМЕН әңгімелескен едік.

Бағдат МУСИН: Еліміз цифрландырудан Орталық Азияда көш бастап тұр

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Біз­дің ел кең жолақты ин­тер­нетке қол­жетімділікті қам­тамасыз ету үшін инфра­құ­ры­лымға ин­вестиция салуға ба­сымдық берді. Бұл Қазақ­стан­ның цифр­лық дамуға жа­са­ған маңызды қадам­да­ры­ның бірі болды. Бас­та­ма өзін-өзі қан­ша­лық­ты ақтады?

– Инфрақұрылымға қаржы құю қалалардың ғана емес, шал­ғай аудандардың да желіге қосылуына мүмкіндік берді. Осы­лайша, елдегі интернет қол­данушыларының көбеюіне ық­пал етті. Сондай-ақ бұқара мен бизнеске мемлекеттік қыз­мет­терді алу үшін ыңғайлы элек­тронды сервистерді ұсына отырып, цифрлық үкімет тұжырым­да­­масын жан-жақты енгізуге жол ашты. Бұл бюрократиялық жүктемені азайтады әрі мемле­кет­тік органдармен өзара әрекет­те­су­ді жеңілдетеді. Сонымен қа­тар Қазақстан инновациялық хабтар құру және технологиялық ком­панияларға инвестиция тарту арқылы инновациялық жо­ба­­лар мен стартаптарды қол­дап келеді. Елдегі цифрлық инду­с­трияның тұрақты дамуын қам­та­масыз етудің тағы бір маңызды қадамына білім беру мен кадрларды даярлауға инвестиция салуды айтар едім. IT білім бе­ру және жетекші университет­термен әрі технологиялық ком­паниялармен әріптестік ел Үкіме­ті­нің басым міндетіне айналды. Қазақстан халықаралық ұйым­дар­мен және шет мемлекеттермен цифрлық трансформация саласында ынты­мақтасып отыр. Бұл өзара озық тәжірибелермен алмасуға жол ашады. Бүгінде біздің ел инфра­құ­рылымды, цифр­­лық үкіметті, инновациялар­ды және кадрларды даярлауды дамытуға баса назар аударып отыр. Әрі цифрландыру саласында толайым жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Осының бәрі елімізді цифрлық даму бо­йынша Орталық Азиядағы табысты елге айналдырады.

– Ел Президенті биылғы Жол­дауда отандық IT қызмет­тер­ді экспорттауды арттыруға ерекше мән берді. Бұл салада қазіргі аяқ алысымыз қандай?

– ІТ қызметтер экспорты жыл өткен сайын ұлғайып ке­ле­ді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша IT қыз­мет­тердің экспорты 334 млн дол­ларды құрады. Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 115 млн долларға тең болды. Са­­рап­­шылардың болжамы бо­йынша жыл соңына дейін 500 млн долларға жетуі керек. Бұл өсім – IT секторды дамытудың табысты стратегиясының және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың анық дәлелі. Сондай-ақ мұндай өсім отандық IT индустрияның әлеуеті зор екенін айғақтайды. Мә­селен, бүгінгі таңда біздің ми­нистрлік «GovTech» бағыты бойынша ірі технологиялық ком­­паниялармен ынтымақтасып отыр. Бұл қадам Қазақстанға элек­тронды үкімет саласында өз брен­дін құруға және басқа елдерге тәжірибе ретінде ұсынуға мүм­­кіндік береді. Осы жылдың 26 та­мызында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тәжікс­тан­дық тараппен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында біздің тарап Тә­жік­с­танның өнеркәсіп және жаңа технологиялар министр­лі­гі­мен электронды үкімет платформасын іске асыру тәжірибесімен бөліседі. Екі ел арасындағы ын­ты­мақтастық шеңберінде тә­жік ма­мандарын Қазақстанның озық IT мектептері мен ғылыми-зерттеу институттарында оқыту мүм­кін­­дігі де көзделеді. Осы орай­да көр­ші ел мемлекеттік қыз­меттер сала­сын­дағы біздің IT әзір­ле­мелерді жоғары бағала­ғанын айта кетейік.

– Мемлекет басшысы Жол­дау­да «Astana Hub» үлгісімен өңір­­лерде тех­ноло­гиялық хаб­тарды да­мыту­ды тапсырды. Бұл жұмыс­тың елде әлде­қашан бас­талға­нын жақ­сы білеміз. Алда қан­дай жоба-жоспарлар тұр?

– Технологиялық хабтар – ин­но­вациялар орталығы. Стар­тап­тар, кәсіпкерлер және ғылыми жобалар дұрыс даму үшін қажетті қолдау мен инфрақұрылымды дәл осы жерден алады. Біртұтас экожүйені дамыту мақсатында біздің министрлік әкімдіктермен бірлесіп облыстарда «Astana Hub» үлгісі бойынша технологиялық хабтар ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Аймақтық ор­ган­дармен ынтымақтастық әр өңірдің нақты қажеттіліктері мен ресурс­­­тарын ескере отырып, инновацияларды дамытуға ба­ғытталған күш-жігерді оқшау­лау­ға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл ай­­­мақ­тардағы эконо­ми­каның өсуіне ықпал ете отырып, бүкіл ел бойынша инновациялық мүмкіндіктердің біркелкі бө­лінуіне ықпал етеді. Бүгінгі таң­да «Astana Hub» халықаралық тех­нопаркі 14 өңірлік IT хабқа жетекшілік етеді. Яғни 9 өңірлік IT хаб ресми түрде ашылып, табысты жұмыс істеп жатыр. Олар – «Abai IT Valley», «Kyzylorda Hub», «Digital Jetisu», «Zhambyl Hub», «Oskemen IT Hub», «Jaiq Hub», «Turkistan IT Hub», «Qostanai IT Hub», «Aqmola IT Hub». Сондай-ақ тағы 5 өңірлік IT хабты (Ақтау, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Шымкент қалаларында) ашу жұмыстары қолға алынды.

2021 жылдан бастап «Astana Hub» жекеменшік мектептерде мамандар даярлау үшін адами капиталды дамыту бағдарламасын іске асыруға қаржылық қолдау көр­сетіп келеді. Аймақтық ме­нед­жерлер «Tech Orda» бағдар­ла­масына қатысу үшін жергілікті же­ке­меншік ІТ мектептерге же­­тек­шілік етті. Өңірлік даму кең­­сесінің қолдауымен жаңа 8 жеке­­меншік IT мектеп ашыл­ды. Олар «Tech Orda» бағ­дар­ла­масына жүгініп, бүгінде бесеуі іріктеуден сәтті өтті. Бұл қатарда «Jetisu IT Hub», «Dosti School», «Vertex School», «s-Tec», «Jump Lessons» және «Insoft.shymkent» мектептері бар. Осы жылдың тамызындағы дерек бойынша, өңірлердегі жеке­мен­шік IT мектептердің жалпы саны – 20.

– «Tech Orda»  бағдар­ла­ма­сын мысалға келтірдіңіз ғой. Бұл жобаның қазіргі күнге де­йінгі қандай жетістіктерін ерек­ше атап өтер едіңіз?

– Ел Президенті 20 мың ІТ маманды даярлау туралы тапсырма берген болатын. «Tech Orda» осы міндетті ойдағыдай оры­н­дауға күш салып келеді. Бағ­дарлама іске қосылғаннан бері «Machine Learning», «Data Science», «Data Analytics», «FinTech & Blockchain», «MetaVerse», «Artificial Intellect Development», «Game Development» сияқты Орталық Азия үшін ерекше бағыттар жан-жақты дами бас­тады. «Tech Orda» сұранысқа ие IT бағыттағы мамандардың жер­гі­лікті IT қа­уым­­дастығын да­мы­туға жағдай жасады. Әрі бұл жұ­мыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, «Tech Orda» аясында OMNIUM ин­терактивті технологиялар және білім беру бағдарламалары орталығында Borsyq Games инди-әзірлеушілер тобы жасақталды. Бұл команда «Astana Hub»-пен бірлесіп ұйымдастырылған «Go Viral Fest» аясында қызу жұмысқа кірісті. Екі күн ішінде 6 адамнан тұратын инди-әзірлеушілер тобы «Zelda» және «Genshin Impact» негізінде жасалған «Eden: tale of the Forest Guardian» деп аталатын RPG жанрындағы ойын жо­басын ұсынды. Жобаның не­гізгі мақсаты – табиғатқа және оны мекен етушілерге қам­қор­лық таныту. Жобаның параметрі адамның табиғатпен қарым-қа­ты­насына әсер етеді және эко­логияның қаншалықты нәзік еке­нін аңғартады. Мен мұн­дай бас­тамаларды жаһандық тұрғы­дан маңызды деп санаймын.

Жалпы, біздің елде қоғамға пайдалы инновациялық идея көп. Мәселен, жаһандық нарықтарда түркілік ІТ шешімдер мен стартаптарды ілгерілету мақ­­сатында министрлік АҚШ-тағы «Silkroad Innovation Hub» инновациялық хаб өкілдігінің бағ­дарламасын ресми іске қосуға бастамашы болды. Оның мақ­саты –Орталық Еуразиядан және АҚШ-тың Кремний алқабын­да­ғы түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден ұсы­нылған тех­но­ло­гия­лық кәсіп­кер­лер мен стар­­таптарды қол­дау және іл­ге­рілету. Бұл хаб техно­ло­гия­лық инновацияларды дамыту, іс­­кер­лік байланыстарды нығайту және Орталық Азия өңірі мен АҚШ арасында тәжірибе алмасу үшін алтын көпір болуға бағытталған. Айта кету керек, Кремний алқабындағы мұндай хабтар Скандинавия елдерінде, Сингапур, Швейцария, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді мемлекеттерде ғана бар.

– Жалпы, ІТ салада жа­ла­қы жоғары екенін біле­міз. Болашақта бұл сала халық­тың әл-ауқатын арттыратын ба­­ғыт­қа айнала ала ма?

– Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бойынша, 2021 жылы IT сектордың жалпы жа­ла­қы­сы 341 млрд теңгені, ал 2022 жылы 437 млрд теңгені құ­рады. Салада жұмыспен қам­тыл­ғандар саны былтыр 167 мың адамға, биыл 182 мың адамға тең болды. Саладағы орташа жалақы 341 мың теңгеден 437 мың теңгеге дейін өсті. ІТ сектор халықтың әл-ауқатын арттыратын іргелі салаға айнала алады. Өйткені мұндағы жобалар дұрыс үйлестірілген жағдайда өзін-өзі ақтайды. Тіпті шетел нарығын бағындыруға да мүмкіндік бар. Оған «Astana Hub»-та қолға алынған жобалар мысал бола алады. Мәселен, отан­дық Biometric стартапы – нөл­ден бас­тап сәтті көтерілудің әрі әлемдік нарыққа шығудың жарқын үлгісі. Бір кездері компьютерлік клубтың иесі болған Әлібек Нарымбай технологияға деген құштарлығын жасанды интеллект негізінде инновациялық жобаға айналдырды. Biometric биометрия саласындағы озық шешімдерді әзірлеумен және енгізумен айналысады. Олардың технология­лары саусақ іздері, бетті тану және басқа да биометрика сияқ­ты бірегей биологиялық параметрлер арқылы тұлғаны тануға мүмкіндік береді. Бұл – қаржы, қа­уіпсіздік және денсаулық сақ­тау секілді салаларда сұра­ныс­қа ие. Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде «Biometric» ел ішінде де, одан тыс жерлерде де инвесторлар мен серіктестердің назарын өзіне аударта алды.

– Еліміз жасанды интеллект саласын дамытуға мүдделі. Мұны жүзеге асыруға қомақты қаражат пен күш жұмсауға да әзір. Биылғы Жолдауда бұл мәселе де айтылды. Ендігі жоба-жоспарлар қандай?

– Елімізде жасанды интеллект саласындағы өнімдер мен шешімдерді әзірлеуге ма­ман­данған стартаптар үшін инкубаторлар мен акселератор­лар құрылды. Бұл бастама­лар жас кәсіпкерлер мен зерт­теушілерге өз жобаларын дамы­ту­ға көмектеседі. Сондай-ақ бү­гінде ел Үкіметі жасанды ин­­­­тел­лекті дамыту жө­нінде шаралар қабылдап жатыр. Осы­ның бәрі жасанды интеллект­пен байланысты жобалар үшін қаржылық қолдау мен ин­фра­құрылымды жақсартады. Жа­сан­ды интеллектің дамуында коммерциялық ұйымдар да ма­­­ңыз­ды рөл атқарады. Еліміздегі  коммерциялық ұйымдар өзде­рі­нің бизнес-үде­ріс­теріне жасанды интел­лекті енгізу үстінде. Бұл тұты­ну­шыларға қызмет көр­сету­ді жақсарту, өндірістік үде­ріс­терді оңтайландыру және басқа да көптеген сала үшін жасанды ин­теллекті пайдалануды қам­тиды. Кейінгі жылдары елі­мізде кәсіпкерлердің ин­но­вациялық шешімдерді дамыту үшін күш біріктіруінің нәтижесінде табысты IT жобалар пайда болды. Айталық, «Az Tech Ventures» және «Qazangels: az Tech Ventures» компания­­­ларын мысалға алуға болады. Бұлар ақпараттық технология­лар мен инновациялар са­ла­сын­дағы стартаптарды қол­дай­тын әрі қаржыландыратын елі­міздегі венчурлық компания­лар. Олар инвесторлармен және кәсіпкерлермен әлеуетті жобаларды табу әрі оларды қар­жыландыруды қамтамасыз ету үшін тізе қосады.

Сонымен қатар цифрлық тех­­но­логиялар саласындағы стар­­­тап­тарға бағдарланған «Kazakhstan­ Digital Accelerator» сияқ­­­ты табысты жобаларды атап өткен жөн. Ол стартаптарды дамыту үшін тәлімгерлік, оқыту және ресурстарға қол жеткізуді қам­та­ма­сыз етеді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар бір­лескен жобаларды құру үшін акселератор мүшелерімен жиі ынтымақтасады. Сондай-ақ «Decentralized Finance» (DeFi) жоба­сын да айтуға болады. Бұл – блокчейн және орта­лықтандырылмаған қаржы (DeFi) саласындағы жоба. Кәсіп­кер­лер мұндай жобаларға инвес­тиция сала алады немесе өздерінің «DeFi» өнімдері мен платформа­ла­­рын жасау мүмкіндігіне ие. Бұл мысалдар Қазақстанда инно­ва­циялық IT жобаларды бірлесіп дамыту үшін ақпараттық технологиялар саласындағы бизнесмендер мен инвесторлар үшін мүмкіндік көп екенін көрсетеді. Мемлекет те, жекеменшік сектор да қолдау көрсететін стартаптар мен инновациялардың эко­жүйесін дамыта отырып, Үкімет IT-индустрияны дамыту және табысты жобаларды құру үшін қолайлы жағдайлар жасай бермек.

Президенттің биылғы Жол­дауы министрліктің алдағы жұ­мы­сына зор қолдау әрі елдің цифрлық даму мен инновациялар саласындағы стратегиясының негізгі элементі болмақ. Өйт­ке­ні еліміз цифр­лан­дыру саласында Орталық Азияның көш­бас­шы­сы ретінде тұрақты дамуға ұмтылады. Ал цифрлық технологиялар эко­но­мика мен халықтың әл-ауқатын көтеруде маңызды рөл атқа­рады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»