Үкімет • 13 Қыркүйек, 2023

«BalaQorgau» бірыңғай байланыс орталығы

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар жүзеге асырылады. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

«BalaQorgau» бірыңғай байланыс орталығы

Құжат Мемлекет басшысының 2022 жыл­дың жазында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсыр­масын орындау мақсатында әзірленді. Жоспар шеңберінде облыстар, аудандар және қалалар бо­йынша тәуекелдердің интерактивті картасы жасалып, балалар арасындағы құқық бұзушылықтар, зорлық-зомбылық және қорлау фактілері, сабаққа келмеу және т.б. туралы өзекті ақпарат көрсетіледі. Бұл «дағдарысты басқару» әдісін қолдана отырып, сапалы мониторинг жүргізуге және шұғыл көмек көрсетуге көмектеседі.

Сонымен қатар Финляндия тәжіри­бесі негізін­де білім беру ұйымдары үшін онлайн сауалдамалар, тақырыптық сабақтар, әңгімелесу және сабақтан тыс іс-шаралар өткізуді көздейтін буллингке қарсы бағдар­лама әзірлеу жос­парланып отыр. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа, қорқытуға не кибербуллингке ұшыраған немесе куә болған кәме­летке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітіледі.

Бұдан бөлек, кейс-менеджмент тетігін қолдану арқылы мектепішілік есепке алуды жүр­гізу тәсілдері өзгертілетін болады. Бұл дағ­­дарыс жағдайын анықтаудан бастап жеке жұ­мыс жоспарын құру және жауапты мұ­ғалімдерді бекіту арқылы мәселені толығы­мен шешуге дейінгі шараларды қабылдауды қамтиды.

Құжатты жүзеге асыру аясында балаларға арналған «BalaQorgau» бірыңғай байланыс орталығын құру, мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтарын енгізу, сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіз контентті қалыптастыру үшін еліміздегі TikTok, Instagram, Facebook, ВКонтакте және YouTube платформаларының өкілдерімен жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар кешенді жоспарда тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету, аймақтық психологиялық қолдау орталықтарын құру, педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтердің санын көбейту, педагог-психологтердің сыныппен қосымша жұмыс уақытын енгізу және жалпы олардың жұмысын цифрландыру бойынша шаралар қарастырылған.

Мұнымен қатар ата-ана мен бала арасын­дағы қарым-қатынасты нығайту, мәдени тәрбие беру және балалар мен жасөспірім­дердің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру, балалар спортын дамыту және кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен кеңінен қамту шаралары қабылданады.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтар, сон­дай-ақ өз-өзіне қол жұмсау фактілері мен әрекеттері айтарлықтай төмендейді деп күтілу­де. Бұл ретте балаларды қорғау және олардың бос уақытын қамту деңгейі артады.

Жоспарды іске асыру барысында рес­пуб­ликада қосымша 1 000 педагог-психолог пен 2 000 әлеуметтік педагог даярлан­ады. Сонымен қатар балалардың құқық­тарын қорғау саласында жұмыс істейтін, білікті­лігін арттыру шараларымен қамтылған педагог­тердің үлесі жыл сайын 33%-ға артады.