Парламент • 13 Қыркүйек, 2023

Рұқсатсыз қазба жұмыстарын біржолата тоқтату керек–депутат

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Экология және табиғи ресурстар министріне, сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министріне, Бас прокурорға Түркістан облысының су қорғау аймақтары мен өзен белдеулерінің жер қойнауын пайдалану туралы  депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рұқсатсыз қазба жұмыстарын біржолата тоқтату керек–депутат

Президент биылғы Жолдауында су ресурсы елімізде өзекті мәселенің бірі екенін айтты, сонымен қатар трансшекаралық су көздеріне тәуелді ел екенімізді әрі су үнемделмесе, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігін ескертті, сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейтінін атап өткені мәлім.

«Түркістан өңірінде 60-қа жуық өзен бар. Сырдария - трансшекаралық республикалық маңызы бар стратегиялық өзен. Өзендердің қоршаған ортаға байланысты мәселелері «Amanat» партиясының бақылауында. Алайда, еліміздің өзендерінің маңыздылығына мән беріп, қауіптілігін ескермейтін кәсіпкерлер белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеуіне кіріп, құм мен тас және өзге де пайдалы қазбаларды өндірумен табиғатқа орасан зиян келтіріп отыр. Рұқсатсыз қазба жұмыстарынан зардап шеккен Сырдария және басқа да өзендердің арнасы бұзылып, олардың суы тартылып барады. Елімізге су ресурстарының 51 пайызы көрші елдерден келетінін де ұмытпауымыз керек», деді депутат.

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Қ.Балабиевтің айтуынша, рұқсатсыз қазба жұмыстары кесірінен Сырдария, Арыс өзендері жағалауларында 70 гектарға дейін қазылған жерлер бар. Ал Ақсу өзенінің табанынан тас алу кезінде 40 метр тереңдікке қазылған. Ғарыштық мониторинг әдістерін қолдану кезінде өзендер жағалауында аталған өзгерістердің орын алғаны анықталған.

«Өңірдегі басқа өзендер де осындай ауыр жағдайда болғандықтан құзырлы органдардың араласуын қажет етеді. Қазба жұмыстары осы қарқында жалғасатын болса, су құмға сіңіп, жақын болашақта сусыз қалу қаупі бар», деп дабыл қақты депутат.

Депутаттың айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттерге байланысты «карьерлердің жұмысы неліктен бетімен кеткен» деген мазмұнды сұрақ туындайды. Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін дұрыс атқаратын болса, бірде-бір заңсыз карьер болмас еді. Оларға тосқауыл қойып, рұқсатсыз әрекеттерін біржолата тоқтату керек.

«Сырдария және басқа да өзендерге экологиялық апатқа ұшырау қаупі төнгенін ескеріп, Түркістан өңіріндегі өзендердің Заңмен белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулерінде қазба жұмыстарымен айналысып жатқан кәсіпкерлер қызметінің заңдылығын тексеріп, анықталған заң бұзушылықтарға қатаң прокурорлық шараларды қолдануды, қазба жұмыстарын жүргізуші кәсіпкерлер тарапынан су және экология кодекстерінде көрсетілген заңдардың орындалуын және су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға алуды сұраймын», деп түйіндеді Қайрат Балабиев.