Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2023

Стансаға есімі берілді

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Орал» компрессорлық стансасына «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының тұңғыш президенті, газ саласының еңбек сіңірген қайраткері Есет Рауатұлы Әзірбаевтің есімі берілді.

Стансаға есімі берілді

Осы оқиғаға орай жуырда өткен салтанатты рәсімге «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешов пен Батыс Қазақстан облысы әкім­дігі өкілдері, «Интергаз Орта­лық Азия» АҚ Орал Желілік өн­ді­рістік басқармасы ұжымы қа­тысты. Қонақтар мемориалдық тастың ашылуына қатысып, Есет Рауатұлын еске алды.

Есет Рауатұлы – кеңестік репрессия жылдары қуғындалып, башқұрт жерін паналап аман қалған дін қайраткерінің ұрпағы болатын. Тектілік тегінен да­ры­ған азамат өз ұлтының тарихын терең білетін. КСРО кезінде мұ­най-газ саласының білікті ма­маны атанған ол тәуелсіздік тұсында жас Қазақстанның бірың­ғай газ құбырлары жүйесін құруға және жаңа аумақтарды газдандыруға көп қызмет етті. Сол кездегі қиындықтарға қа­рамастан Есет Рауатұлы ұлттық компанияны басқарып, жаңа магистральдар салып, сол ар­қы­лы табиғи газдың елдің бар­лық өңіріне және экспортқа тарауына жол ашты.

– «Қазақгаз» ұлттық газ ком­паниясының тұңғыш президенті Есет Рауатұлын еске алу – біз­дің борышымыз. Өз елінің бола­шағына бейжай қарамаған мұн­дай тұлға газ саласы қызмет­кер­лерінің жас буыны үшін әрдайым үлгі болуы керек. Хал­қымыз осы күнге дейін Есет Рауат­ұлын жылы еске алады, ал оның есімі еліміздің мұ­най-газ индус­триясының тари­хына алтын әріппен мәңгілікке жазыл­ған,  – деді Санжар Жәркешов.

Стансаның атауын өзгерту және мемориалдық тасты ашу идеясын мұнай-газ саласының ардагерлері көтерген екен. Газ саласының құрметті ардагері, Есет Рауатұлының бір кездегі әріп­­­тесі Анатолы Тегісбаев ел үшін еңбек еткен Е.Әзербаевтың ал­­ты жыл бұрын өмірден өтсе де, есімі ұмытылмай, еленіп жат­­­­қаны үшін компания басшы­лы­­ғына алғыс айтты. «Өз елінің нағыз патриоты мұндай құрметке лайық!» деді ақсақал.

«QazaqGaz» ҰК басшысы Батыс Қазақстан облысы газ ша­руашылықтарының алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы тек­серілгенін, мамандардың ай­туынша, өңір жылыту маусы­мына 100% дайын екенін хабарлады.

 

Батыс Қазақстан облысы