Қарт бүркітші қарағай таласа өскен Ақбет таудың бөктеріне келгенде қимастық сезіміне ерік беріп тұрып қалды. Күбірлеп, күйбеңдей береді. Бір мезет томағасын сыпырып, балақбауын жиып алды да қандыбалағын босатып қоя берді.
Бұл Ертіс-Баян өңіріндегі кәсіби құсбегілердің соңғы тұяғы Мәуия Әбікейұлының өмірден өтер алдындағы соңғы парызын орындау сәті еді. Қария қазақ аңшыларының салт-дәстүріне деген адалдықтың қаймағын бұзбады.
Баянауылдан шыққан әйгілі құсбегі, саятшы Мәуия Әбікеев кеңес өкіметі жылдары Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде (1972 жылы) алтын медальмен марапатталып, қазақтың құсбегілік өнері жайында өзге ұлттардың аңшыларына паш еткен. 1957 жылы саятшылық өнердегі жоғары жетістіктері үшін КСРО Тұтынушылар қоғамы орталық одағының қаулысымен «Аңшылық ісінің үздігі» атағы беріліп, қысқа ұңғылы бесатар карабин сыйға тартылады. Мәуия Әбікеев 85 жыл ғұмыр кешкен. Көнекөз қариялардың айтуынша, қазақтың үштен бірі қырылған отыз екінің аштығында өзі сияқты аңшылармен тізе қосып, Алтайдан таутеке, бұлан, елік атып әкеліп, тұтас ауылдардың аштықтан аман қалуына сеп болған. Түз жануарларының еті бір шеті Қарағанды, бір шеті қазіргі Екібастұздың аумағындағы ашыққан елге таратылған.
Ол ел алдындағы абыройының арқасында талай азаматты ажал сотынан аман алып қалып, жүздеген адамға шарапаты тиген. Кеңес өкіметінің түкпір-түкпірінен хат жазушылар аңшыдан қасқырдың өті мен бауырын жіберуді өтінген. Ол уақытта қызыл жегі, шошыну, сібір жарасы, алапес, өзге де қауіпті аурулардың еміне қасқырдың ағза мүшелері пайдаланылған екен.
Мәуия Әбікейұлы 1900 жылы қазіргі Баянауыл ауданы Жарылғап ауылындағы Бәлтеш қыстауында дүниеге келген. Ес біліп, етек жиған жасөспірім шағынан алыс-жақынға құсбегілік өнерімен танымал бола бастайды. Жалпы, Баянауыл аумағында кезінде небір дүлдүл құсбегі-саятшылар, тазы өсірушілер болған. Аумақта аңшылық өнерге айрықша маңыз беріп, оны дамытуға атсалысқан атақты Мұса Шорманұлы. Кезінде Мәшһүр Жүсіп «Боздағым» деп Мұса мырзаны жоқтаған. Осы төңіректің арғы-бергі тарихын жазып кеткен өлкетанушы Өкпенің Кәрімтайы өз кітабында аймақта ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында оннан аса мықты аңшы болғанын баяндайды. Олар – Өкпе Дүйсенбайұлы (1864-1954), Қасен Әбенұлы (1886-1971), Жұмаділ Жақыпұлы, Мәуия Әбікеев (1900-1985), Бұғыбай Көбеұлы (1875-1934), Тілеубай құсбегі, Сқақ Уфанұлы (1891-1982), Мағаз Сәтбаев, Шайман Омаров, Нұржан Кемешов, Мұқан Құлманов (1907-1967), Кәрімтай Өкпеұлы (1930-2011).
Атақты құсбегі Шайман Омаров жөнінде де ел аузында аңыз көп. Әулиелі Қызылтау өңіріндегі Айыртаста (Мәшһүр Жүсіптің туған жері) «Шайманның асуы» деген тік жартастан тұратын биік тау бар. Мына бір аңыз әңгімені өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің аузынан естіп едім. «Бірде қаракесек елінің сері жігіттері Шайманға келіп: «Мынау биік таудың ар жағында қара түлкі бар дейді, міне қаршығамыз, жол бастаңыз» депті. Құсбегі сендер жер жағдайын білмейсіңдер, мен өз бүркітімді ұшырайын деген шешімін айтады. Шайманның елге мәлім сары бүркіті болған көрінеді. Қайыңтоғайға жеткенде қара түлкі қашып, қыранының томағасын сыпырып қоя береді. Түлкіден айла артылған ба, жылғалармен қашып, әлгі биік таудан әрі асып кетіпті. Жоғарыдан сорғалаған сары бүркіт те сол жаққа ағып түседі. Қаракесектің сері жігіттері түлкі де, бүркіт те жоғалды деп күліп тұрғанда Шайман бұл биіктен астымдағы байталыммен асып түсіп, түлкіні бөктеріп келмесем маған серт дейді. Әлгілер сенбесе керек, 40 жылқыға серттесіпті. Сөйтсе, құсбегі мінген байтал таутекелерше орғитын ерекше жануар екен. Әлгі биіктен асып, түлкіні басып отырған қыранына аман жетеді. Қара түлкіні сері жігіттің қанжығасына байлаған екен. Сол уақыттан әлгі адам баспас биік тау «Шайманның асуы» аталып кеткен».
Мәуияның атасы Құжан да атақты саятшы болған. Бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, балалары Әбікей мен Дәстер де қыран баптап, тазы ит жүгірткен. Тағы бір ұлы Бек заманында он саусағынан өнер тамған ұста, етікші болыпты. Мәшһүр Жүсіппен бірге жүріп, онымен айтыс жасаған. Ол туралы ғұламаның еңбектерінен оқуға болады.
М.Әбікеевтің кәсіптік аңшылықпен кеңес өкіметі алғаш құрылған уақыттардан-ақ айналысқаны байқалады. Саятшылыққа аттың аты ғана шыдас беретіні түсінікті. Оның жылқы жануарын ерекше тани білетінін байқаған әскерилер Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жылқы зауытына жұмысқа алады. Ол жерде ұрыс аттарын баптап, жаудың бетін қайтаруға үлкен үлес қосқан.
– Әкеміздің өмірінде мықты үш аты болған. Соның ішінде ерекше есте қалғаны ала ат еді. Жарықтық жылқы ішіндегі ең ірісі, кеудесі кең, төсі алшақ-тұғын. Болдыру дегенді білмейді. Әкем Кереку мен Баянауыл арасында жиі сапарлап жүрді. Соғыстан кейінгі жылдары Павлодар қаласында Ертіс өзені үстінен қазіргідей үлкен көпір жоқ, ел-жұрт пароммен шұбырып өтетін. Әкей елге қайтқанда кешкілік пароммен бері өтеді де, сол жерде түнеп қалады. Таң алагеуімде жалғыз ат жегілген екіаяқты жеңіл арбасына отырып шу дейді. Сонда кешқұрым 200 шақырым жердегі Баянауылға жетіп келетін. Ал енді күз бен қыста аң аулауға шыққанда 2-3 ай үйдің бетін көрмейді. Астындағы атының мықтылығы ғой, қазіргі Қарағанды облысының аумағына, Екібастұздың ар жағындағы Өлеңті мен Шідерті даласына, тіпті Алтай тауларына дейін барып аң аулап қайтады. Ол кісінің еңбегі жанкешті еңбек еді. Мені жастайымнан аң қағушы етіп жанына ертті. Қызық үшін айтайын, ол кезде облыс орталығындағы №9 мектепте оқимын. Әкейді ел керемет сыйлайтыны сол, директордың кабинетіне емін-еркін кіріп баратын. «Қарағым, директор жолдас, мынау балам жазу білсе болғаны. Мұны сен босат, менің қолғанатым ғой айналайын» деп қыркүйекте оқу басталғанда мені алып кететін. Содан қара күз әбден түскенше әкейдің жанында аң қағушы болып жүремін. Екеуіміз құла түзде қасқыр мен түлкінің ізіне түсіп, жөнеп береміз. Мен атыммен баспалап барып, аңды бір жағынан үркітемін. Әкем қолындағы қыранын жібергенде, жарықтық Қандыбалақ әуелі сонау зеңгір көкке самғайды да, қанатын жиып, атылған жебедей қашқан түз тағысына тура түседі. Әкем өте қырағы, бүркіттің түскен жерін бірден дөп басып аңғаратын. Қасқырдың талайын алды. Әкем бір мезетте 2-3 бүркітті баптады. Барлығын «Қандыбалақ» атайтын. Құстың нағыз қырандарын солтүстіктегі жалқарағай ормандарының арасынан әкеліп жүрді. Бірде жан-жағы толған түрлі аңның сүйектері, қарағайдың ұшар басындағы ұяға кезігеді. Әлгі аңдардың қаңқа сүйектері өте ірі екен, бүркіттің нағыз текті екенін аңғартады. Сөйтіп, балапанын олжалап қайтқан. Ол – қыраны қасқыр біткенді жапыратын нағыз алғыр құс болды. Қасқырлардың апанынан талай мәрте тірідей бөлтірік алғанымыз да есімде. Ондайда әкей қолыма білтелі шам мен қалтасынан тастамайтын бәкісін ұстатып жібереді. «Ішінде қаншығы кезігіп, айбат шексе, жүрек тұсынан сұғып ал», дейтін. Бөлтірігі алынған қасқырдың жергілікті малшы қауымға маза бермейтінін жақсы білетіндіктен сол жердегі қасқыр үйірінің арланын, қаншығын бір-бірлеп соғып алатын, – деп әңгімелейді атақты аңшының ұлы, құсбегі Босаға Мәуияұлы.
Мәуияның анасы Ақбөпе 105 жыл өмір сүрген абзал ана. Босаға ағамыз 1955 жылы сол кісінің босағасында дүниеге келіп, әжесі сөйтіп атапты. Ақбөпе әжей өжет мінезді, айналасына сыйлы адам болғанын ел әлі күнге айтып жүреді. Мәуия атаның 78-ге келген шағы болса керек, бірде көңіліне жақпай қалған қылығы үшін анасы ұлын жұрт көзінше таяқпен сабалап, соңынан тұра жүгірген екен. Саятшының үлкен ұлының есімі – Ертоғай, Босағадан бес көйлек ерте тоздырған. Босағаны үй іші «Бошан» атап кетеді. Кенже әрі ерке ұлына әкесінің барлық өнері қонған.
Босаға аға әңгімесін одан әрі жалғастырды. Әкесі оқымаса да құймақұлақ, зерделі сөз айта білетін баяғының көкірегі ояу қариясы болған. Үйіне мейман келмесе, байыздап отыра алмайтын, қонағының сұрағанын орындау парызы деп есептейтін саятшы 10-нан аса қазақ тазысын ұстаған. Жүйрік тазылардың күшіктерін елдегі сері, саятшы азаматтар үнемі бөлісіп әкетіп отырған. «Кейбіреулер әкеме ақша ұсынғанда алмайтын. Жақсы иттің тұқымы құрып кетеді, елге осылай үлестіріп отыруымыз керек», дейді.
Бір жылдары Чехословакияның бұрынғы президенті Людвиг Свободаның немере інісі, армия полковнигі Вацлав Свобода бүркітшіге хат жазып, жыртқыш құстарды қолға үйрету бойынша ақыл-кеңесін сұрайды. Сол тұста жергілікті журналист Айтжан Бәделхан Мәуия атаның айтуымен қыран құсты баптаудың қыр-сыры жайында В.Свободаға бірнеше мәрте жауап жолдапты. Осылайша, екі жақ біраз уақыт хат алмасып тұрады. Вацлавтың өзі сұңқарға құмар жан екен. Кейін Чехословакияда аңшылардың дүниежүзілік форумы өтіп, қазақ бүркітшісі әлгі жиынға арнайы шақырту алады. Чехословак әріптестерін сонау қазақ даласындағы 73 жастағы қарияның бүркітшілікпен әлі де болсын айналысып, қасқыр соғып жүргені ерекше әсерлендірсе керек.
Бүгінде Потанин атындағы өңірлік тарихи өлкетану музейінде әйгілі саятшы жайында жазылған мақалалар, фотосуреттер, құжаттары мен жеке заттарынан құралған бұрыш бар. Ертіс-Баян өлкесіндегі белгілі тұлғалар жайындағы кітаптардың авторы, аңшы туралы көптеген очерк жазған Д.Приймак Мәуия Әбікейұлымен дос болған. Оның жергілікті баспасөзде аңшы туралы жазған мақала-очерктері жетерлік. Осы мақаланы жазу барысында көне газет парақтарына үңіле отырып, жерлесіміздің даңқы дүйім кеңес одағына белгілі болғанын білдік. Д.Приймактың жазбаларынан байқағанымыз, кейіпкеріміз тек құсбегі, саятшы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің насихатшысы, ел мен өлке тарихын жақсы білген.
Д.Приймактың «Охота и охотничье хозяйства» атты журналда жариялаған «С собаками и беркутами» очеркінде былайша баяндалады: «Мәуия Әбікеевке аңшылық арғы аталарынан дарыған. Оның әкесі, атасы, бабасы аңшылықпен айналысқан. Шөбересі (Мәуия) шақпақты мылтық пен ежелгі заманғы әшекейлермен көмкерілген ертоқымды ұзақ уақыт сақтап, кейін өлкетанушылардың сұрауы бойынша оларды музейге тапсырды. Заманға сай қару сатып алды. Дейтұрғанмен аңшылық кезінде оның негізгі достары – тазы иттері мен бүркіттері. Маңайдағы колхозшының барлығы оны алыстан-ақ бүркітіне қарап таныр еді. Әбікеев бағалы аң терісін тапсыру бойынша жылдық жоспарды үш-төрт есеге, кейде тіпті бес есеге артық орындап тастайды. Ол Құрмет грамоталарын алған. Орталық одақ оған кәсіптік аңшылықтың үздігі атағын берді, оның бұған қоса қаншама Құрмет грамоталары бар. Осы жылдың алғашқы алты айында Мәуия 57 қасқыр терісін (жылдық жоспар – 10), 66 түлкі (жылдық жоспар – 20), 30 күзен (жылдық жоспар – 10) терілерін тапсырды. Оны жергілікті мал бағушылар аса құрметпен қарсы алады. Аңшы Ертіс өңіріндегі жүздеген шопанның отарын қасқырдан құтқарып отыр» деп жазады.
Жоғарыда ақсақал соғыстан кейінгі жылдары кеңес одағының түкпір-түкпірінен хат жазған адамдарға көмектескен дедік қой. Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінде жарияланған сондай бір хаттан үзінді келтірейік: «Сəлеметсіз бе, газет арқылы таныс та бейтаныс Мəуия Əбікеев. Менің мұңым өзіңізге жазуға мəжбүр етті. Газеттен бүркітпен аң аулау туралы мақаланы оқыдым. Төрт баланың жəне науқас ұлдың анасы ретінде сізден көмек сұрауды жөн көрдім. Үш жыл болды, үлкен ұлымның ұстамасы кетпеді. Бұл ауруды қасқырдың бауырымен емдейміз, бірақ оны алу өте қиын. Əке ретінде, дос, жолдас ретінде қасқырдың бауырын жіберуіңізді сұраймын. Мен өте риза болар едім. Асыға күтемін, Чернявская А.Н.». Бұл тектес хаттар өте көп болған. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыровтың немере інісі, ақын Шаймерден Торайғыров 1967 жылы жазған «Саятшы Мәуия» поэмасында қарт аңшының бейнесін шынайы суреттейді.
Құсбегінің заманында атағы аспандап тұрғанының тағы бір дәлелі, атақты кинорежиссер Шәкен Айманов 1969 жылы Баянауылға келіп «Найзатас баурайында» картинасын түсіргенде қарт бүркітшінің бейнесін сомдау үшін Мәуия қарияны шақырады. Дәл сол жылы аңшы Мәскеуде өткен дүниежүзілік биолог-аңшылардың ІХ әлемдік конгресіне Қазақ КСР атынан жалғыз қатысып, құс баптаудың қыр-сыры жайында бірнеше сағат әңгімелейді. Айтқандары сол замат аудармашы мамандармен бірнеше тілде аударылып отырған. Құсбегінің саятшылық туралы пікірлері отбасылық мұрағатында сақталған. «Текті құстың асылы мен жасығы, қырағысы мен көз састысы, жүректісі мен жүрексізі, әлдісі мен әлсізі болады. Тағатсыз адам аңшы бола алмайды. Дегбірсіз, мазасыз адам аң-құс жайын қайдан білсін? Менің айтарым, кімде-кім аңшылыққа, құсбегілікке әуес болса, ол ең алдымен, аңның, құстың іздері қайда жатқанын айыра білуі керек. Қалай, қашан өтті, қаншасы кетті? Саятшы, аңшыға, міне, алғашқы білуі керек нәрсе осылар», деп отырады екен жарықтық.
Тазы десе, ішер асын жерге қойған аңшының Ақторғай, Аққасқа, Көкқасқа және тағы басқа аңшы тазылары болған. Ақторғайы иесі өмірден өткенде қабірінің басына барып жатып алған көрінеді. Көзінен жас парлап, аңшыны жоқтағанына тамам ел куә болыпты. Сол оқиғадан соң көп ұзамай тазы құсадан өлді деседі. Мәуия ақсақалдың келіні Сара апайдың айтуынша, атасы тазы мен қыран құсын қолымен тамақтандырып, өзгелерді жуыта қоймапты. Шылым шеккен адамға әуелі қолыңды жуып кел дейді екен. Тазылары қыстың күні үйдің ішінде жататын, сонда әлгілердің бірде-біреуі дастарқан басына жоламапты.
«Атам асыл текті адам еді. Мінезі жібектей, жеку дегенді білмеді. Балаларына барлығын ақылмен жеткізетін. Білуімше, талай азаматты абақтыға қамалайын деп тұрған жерінен аман алып қалған. Бірде облыстың білдей прокурорымен әңгімелесіп отырып, «қарағым, мынау жігіттің аталары асыл еді, осыны жазаламай-ақ қойсаң етті» деді. Келесі күні әлгі азаматтың айыбы жеңілдеп, босап шықты. Жас азаматтар атамнан ақыл сұрап үйге келетін. Екінші дүниежүзілік қырғында соғысқан азамат, қайраткер Қабдеш Нұркин атамызды «Ерке аға» деп атайтын. Ол жоғары қызметте болған, облыстың билік басында болған қадірлі тұлға еді. Кабинетіне кіріп барғанда, шаруасын тастай салып, барлық зейінін атама аударады екен. Сондай зор құрметке ие болды. Мені қыз күнімде ұлы Бошанға өзі айттырып, алып берді. Атамның батасын алғанымды мақтаныш тұтып, айтып жүремін», дейді Сара Әбікеева.
Облыс орталығының іргесіндегі Кенжекөл ауылын мекен қылған Босаға Мәуияұлы бүгінде құсбегілік пен тазы ит жүгіртудің қыр-сырын соңынан ерген інілеріне үйретіп жүр. Бірнеше мәрте елімізде өткен бүркітшілер слетіне қатысқан. Былтыр Баянауылда әкесінің құрметіне бүркітшілердің халықаралық сайысы ұйымдастырылып, сонау Моңғолия, Алтай жерінен де құсбегілер жиналыпты. Бұйырса, игі іс-шара алдағы уақытта жалғасын табады деген үміт зор. Ал атақты құсбегінің немересі Дәметкен Босағақызы Баянауыл ауданының орталығында осыдан бірер жыл бұрын атасының құрметіне орнатылған ескерткіш маңайы абаттандырылса екен деген тілегін жеткізді. Айтуынша, әлгі жерде жергілікті әкімдік саябақ салмақ болып, эскизін өз қаржысына сызып берген. Ескерткіштің өзін әлдекімдер бүлдіріп кетіпті. Осы кемшіліктер түзетіліп, атақты аңшының аяулы есімі жас ұрпақтың жадында жаңғыра берсе екен деген зор тілегін айтты.
* * *
Кереку жеріндегі кәсіби аңшылықтың дегдары, атақты саятшы Мәуия Әбікейұлы 1985 жылы дүние салды. Ақсақал өмірден өтерін білді ме екен, 1984 жылы туған жеріне барып, ең соңғысын Ақбеттаудың бауырына ұшырып қоя берген. Аты аңызға айналған қария соңғы демі үзілгенше аттан түспей өтіпті.
Павлодар облысы