Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2023

Тегін оқытады, жұмыссыз қалдырмайды

108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек екені айтылды. «Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Әсіресе техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн», деді Президент.

Тегін оқытады, жұмыссыз қалдырмайды

Аталған мәселе облыстық әкім­­дікте 2023-2024 оқу жылына тех­никалық және кәсіптік кадрлар­ды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия отырысында да айтылды. Жиында мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарау, тапсырыс орналастырылатын ұйымдардың тізбесін анықтау мәселесі қаралды. Сонымен бірге мемлекеттік гранттарды білім беру ұйымдарына үйлестіру жөніндегі түйткілдер де тарқатылды.

Өңірде комиссияның хаттамалық шешімімен 70 мамандық бойынша жалпы 15300 орынға мем­ле­кет­тік тапсырыс берілген болатын. Бүгінде техникалық және кә­­сіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары тарапынан атал­ған мемлекеттік тапсырыс орын­далып отыр. Яғни 15 мың­нан аса жас колледждерде тегін оқып, жұмыссыз қалдырмайтын жұ­мысшы мамандығын алатын бола­ды. Облыс колледждеріне 2022 жылы 17 мың грант бөлініп, оның 11 110-ы игеріліп, қалған 5 900-і иге­ріл­мей кері қайтарылған болатын. Ал биыл республикалық бюджеттен қарастырылған 15 300 грант 43 колледж арқылы то­лық иге­рілді. Өткен жылмен са­лыс­тыр­ғанда колледж студенттері 4 мыңға көбейді. Мамандық түріне қарай бір студентке бюджеттен бөліне­тін жылдық оқу құны 850 мың теңге мен 1 млн теңге аралығында қалыптасып отыр. Биыл гранттарды орналастыруда ашықтық қағидаты қатаң сақталды. Дегенмен жиында Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Сауран, Отырар, Төлеби аудандары мен Кентау қаласында мемлекеттік тапсырысты орналастыруда жер­гі­лікті әкімдіктер мен колледждер арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылмағаны айтылды.

Өңірде 14-35 жас аралығында­ғы жастар саны – 654 353 немесе ха­лық санының 30 пайызын құрап отыр. Оларға жан-жақты қолдау көрсе­ту, жастар саясаты сала­сын­дағы ­жұ­мыстарды жандандыру – уақыт талабы. Бұл орайда жастар саяса­тын жүргізу, жастарға қолдау көрсету жұмыстары жаңа­ша формат­қа көшіп, жұмыс тәсілі өзгертіл­ген. Облыстық қоғамдық даму басқарма­сының мәліметін­ше, биыл NEET санатындағы жастар үлесін азайту ма­қсатында 12 мемлекеттік бағ­дарлама аясында 38 757 жасты жұмыс­пен және оқу гранттарымен қамту жоспарлан­ған. Бүгінге дейін мемлекеттік бағдарламаларға жалпы 31 236 жас тартылған. Биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба­сын жүзеге асыру мақсатында 33 252 (46,1 пайыз) жас жұмыспен қам­ту­ға жолданды. Оның ішінде 10 016-сы  (47,5 пайыз) тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. «Жасыл ел» жастар жасағы бойын­ша 1 989 өренге жұмыс орны бөлін­ген, қам­тылғаны – 955. «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасына 3653 грант берілген бо­латын, соның ішінде қазіргі таңда облыс бойынша аудан, қа­ла­дан 864 талапкер жіберілді. Өңірдің «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жастарға арналған жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беру бойынша биыл 594 жасты қамту жос­парланып отыр, жалпы қаражат көлемі – 2 млрд 970 млн теңге. Облыс көлемінде аудандық, қа­лалық Жастар ресурстық орта­лықтарына бекітілген апталық жоспарға сәйкес, 2,5 пайыздық шағын несие бойынша 325 кездесу және ашық есік күні өткізілген. Бүгінге дейін несие бо­йынша бе­рілген 648 өтінімнің 407-ісі комиссиядан өтіп, оның ішінде 172 жас несие алған.

Айта кетелік, облыс көлемінде мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Жастар практикасы» ар­қылы 3 167, «Қоғамдық жұ­мысқа» – 5 893, «Әлеуметтік жұ­мыс орны» негізінде – 1 668, «Ал­ғаш­қы жұмыс орны» арқылы 1 199 жас жұмыспен қамтылып отыр. Облыс әкімдігі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, оларды жұмысқа орналастыру бағытындағы іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілетінін мәлімдеді.

 

Түркістан облысы