Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында корпоративтік несиелендіруді қайта бастауды нақты талап етті.
«Экономикаға ақша керек. Өткен жылы банктердің таза пайдасы 1,5 трлн теңгеге жуықтаса, биыл бірінші жартыжылдықта 1 трлн теңгеден асты. Мұндай артық табыстылық банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін пайдаланатын жоғары базалық мөлшерлеменің салдары болып табылады. Үкімет пен Парламент мемлекет мүддесін ескере отырып, бұл пайданы неғұрлым әділ қайта бөлу мүмкіндігін қарастыруы керек. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын өтімділікті нотаға орналастырудан алатын орасан зор кірістері мәселесі де өзекті. Бұған ешқандай логика немесе мемлекеттік көзқарас жоқ», деді Президент.
Шынында да, банктердің орасан зор пайдасы базалық мөлшерлеменің өте жоғары болуына байланысты екенін бәріміз білеміз. Ұлттық банк оны инфляциямен күресу үшін кейінгі үш жылда көтерді. Бұл шешім Украина мен Ресей арасындағы соғыс жағдайына байланысты қабылданды. Қазір «Қай жерден қателестік» деген сауалға Ұлттық банк те, Үкімет те жауап таба алмай отыр. Себебі инфляция рекордтық деңгейге көтерілді және теңге рубльден ажырап, долларға шаққандағы күш-жігерін көрсететін кезде сыр беріп қалды, Нәтижесінде, корпоративтік несиелеу тоқырап, тұтынушылық несие өсіп кетті.
Базалық мөлшерлемені көтеру логикасы нарық заңына негізделеді, мөлшерлеме жоғары болған кезде адамдар несие алмайды, керісінше депозиттерге салады, осының әсерінен инфляция төмендейді.
Қаржы сарапшысы Андей Чеботаревтің айтуынша, бұл формула біздің елге келгенде жүрісінен шатасып қалды, бөлшек несиелеу кейінгі айда 3,9%-ға немесе бірден 564 млрд теңгеге, жыл басынан бері 13,4%-ға өсті. Бұл – кейінгі екі жылдағы рекордтық өсім. «Нәтижесінде, ақша-несие саясаты импорт пен инфляцияны жеделдететін бөлшек несиелендірудің дамуына байланысты инфляцияны төмендетуге әсер етпегені белгілі болды, бірақ Ұлттық банк корпоративтік саясатты қайта бастау үшін мөлшерлемені төмендетуге тәуекел етпеді», дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме туралы баспасөз баянында экономиканы, бизнесті несиелендіру туралы ештеңе айтпаған. Шамасы олар базалық мөлшерлеменің нарыққа әсері аз екеніне толық мойынсұнған тәрізді.
«Сонымен қатар несиелік ынталандыру мәселесі санкцияларға байланысты экономиканың екі ірі кредиторының кетуімен тығыз байланысты болды. Біз мұны осыған дейін де айтқанбыз. Енді Президент біздің нарыққа бөлшек несие емес, арнайы экономиканы несиелендіруде мол тәжірибесі бар үш жаңа шетелдік банкті әкелуді талап етті. Дүниежүзінде мұндай банктер онша көп емес, біздің нарықта жүргендері де – санаулы. Енді Президент тапсырмасын орындау үшін қаржы секторына біраз өзгерістер енгізіп, нарықты тазалау керек», дейді А.Чеботарев.
Біздің нарыққа келуден үміткер банктердің қатарында Қытай банктері болуы мүмкін екенін біз осыған дейін жазғанбыз. Тіпті елге келген банктердің қатары үш емес, бес болса, олар несиелендіру деңгейіне әсер ете алмайтынын да жазғанбыз. Қаржы сарапшысы А.Чеботаревтің сөзімен айтқанда, қолыңыздағы 1 млн теңгені ЕДБ депозиттеріне салсаңыз, жылдық өсім 1 млн 165 мың теңге болады. Ал дөнер нүктесін ашқысы келіп, банктен несие ала алмай жүрген көршіңіз сізге ондай өсіммен қайтара алмайды. Біздің бизнестің де жағдайы осындай.
Банктердің бизнеске деген ықыласының кемшіндігіне ешкім шүбә келтіре алмайды. Бірақ Ұлттық банк оларға жылына 16,5 пайыз табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Базалық мөлшерлеме банк секторының жоғары табысы корпоративтік несиелеудің төмендеуіне де себеп болып отыр. Қазір біздің елде несиенің нарықтық бағасы 20-21 пайыздан басталады. Мұндай пайызбен несие алуға бизнестің қалтасы көтермейді. Осылайша жоғары базалық мөлшерлеме мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құнының өсуіне себеп болып отыр.
«2022 жылы жоғары базалық мөлшерлеме Қаржы министрлігінің мемлекеттік облигациялар бойынша 382,4 млрд теңгеге шығындалды. Бұл – 225 мектеп, орташа есеппен әр мектепке 500 млн-нан 3,5 млрд-қа дейінгі қаржы. Капитал нарығы қаражат тарту үшін біршама жақсырақ пайыздық мөлшерлемелерді береді, бірақ мұның бәрі 16,5 пайыз тәуекелсіз кірістілік мөлшерлемесіне дейін төмендейді», дейді сарапшы.
Президенттің банктерден ноталарға және мүмкін басқа да мемлекеттік бағалы қағаздарға негізінен базалық мөлшерлеме бойынша қосымша салық төлеуді талап ету идеясын ішкі нарық құп көріп жатыр. Мұндай тетік әлемнің ешбір елінде жоқ. Облигациялар мен ноталарға салынатын салықтар осы бағалы қағаздардың рентабельділігінің симметриялы өсуіне әкеледі. Нарық осылай жұмыс істейді, сондықтан мұндай салықтар дүниежүзінде еш жерде жоқ. Корпоративтік несиелендіруді қайта бастаудың және мемлекеттік шығындарды азайтудың жалғыз жолы.
Сарапшы айтып өткендей, мөлшерлеме бірден нөлге дейін төмендемей, бірте-бірте азайтылуы керек. Өкінішке қарай, Ұлттық банк құлдыраудың басталуына қолайлы сәтті жіберіп алды.
ІЖӨ бойынша қажетті нәтижеге қол жеткізу үш жыл сайынғы өсім 6-7 пайыз болуы керек. Бірақ бюджет пен бизнестен несиелік импульс болмаса, бұл нәтиже бермейді. Қытай рецепті экономиканы несиелендіру үшін арзан ақша керек. Қытай бұл тәжірибені 2000-жылдары бастады, сол жылдардан бастап ішкі жалпы өсім 8-12 пайызға дейін өсті. Бізге қазір экономика мен бизнесті несиелендіруге қызығушылық төмен болып тұр. Бұл – Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп атқаратын міндет.
Ұлттық банктің статистикасына сүйенсек, ЕДБ несиелендіру бағытының бизнес-клиенттерден жеке тұлғаларға ауысуы шамамен бес жыл бұрын болған. 2017-2020 жылдар аралығында сектордың корпоративтік несие портфелі 18,1%-ға (8,7 трлн теңгеден 7,1 трлн теңгеге дейін) қысқарды, ал бөлшек портфель 86,3%-ға (4 трлн теңгеден 7,5 трлн теңгеге дейін) өсті. 2021 жылы корпоративтік портфель өсуге қайта оралып, 7,8 трлн теңгеге (+9,3%) жетті. Ағымдағы, өте қиын жылда өсу үрдісі осындай қарқынмен жалғасуда: 1 мамырдағы жағдай бойынша заңды тұлғалардың несиелер бойынша берешегінің қалдығы 8 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл +3,3 пайыз. Бір жағынан, цифрлық технологиялар мен скорингтік шешімдер тұтынушылық несиелерді беру үдерісін түбегейлі жеңілдетті, ал үй шаруашылықтарының қарыздық жүктемесінің төмендігін ескере отырып, бұл құралдарды қолданбау мүмкін емес еді. Әйтпесе банк бәсекелестікте қайтымсыз ұтылатын еді. Сонымен қатар сегмент мемлекеттік бағдарламалармен қамтамасыз етілген ипотека есебінен өсті. Қазіргі тренд экономикалық жағдайды тұрақтандыру факторына басымдық береді. Осыған дейін Ұлттық банктің мөлшерлемесі бір күйіп, бір жанды. Бұл несие нарығының құбылмалығына, қысқаруына әкелді. Кейіннен Орталық банк негізгі мөлшерлемені төмендете бастады, бұл тұтынушыларды тарифтер одан әрі төмендейді деген үмітпен несие алуды кейінге қалдыруға мәжбүр етті.
Ал сарапшылар болса, корпоративтік несиелеуде тоқырау жоқ екенін айтады. Кейінгі бес жылда заңды тұлғаларға берілген несиелердің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 11 пайызға жетті. Бір қызығы, 2017-2021 жылдар аралығында құрылыс және сауда салаларына несие беру орта есеппен сәйкесінше 7 және 9 пайызға, өнеркәсіпке 10 пайызға, ауыл шаруашылығына 6 пайызға өсіпті.
«Экономиканың өсуі оның қазіргі мүмкіндіктеріне сәйкес болуы керек. Несие өсімі экономикалық өсімнен айтарлықтай асып кеткенде, тәуекелдер туындайды. Сонымен қатар несиелендіру келешегі зор саланың өсуін қадағалап, тәуекел деңгейін ескеруі керек, өйткені банктер бизнес пен несиені қайтару болашағына азды-көпті сенімді болуы керек», деп түсіндіреді сарапшы А.Бейсембаев.
Қазақстандағы несиелердің ішкі жалпы өнімге қатынасы шамамен 25%-ды құрайды. Бұл – әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Қазақстан – нақты секторды несиелендіру деңгейі бойынша әлемнің 160 елі арасында 130-орында. Посткеңестік елдер арасында бұл көрсеткіш тек Тәжікстан, Украина және Молдовада төмен. Салыстыру үшін әлемдік орташа көрсеткіш – 58 пайыз. Сарапшылар мұның бірнеше себебіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады.
«Елдегі іскерлік ахуалдың өзгеруі банктердің несиелік портфельдерінде тікелей көрініс табуда. Егер 2012 жылы несие портфелінің 70%-ын заңды тұлғаларға берілген несиелер құраса, қазір олардың үлесі 37%-ға дейін азайды. Несие портфелінің қысқаруына тағы да банк секторын сауықтыру бойынша ауқымды бағдарлама әсер етті, 2016-2017 жылдары негізінен заңды тұлғалардың үмітсіз несиелері есептен шығарылды. Одан кейін ел несиелеу талаптарын қатайтты, банктер несиені бөлуде сақтық танытты. Бір жағынан, банктер несие беруде шектелген, екінші жағынан, жақсы кепілдік бере алатын және жақсы қаржылық есептілік көрсете алатын нақты клиенттер де айтарлықтай аз. Ақырында, бөлшек несиелендіру нарығының өсуі аясында кооперативтік сектордың үлесі төмендеді. Заңды тұлғаларға берілген несиелер кейінгі 10 жылда 7-8 трлн теңге (қазіргі уақытта 8,3 трлн теңге) деңгейінде болды», деп атап өтті қаржыгер.
Заңды тұлғалар несие алуды жалғастыруда, бірақ олардың несиелері қысқарды, олар негізінен айналым қаражатын жабу үшін немесе сауда үшін алынады. Банк секторының назары бөлшек несиелеуге ауысты. Кейінгі 10 жылда нарықтың бұл секторы 5 есе өсіп, 35%-ға жетті. Осылайша, бөлшек несиелендіру банк жүйесінің дамуының қозғаушы күшіне айналды.
«Jusan Analytics» компаниясының басқарушы директоры Әнуар Қуандықовтың айтуынша, банк активтерінің жоғары шоғырлануы бәсекенің төмендеуіне және нарықтың монополиялануына әкеледі. Ал соңғысының тиімділігі төмендейді.
Сонымен қатар сарапшылар 130 елдегі 3 ірі банктің активтерінің шоғырлануын салыстырып, шоғырлану мен бәсекелестіктің тікелей байланысын байқамады. Көптеген елде шоғырлану Қазақстандағыдай 60-70% деңгейінде болды.
«Бұл жағдай бәсекелестік негізінен ірі ойыншылар арасында орын алатынын, ал кішілері іс жүзінде тауашалық банктерге айналуы керек екенін көрсетуі мүмкін. Бір жағынан, бұл эволюциялық тұрғыдан дұрыс болып көрінуі мүмкін, бірақ екінші жағынан, ол үлкен тәуекелдерді жасырады. Өйткені белгілі бір тауашалардағы дағдарыс орын алса, бұл бүкіл банк секторына әсер етуі мүмкін», деді Ә.Қуандықов.
Қысқасы, Мемлекет басшысы бұл жолы да банк секторына назар аударып, «Банктер саған айтамын, Үкімет сен тыңда» дегенді аңғартты. Ендігі әрекеттің нәтижесі ҰБ мен Үкіметтің қабылдаған шешімдеріне байланысты.