Бір айта кетерлігі, фестивальден түскен қаражат қайырымдылық іс-шараларына жұмсалады. Нақтылап айтсақ, демеушілер мен қатысушылар тарапынан бөлінген қаржы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының есепшотына аударылды. Аталған орталық сол қаражатқа қажетті құрал-жабыдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алады. Фестивальдің басты демеушісі – «Нұрбанк» екенін де айта кеткен абзал. Басты мақсат – саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың басын біріктіріп, игі іс-шараларды жүзеге асыру. Бұл жерде жақсы би де болды, тамаша әндер де шырқалды және желаяқтар жарыс жолына шықты.
– Барлық демеушілерге мың алғыс. Әсіресе ақпараттық қолдау көрсеткен әріптестерімізге шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл – спорт пен музыкаға, қайырымдылық пен жанашырлыққа жаны жақын, үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүретін жандардың мерекесі. Одан біз барынша ләззат алуға тиіспіз. Және де солай болды деп те ойлаймын. «Charity Music Run» фестивалінің тұсауы 2018 жылы кесілген еді. Сол кезден бері фестиваль көпшіліктің көңілінен шыққан дәстүрлі шараға айналды. Биыл біз түскен қаржының барлығын онкологиялық ауруға ұшыраған балалардың игілігіне жұмсаймыз, – деді жобаның жетекшісі әрі басты ұйымдастырушысы, «Нұрбанктің» акционері Эльдар Сәрсенов.
Биыл «Charity Music Run» фестиваліне «Нұрбанктен» бөлек, «Гелиос», «Kusto Group», «Логиком», «Vita Bottlers Қазақстан», «Француз үйі», «Caspian Food», «Ақсай», «G&G», «Додо Пицца» компаниялары, «Азия парк», «Меломан», «Молл Апорт» сауда орталықтары, «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісі және тағы басқа ұйымдар барынша қолдау көрсетті.
Фестивальге қатысушылардың бірі 69 жастағы Тілеужан Қанапиянов: «10 шақырымдық қашықтықты еш қиналмай-ақ 50 минутта жүгіріп өттім. Шыны керек, бұл жарыста бас жүлдені олжалауды немесе жеке рекордымды бұзуды көздеген жоқпын. Бұл ретте бір ғана мақсатым болды. Ол – іс-шараға қатысу арқылы сүйікті ісімнен ләззат алып, жастармен дидарласу. Ол ойым ойдағыдай жүзеге асты. Сол үшін де ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Өзім жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Түрлі қашықтыққа жүгіруді серік еткелі 50 жылдан асты. Сол аралықта 500-дей медаль мен 50 төсбелгі иелендім. Кезінде Мәскеу Олимпиадасының куәсі болдым. Шет мемлекеттерде өткен дүбірлі додаларда 14 рет өнер көрсеттім. Жасырақ кезімде супермарафонға қатысып, Алматыдан Түркістанға дейін 28 күн бойы жүгіргенмін. Қазір 42 шақырымдық марафонға дайындалып жатырмын», деді.
Алматы